ТҰРАҚТЫ ДАМУ ҮРДІСІНДЕГІ ШАҺАР

Кеше Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қатысуымен Атырау қаласы әкімінің «Атырау  қаласының  2015 жылғы әлеуметтiк- экономикалық дамуы қорытындылары және 2016 жылға арналған  міндеттері туралы» жылдық есебіне арналған жиналыс болды.

Жиналыста  баяндама  жасаған  қала  әкімі  Нұрлыбек ОЖАЕВ  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қа­­­зақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерге, жасалған істерге тоқталды.

Өткен жылы қаланың барлық меншік түріндегі кәсiпорындардың күшімен 168,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Елбасы белгiлеген басымдылықтардың тiзiмінде бiрiншi тұрған мiндет – инновациялық жобаларды дамытуда да тындырылған істер аз емес. Қала әкімінің есепті баяндамасында  өндірістік кәсіпорындар мен мекеме-ұйымдардың тынысы, шағын және орта кәсіпкерлікті өрістету жайы, әлеуметтік мәселелердегі оң өзгерістер, алда атқарылатын шаруалар жан-жақты көрініс тапты.

– «Үдемелі индустриялдық инновациялық даму» бағдарламасы шеңберіндегі жаңа жобалардың   іске асырылуы,  шағын және орта бизнестің дамуы өткен жылы 9233 жаңа жұмыс орнының  ашылуына ықпал етті.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған биылғы жылы өткізілетін қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, әдеби-танымдық  іс-шараларды «Бабадан қалған аманат» атты қала көркемөнерпаздарының есеп беру концертімен және өнер иелерінің үлкен көрмесімен аштық.

Аталарымыз «Тiрлiгi жарасқан жұрттың түтiнi түзу, бiрлiгi жарасқан жұрттың туы түзу»  деген. Қаланың бүгiнi де, болашағы да өз қолымызда. Мiндет те, мүдде де баршамызға ортақ. Ол – қаламыздың  қазiргi және келешек игiлiгi, – деп түйіндеді шаһар басшысы өзінің есебін.

Бұдан соң  баяндаманы талқылауға қатысқандар жеке мүддеден гөрі жалпыға ортақ, шешімін күткен мәселелерді жария етіп, орынды сауалдары мен құнды пікірлерін білдірді.

Есеп беру жиынына қатысқан облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ Атырау қаласы әкімінің жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға беріп, бірқатар мәселеге назар аударды.

– Қалада тоғыз мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Қазіргі дағдарысқа байланысты мемлекеттік нысандар салуға биыл шектеу қойылғаны белгілі. Сондықтан, мәселені жекеменшік балабақшаларды салу арқылы шешу керек. Бұл жұмысты ұйымдастыруды шаһар басшысына тапсырамын.

Денсаулық сақтау саласында салынып жатқан инфекциялық аурухана мердігерлердің салғырттығынан жұмысы созылып кетті. Құрылысы биыл сәуір айында аяқталуы керек. Бұл нысан Атырау қалалық ауруханасы болғалы тұр. Геологтағы емхана ағымдағы айда тапсырылады. Осы екі нысан қалалық медицина саласын едәуір жақсартады деп ойлаймын, –  деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімінің сөзінен мәдениет саласында да бірқатар мәселе оңды шешімін табатыны белгілі болды.

– Атырау қаласы жылдан-жылға өсіп келеді. Қаланың тоғыз ауылдық округінде 90 мыңға жуық халық тұрады. Демек, халықтың мәдениетін арттырып, сол өңірге жағдай туғызу аса маңызды. Бұл ретте биыл бес ауылға мәдениет үйін сала бастаймыз. Ақсай, Жұмыскер, Жаңаталап, Еркінқаладағы 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады. Томарлыға 400 орындық мәдени ошақтың жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда. Тамызда құрылысы басталады, –  деген Бақтықожа Салахатдинұлы облыс орталығындағы ең үлкен мәселе – жол жағдайына айрықша тоқталды.

– Соңғы үш жыл ішінде аймақтың жол құрылысында жасалған жұмыстар аз емес. Былтыр 139 шақырым жол жөнделсе, оның 24 шақырымы Атырау қаласының үлесінде. Яғни, өткен жылы шалғайдағы ауылдарға тасжол төсеу жұмыстарына ерекше ден қойылды. Жуырда Қайыршақты, Еркінқала, Геолог, Жұмыскер елді мекендері әкімдерінің есеп беру жиындарына қатыстым. Мұнда қала маңындағы ауыл көшелері асфальттау жұмыстарын қажет ететіні белгілі болды. Бұл бағытта тұрғындар тарапынан сұрақтар көбірек түсті. Мұны ескеріп, биыл бұл жұмысқа жергілікті бюджеттен 4 млрд. теңге, Қашаған жобасы мен «ТШО» ЖШС арқылы 10 млрд. теңге бөліп, Атырауда бұрын-соңды болмаған 160 көшеге тасжол төсеуді қолға алып отырмыз. Мұндай шаруа осы қарқынмен жалғасса, алдағы екі жылда Атырау қаласының көшелері толық асфальтталып, тұрғындардың жол жөніндегі сұрақтары түбегейлі шешімін табады. Ал, бұған дейін шешілмей келе жатқан көшелерді жарықтандыру жұмыстары тасжолдар төселгеннен соң жүргізіледі, – деді облыс әкімі. 

Бұдан басқа аймақ басшысы көпшілік тарапынан берілген жазбаша сұрақтарға да нақты жауап берді.

Жиын барысында көпшілікке қала туралы бейнекөрсетілім ұсынылып, LED экраны арқылы өткен жылдың жетістіктері де ұтымды пайдаланылды.

Облыс әкімі мәдениет сарайының фойесінде қолөнер және қылқалам шеберлерінің туындылары қойылған көрмеге тәнті болды.

Бақытжан  ЖҰМАТ,  Алтыншаш  ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді  түсірген:  Ерлан  АЛТЫБАЕВ.

 

Атырау қаласы Әлемнің энергетикалық қалалар қауымдастығының (WECP) мүшесі ретінде «Америка Құрама Штатының мұнайлы астанасы» саналатын Хьюстон қаласында өткен халықаралық конференцияға жұмысшы делегация қатысып, қала басшылығымен энергетика, технология, білім, әлеуметтік сала бойынша ынтымақтастық Меморандумына қол қойды. 

Есепті кезеңде экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес секторды дамыту бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесiнде облыстың бас шаһары әлеуметтiк-экономикалық дамудың барлық индикаторлары  бойынша тұрақты даму фазасында.  

 

Пікірлер.  Ойлар.  Ұсыныстар.

 

Нұрлан  АЗАМАТОВ, «Жас  Отан» Жастар қанаты Атырау қалалық  филиалының  жетекшісі:

– Атырау өңірі жастарды тұрғын үймен қамту бойынша республика көлемінде алдыңғы орында келеді. Мен өткен жылы жеке баспаналы болып, отбасыммен қуанышқа кенелген жастың бірімін. Өзім сияқты басқа да замандастарымның , жас отбасылардың тілегі – мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын тұрғын үйлер көптеп бой көтеріп, жеке пәтер кілтін алушы жастар қатары жылма-жыл өсе түссе екен. 

Айгүл  МАЙДЫРОВА, Атырау  мұнай  және  газ институтының  проректоры:

– Қала әкімдігі жастарды, әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған студенттерді қолдауға көңіл бөліп отырады. Дегенмен, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы оқу ақысы төленетін студенттер саны жыл сайын төмендеп барады. Қалалық әкімдік материалдық жағдайы төмен 64 баланы НКОК және «Ембімұнайгаз» АҚ арқылы оқыту жөнінде Меморандум жасасқанымен, қолдау күтуші студенттер қатары әлдеқайда көп.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша студенттерді жұмысқа орналастыру жөніндегі өндірістік кәсіпорындар басшыларымен қол қойылған үшжақты келісім талаптары орындалмай келеді. Болашақта осы жағы тиісті құзырлы органдардың назарында болғаны жөн деп ойлаймын. 

Малдыбай  НЫҒМЕТОВ, Құрсай  ауылының  тұрғыны:

– Бұл жиынға барша ауылдастарымның аманатын арқалап келіп тұрмын. Біз әлемдегі қазіргі ахуалды, дағдарысты жақсы түсінеміз. Дегенмен, мүмкіндігінше Құрсай ауылына да өзге ауылдар сияқты тасжол төсеуге көмектессеңіздер деген бір ғана тілегім бар. 

Өтеміс  ЖҰМАҒАЛИЕВ, «Жұмағалиев»  шаруа  қожалығының  жетекшісі:

-Есепті баяндамадан аңғарғанымдай, қаламызда жылыжайлар саны артып келеді. Осыған орай тауар өндірушілер тұрғындарға жылдың төрт мезгілінде де сапалы өнімдерін ұсынып отыр.

 Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жылына екі рет субсидия беріліп келген. Менің естуімше, биылдан бастап бұл жеңілдік алынып тасталыпты. Еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда, біздің облыстың климаттық жағдайын ескеріп, әсіресе жылыжай өнімдерін өсірушілерге осы субсидиялар беру тоқтатылмаса екен деген ұсынысым бар. 

Мейрам  ТӨЛЕШЕВ, дәрігер,  еңбек  ардагері:

– «Самал-1» ықшамауданы тұрғындарының көпшілігі өз қаражатына газ, су құбырларын тартып алып, электр қуатының трансформаторын да қосып алғанбыз. Енді жергілікті биліктің ықпалымен көшемізге асфальт төселсе жақсы болар еді.

Бұлардан басқа Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінің 4 курс студенті, «2050 жалпы ұлттық қозғалысының» Атырау облысындағы үйлестірушісі Фархат Тілеков  Нұрсая  ықшамауданындағы құрылысы басталған жастар сарайы қашан аяқталатындығын, қала тұрғыны Гүлмира Нысанова апатты жатақханаларды құлату жұмыстарының қашан жүргізілетіндігін сұрады. Ал, еңбек ардагері Любовь Монастырская соғыс және еңбек ардагерлерімен тәрбиелік мәні бар шаралардың тұрақты ұйымдастырылып тұрғанын қаласа, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының проректоры Киікбай Жаулин қала әкімінің жылдық есебін «қанағаттанарлық» деп бағалайтындығын білдірді.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз