Жарнама
Саясат

ТҰРҒЫН ҮЙ – ТОЛҒАҚТЫ МӘСЕЛЕ

Ақсақалдың айтқандарына құлақ асып, сауалының жауапсыз қалмайтындығына, көп кешікпей шешімін табатындығына сендірген Бақтықожа Салахатдинұлы негізінен ардагерлер мен мүгедектерге, соның ішінде тұрғын үйге қатысты мәселелердің мүмкіндігінше кедергісіз шешілуге тиісті екендігін қала әкімі Серік Айдарбековтің қаперіне берді.
Қабылдауға жазылғандардың ішінен бір өзінің ғана емес, бір топ тұрғынның өтініш-тілегін жеткізе келген Дружба көшесі, 1-үйдің (бұрынғы темір жол бөлімшесіне қарасты төрт қабатты жатақхана) 19-пәтердің иесі Гүлнәр Құлниязова жағдайын баяндады.
Осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын салынған бұл нысан тоқсаныншы жылдардың басында жекешеленіп кеткенін, 2008 жылға дейін қаладағы ПИК-тердің бірінің құрамында болғанын айтты. Содан кейінгі мезгілде ешқандай құрылымға енбей, қараусыз қалған. Қысы-жазы суы мен жылуының ара-тұра үзіліске ұшырайтыны өз алдына, кәріз жүйесі тозып, істен шыққандықтан үйдің жертөлесі үнемі исі сасыған суға толып тұрады. Жалпыүйлік желдеткіш жүйесі жұмыс істемейді, табиғи газ құбыры тартылмаған, әлі күнге ас әзірлейтін бөлме де ортақ. Қала әкімшілігі мен коммуналдық мекемелер мұндағылардың мұқтаждықтықтарына қарасып, ретіне қарай көмек-қолдауын көрсеткенімен, қордаланған проблема түпкілікті шешімін таппаған.
«Тұрғындардың жеке иелігіндегі тұрғынжайға бюджеттен қаражат бөліп, жағдайды дұрыстауға болады дейтін заң жоқ. Сондықтан, әуелі өздеріңіз бас біріктіріп, кооператив құрып, мәселені шешудің жолдарын (терможаңғырту бағдарламасы арқылы ма, әлде басқаша ма) ойластыруларыңыз керек деп есептеймін». Облыс әкімінің қысқа қайырған жауабы осылайша түйінделді.
Және бір қиын жағдай Ж.Молдағалиев көшесі, 33 «а» үйде де (бұл да соңынан жекешеленіп кеткен бұрынғы жатақхана) орын алған болып шықты. Осыған орай тұрғындар атынан арыздана келген Нұржамал Шұңғұлова мен Мейрамгүл Қосыбаева біраз жылдан бері өздері тұратын үйдің апатты жағдайда екенін, әйтсе де қолдарында оны растайтын құжаттың жоқтығын айтады. Сол себепті сарапшы мамандарды шақыртып, 154 отбасы мекендейтін баспананың адамдар тұруға жарамсыздығын айғақтауға қыруар ақша қажет, тұрғындарды қинайтыны да сол. Оның үстіне пәтер иелерінің бәрінің бірдей мұнда тұрақты тұрмайтындығы, өзгелерге жалға беріліп қойылғандығы да осындай ортақ мәселенің оңды шешімін табуына кері әсерін тигізетінін де қабылдауға келген қос азаматша жасырмады.
Ал, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласының тұрғыны Берік Тілегеновтің әңгімесінен екі бірдей бүйрегінің аурулығына байланысты қиындық көріп жүргендігін, емделу үшін Атырауға қатынап, келіп-кетудің оңай еместігін естідік. Осындай жағдайын айтып, облыс орталығынан кезексіз үй берілуін сұраған азаматтың өтінішін жылдың аяғына дейін қанағаттандыруға аймақ басшысы уәде етіп, мәселені жеделдетіп шешуді тиісті лауазым иелеріне тапсырды.
Тұтастай алғанда, облыс әкімінің қабылдауына тіркелген тоғыз арыз иесінің сегізі Бақтықожа Салахатдинұлымен жүздесіп, өтініш-тілектерімен бөлісті. Олардың ішінде тек қана тұрғын үй емес, адамдардың денсаулық жағдайының ауырлығы мен жеңілдікпен емделуіне, мүгедектігі себепті баспанамен қамтудың мүмкіндіктерін қарастыруға, т.б. байланысты сауалдардың барын да аңғардық. Бұның бәрін мұқият тыңдап, назарға алған аймақ басшысы қойылған сауалдардың бірде-бірінің де жауапсыз қалмайтындығын мәлімдеді.

Дәулетқали АРУЕВ,
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button