
Стратегиялық салаларға жаңа серпін
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында еліміздің стратегиялық салаларына ерекше мән берілгені қуантады. Әсіресе, жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту, логистика мен тасымалдау жүйесін жетілдіру, су ресурстарын тиімді басқару және цифрландыру үдерісін ілгерілету мәселелері – уақыт талабы мен халық үмітін дөп басқан бастамалар.
Жол-көлік және логистика саласы – экономиканың күретамыры. Президент бұл бағытта тиімді жобаларды жүзеге асыру, өңіраралық қатынасты күшейту, халықаралық дәліздерге жол ашу керектігін атап өтті. Бұл – еліміздің транзиттік әлеуетін арттырумен қатар, шалғайдағы ауылдардың да тіршілігін жақсартуға үлкен қадам болмақ.
Су саясатын дамыту – тек ауыл шаруашылығы үшін емес, жалпы ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды. Су тапшылығы бүгінде жаһандық мәселеге айналды. Осыған орай Президенттің су ресурстарын үнемді пайдалану, су қоймаларын жаңғырту мен цифрлы бақылау жүйесін енгізу туралы тапсырмалары – келешекке жасалған кемелді қадам.
Цифрландыруды дамыту – заманауи Қазақстанның басты басымдығы. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, деректермен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру – тек үкімет үшін емес, әрбір азамат үшін маңызды. Президент бұл бағытта нақты жобалар мен мақсаттарды айқындап берді.
Жалпы, жолдаудағы бастамалар – қоғамның әр саласын қамтыған, нақты шешімдерге бағытталған маңызды құжат. Ендігі міндет – осы айтылғандарды тиімді әрі сапалы жүзеге асыру. Ел болашағы үшін жауапты кезеңде әр азаматтың белсенділігі мен ынтымағы қажет.
Темірлан БЕРТIЛЕУОВ,
Махамбет ауылдық округі әкімінің орынбасары