СӨЗ БЕН ІСТІҢ БІРЛІГІ ҚЫМБАТ

немесе Елбасы тұсауын кескен кәсіпорындарда

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында кезінде қолға алынып, бүгінгі күні қызметтерін тоқтатқан жобалар мен бұл бағыттағы атқарылмай жатқан жұмыстарды сын тезіне алды. Бұл – Президенттің жіті бақылауды талап етіп отырған мәселелерінің бірі. Елбасының тапсырмасымен облысымыздағы тұсауы кесіліп, алғашқы қадамы жасалған, Президенттің өзі барып іс барысымен жіті таныс болған мекемелер, кәсіпорындардың қазіргі аяқ алыстары қандай дәрежеде? Сенім үдесінен шыға алды ма? Әңгіме арқауы осы жөнінде болмақ.

alogo12233333342011 жылы Елбасының тікелей эфирден телекөпір арқылы тетігін басып, іске қосқан кәсіпорындардың бірі – қуаты 20 мың тонна болатын «РауанНалко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазақстанда алғаш рет ашылған бұл зауыттың негізгі қызметі – өндіріс орындарына арналған химиялық реагенттерді өндіру. Мұнай өндірісі үшін аса қажетті бұл химиялық заттар бұған дейін алыс-жақын шетелдерден алынатын. Бүгінгі күні аталған зауыт ТШО, «Қарашығанақ петролеум», «Маңғыстаумұнайгаз», «Ақтөбемұнайгаз», «АМӨЗ», «Торғай петролеум», «Өзенмұнайгаз», «Петро Қазақстан» сияқты басқа да ірі кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс жасап, отандық өнімнің сапа жағынан қандай бәсекелестікке болса да сай екендігін дәлелдеп отыр.
Бұл жерде жұмыс жасайтын 150-ден астам адамның 95 пайызын жергілікті мамандар құрайды. Іс тетігінің білікті мамандардың қолында екенін жақсы білетін зауыт басшылығы Қазақ-британ университеті және Қазақ мемлекеттік университетімен меморандумға қол қойып, жыл сайын тиісті мамандық иелерін таңдап алуға қол жеткізіп отыр. Президент тапсырмасын орындау бағытындағы орын алып отырған кемшіліктер мен өзекті проблемалар төңірегіндегі сауалымызды аталған зауыттың бас директоры Бауыржан Әжіғалиевтың алдына көлденең тарттық.
«Басты мақсатымыз – өнім сапасын арттыра отырып, техникалық қауіпсіздікті сақтау арқылы отандық тауар өндірісін дамыту. Елбасының бізге берген тапсырмасы да осы болатын. Қазіргі аяқ алысымыз жаман емес. Зауыттың барлық мүмкіндігі іске қосылған. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Мысалы, шикізат өнімдерін әлі күнге дейін алыс, жақын шетелдерден алып отырмыз. Кейбір кәсіпорындар өз жерімізде осындай зауыт бола тұра, өнімдерді әлі күнге басқа жақтан алуға әуес. Қолда бардың қадірін білген дұрыс қой. Өзіміздің отандық өнімдердің басқа елдерде шығатын өнімдерден еш кемдігі жоқ. Сондықтан, алыстан арбалағанша, жақындағыны ұқсатқан дұрыс деп есептеймін. Елбасының сенімін ақтау – азаматтығымызға сын. Сол себепті жұмыс ырғағын одан әрі жақсартуды басты міндет санаймыз», – деді зауыттың бас директоры.
Елбасы тапсырмасымен ашылған әлеуметтік маңызы бар объектілердің бірі – «Брандо» зауыты.
Ал, 700 млн. теңге көлеміндегі қаржыға салынған инфузиялық ерітінділерді құюға арналған жүйе зауыты бүгінгі күні жұмыс жасамай тұр. Қондырғылармен толық қамтылып, жұмыс бастауға дайын тұрған зауыттың іске қосыла алмауының себебі не?
Бұл сауалымызға «Брандо» ЖШС-нің атқарушы директоры Аслан Кабдуллин жауап берді: «Иә, аталған зауытты іске қоса алмай тұрмыз. Оның себебі – сұраныстың жоқтығынан. Осы жерде «неге сұраныс жоқ?» деген де сұрақ туындауы мүмкін. Өйткені, қазір медициналық мекемелердің барлығы Қытайдан шыққан арзан, сапасыз жабдықтарды (системаларды) алуда. Біздің отандық өніміміз Қытайдың тауарына қарағанда 20-30 пайызға қымбаттау, өйткені, оның сапасы жақсы. Қымбат болатыны, біз қажетті шикізатты Корея, Ресей, Финляндия, Румыния сияқты шет мемлекеттерден аламыз. Төленетін мемлекеттік баж салығы да қымбат. Бұған қоса коммуналдық қызмет түрлері бағасының жоғарылығы тағы бар», – деді зауыттың атқарушы директоры.
Басшы тығырықтан жол таппай отырғандығын жасырмады. Қыруар қаржы салынып, қондырғылармен жасақталып, сақадай сай тұрған зауыт жұмысының іске қосылмай тұрғандығы өкінішті-ақ. Әйтсе де бұлайша қарап отыруға болмайды, оның тиімді жолын іздеу керек емес пе?!
Мемлекет басшысының айрықша назар аударып отырған стратегиялық саласының бірі – аграрлық сектор. Елбасы Атырау облысына келген бір сапарында ашқан объектілердің бірі «Атырауагросервис» ЖШС-іне қарасты агрокешеннің 5 200 тонналық көкөніс қоймасы мен 0,5 га жылыжайы болатын. Республика көлемінде алғашқылардың бірі болып ашылған бұл нысан бүгінгі күні 5 200 тонналық тағы бір қоймамен және 0,5 га жылыжаймен толыққан. Аталған серіктестік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының еншілес мекемесі ретінде аймақта азық-түліктің мол қорын қалыптастыру, осы салада бағаны тұрақтандыру мәселелерімен айналысып келеді. Мұнда сақталған көкөністер халыққа нарық бағасынан 10-15 пайызға арзан бағамен сатылуда. Барлық аудандарға қарасты елді мекендерде оның жұмысы жолға қойылған. Жылыжайларға қияр егілген. Алынған қияр тұтынушыларға нарықтағы бағадан әжептәуір төмен ұсыныла бастапты.
Облыс бойынша өңірлік индустрияландыру картасына енген 32 жоба және республикалық индустрияландыру картасына кірген 2 жоба бар. Соның жетеуі биылғы жылға жоспарланған. Натрий гипохлоридін өндіру зауыты, өндірісті жаңғырту жобасы, сүт және сүт өнімдерін шығаратын тауарлы сүт фермасы, газды бетон блоктары өндірісі сияқты аса сұранысқа ие алты жоба жыл аяғына дейін іске қосылып, халыққа қызмет етеді деп көзделсе, «ШевронМұнайГаз. Инк» корпорациясының құбыр арматурасы зауыты іске қосылды. Жобалық құны 40 млн. АҚШ долларын құрайтын бұл зауытта ауыз су, табиғи газ тасымалдау және кәріз жүйелеріне пайдаланылатын қажетті құралдар дайындалады. Мұндай өнім шығаратын зауыт бұрын Қазақстанда ғана емес, ТМД аумағында да болмапты.
Мемлекет басшысының сарабдал саясатының негізінде жүзеге асып отырған маңыздылығы үлкен бұл зауыттың болашағы зор екендігі бүгінгі күнгі аяқ алысынан-ақ көрініп тұр. Орта Азиямен қоса алыс шетел нарығынан өзіндік орнын сайлап, ел экономикасының ертеңгі жетістігіне, аймақтағы машина құрылысы индустриясының дамуына өз үлестерін қосуды зауыттықтар басты мақсат етіп қойып отыр.
Президент ат басын бұрған тағы бір нысан – «Флоусерв Казахстан» ЖШС. Мұнай-газ саласында бұрғылау, мұнай-газ кәсіпшілігі, геологиялық барлау жабдықтарын дайындау, монтаждау, жөндеу қызметтерімен айналысатын бұл сервис орталығы Аджип ҚКО, АМӨЗ, «Қарашығанақ петролеум», КТК, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» сияқты ірі кәсіпорындарға қызмет көрсетіп келеді. Жылына бұл жерде 30-40 насостық қондырғыны жөндеу көзделген болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 5-6-дан аса алмай отыр. Оның себебін цех бастығы Ербол Ибраев жұмыс көлемінің аздығынан деп түсіндірді.
«Ашылғалы бері 30 насос жөнделді. Орталықтың жұмыс сапасының жоғарылығына ешкімнің де таласы жоқ. Еуропалық стандартқа сай салынған орталық мамандары Германия, Голландия, Австрия мемлекеттерінде болып, тәжірибе жинақтады. Әрине, жұмысымызда олқылықтар да, шешімін күткен мәселелер де бар. Оны шешу жолдарын үзіліссіз қарастырудамыз. Басты үмітіміз – Қарабатандағы зауыттың іске қосылуы мен Қашаған кен орнында» дейді цех бастығы.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру жолында қолға алынған міндеттер біздің облысымызда осылайша өріс алуда. Сенім үдесінен шығуды ғана көздеген еңбек ұжымдары күш-жігерлерін өндіріс мүддесіне арнаған. Демек, Елбасы тапсырмалары аясындағы жұмыстар өңірдің өрісін одан әрі кеңейте түсері сөзсіз.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз