СОТ ШЕШІМІ
— Тарих қойнауына үңілсек, жеке сот орындаушылар институты ең алғаш рет Францияда енгізілген екен. Балтық елдерінде бұл жүйе өте жақсы жолға қойылған. Осы орайда, біздің елдегі ахуалға тоқталсаңыз? Қай елдің тәжірибесіне сүйеніп отырмыз?
— Иә, дұрыс айтасыз. Біздің мемлекетімізде де Франция сияқты ірі еуропалық елдердің атқарушылық жүйесінің тәжірибесі енгізілді. Негізінен, Франция елінің моделіне сүйенген жеке сот орындаушылар институтын құру туралы мәселе 2005-2010 жылдар аралығында кең көлемде қоғамдық талқыға салынды. Соның нәтижесінде 2010 жылы ҚР-ның «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мемлекетімізде жеке сот орындаушылар институты пайда болды.
Қазір жеке сот орындаушылар институты тәжірибеге енгізілген елдердің барлығының да оның тиімділігіне әлдеқашан көздері жеткен.
— Жеке сот орындаушылар институты 2010 жылдан бері, яғни мемлекеттік сот орындаушылармен қатар жұмыс істеп келеді деп отырсыз. Осы аралықта аталмыш институт нендей істер тындырды?
— Жеке сот орындаушылар институтының заңдық негізі 2010 жылы қаланған болатын.
Сол жылдан бастап барлық облыстардағы өңірлік алқаларды біріктірген Республикалық алқа 2015 жылдың ақпан айынан бастап республика бойынша жеке сот орындаушыларының кезектен тыс съезінде тарап, орнына республикалық палата құрылды. Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы облыстардағы филиалдары болып саналатын өңірлік палаталарды біріктіреді.
Бүгінгі күні Атырау облысы бойынша жеке сот орындаушылық қызметке мемлекеттік лицензия алған адамдар саны 50-ден асса, жеке сот орындаушылық қызметке тағайындалып жұмыс істеуге кіріскендерінің саны 30-ға толды. Жылдың аяғына дейін оны 50-ге жеткізу жоспарлануда.
Еліміздегі мемлекеттік жүйеде қалыптасып қалған атқарушылық қызмет саласына жеке сот орындаушылар институтының құрылуы үлкен оң өзгеріс, жақсы жаңалық әкелді десем артық айтпаспын.
Мемлекеттік сот орындаушыларын атқару құжатының орындалуына жеке өзі материалдық тұрғыда мүдделі болып табылатын жеке сот орындаушыларымен салыстыруға келмейді. Жеке сот орындаушылар институты құрылғалы ұзақ жылдардан бері қозғалыссыз жатқан атқару құжаттары орындалды, мерзімдері де қысқарып, орындау сапасы да жақсарды.
Мемлекеттік сот орындаушыларының жүктемесі де сөзсіз азайып келеді. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында тек Атырау облысының жеке сот орындаушыларының өндірісінде 12 746 атқару құжаты болған, өткен жылы осы кезеңде 5 454, сондай-ақ, 823 млн. теңгеге 866 атқару құжаты нақты қаралса, ағымдағы жылы 1 миллиард теңгеге 2095 атқару құжаты нақты орындалған.
Үстіміздегі жылы облыс бойынша айыппұл өндіру туралы 5000 атқару құжаты мемлекеттік сот орындаушыларынан алынып, жеке сот орындаушыларына берілді.
— Жалпы, жекеменшік сот орындаушылардың қоғамдағы рөлі қандай? Халық сіздердің қызметтеріңізге қаншалықты жүгінеді?
— Жеке сот орындаушылары институты өзін-өзі дәлелдеді. Жеке адамдар мен заңды тұлғалар өз пайдасына шығарылған атқару құжаттарын мемлекеттік сот орындаушысынан гөрі жеке сот орындаушыларына ұсынудың артықшылығын түсініп келеді.
Қазір халықтың құқықтық сауаттылығы артып, жеке сот орындаушыларының қызметіне көптеп жүгінуде.
— Мемлекет басшысы «нақты 100 қадамда» жеке сот орындаушылар қызметін дамытуға үлкен міндет жүктеді. Яғни, жекеменшік сот орындаушылар институтын жаңа реформалар күтіп тұр. Бұл өзгерістер жеке сот орындаушылар институтын дамытуда қаншалықты маңызды?
— Ұлт жоспарының «нақты 100 қадамы» қоғамымыздың алға басар әрбір қадамын заман талабына сай айқындап беріп отыр.
Осы ұлт жоспарының екінші институционалдық бағыты – заңның үстемдігін қамтамасыз ету заңгерлер қауымымен қызу қарсы алынып, талқылануда.
Соның ішінде алғашқы отыз қадамның ішінен 27-ші болып орын тепкен — жеке сот орындаушылар институтын одан әрі дамыта отырып, мемлекеттік сот орындаушыларының қызметін біртіндеп қысқарту қадамы болды.
2010 жылы құқықтық іргетасы қаланып, 2011 жылдан бастап құрылған жеке сот орындаушылары институтының іс жүзінде өзінің өміршеңдігін дәлелдегені болар – Елбасы бұдан әрі қарай мемлекеттік сот орындаушыларының қызметін қысқартып, сот актілері мен атқару құжаттарын орындауды біртіндеп, жеке орындаушылық тәртіппен жүзеге асыруды ұсынып отыр.
Атырау облысының жеке сот орындаушылары Ұлт жоспарынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруда. Жеке сот орындаушыларының санын көбейту — алдыңғы қатарлы міндет, әрі өндірістегі алимент, жалақы өндіру сияқты әлеуметтік маңызы бар істердің санын арттыру істері жолға қойылып келеді. Мемлекет пайдасына айыппұлдар өндіру істері де алдыңғы қатарға қойылған.
— 2016 жылдан бастап Қазақстандағы барлық атқарушылық құжаттар жеке орындаушыларға берілетін болады деп отырсыз. Заң жобасы қазір Парламент қабырғасында қаралуда. Сонда жекеменшік сот орындаушылардың артықшылығы неде?
— Үстіміздегі жылы қазан айында талқыға түсіп, қабылданады деп жоспарланып отырған жаңа заң жобасынан күтілер үміт көп. Оған атқару өндірісінде бұрын болмаған «стоп карта» деген акт енгізіледі деп күтілуде. Бүгінгі күні, қарап отырсақ, жеке сот орындаушыларымен жалпы саны 20-дан астам әртүрлі тыйым салу, тоқтам салу қаулылары қабылданады екен. Осы жеке сот орындаушыларының сансыз көп қаулыларының орнын ауыстыратын, барлық органдар мен инстанцияларға күші жүретін бір ғана құжат болмақ. Яғни, «стоп карта» құжаты барлық тыйым мен тоқтамның орнына жүретін – борышкерге қандай да болмасын ақша қаражаттарын, мүліктерін пайдалану мен иеліктен шығару, мемлекеттің аумағынан шығып кету сияқты әрекеттерді жасауға мүмкіндік бермейтін бірегей құжат болады.
Бүгінгі күні жеке сот орындаушыларының көптеген қаулыларының сотпен санкцияланатынын айта кету керек, бұл, әрине көп уақыт алатын, қағазбастылыққа жол беретін процессуалдық шаралар екені сөзсіз. Жаңа заңмен сол санкцияландырылатын қаулылар саны азайтылады деп күтудеміз және тағы да басқа көптеген қосымша құқық беретін өзгерістер күтілуде. Бұл өзгерістердің бәрі, айналып келгенде, сот актілерінің орындалуын күшейту арқылы сот беделін арттыру, сол арқылы заң үстемдігіне қол жеткізу мақсатында қолға алынуда.
Жекеменшік сот орындаушыларының мемлекеттік сот орындаушыларынан айырмашылығы, тағы да айта кетейін, ол сот актісінің орындалуына тікелей өзінің материалдық тұрғыдан мүдделілігінде. Міне, осы факторды артықшылығы деп айтуға болады. Тікелей өзі мүдделі болғаннан кейін, әрине жеке сот орындаушысы сот шешімін әрі тез, әрі тиімді түрде толық көлемде орындайтын болады.
Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ.