Шаруалар референдумға қатысуға ниетті
Amanat партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті шаруалар, зиялы қауым өкілдері, бастауыш партия ұйымдары төрағалары және партия активімен бірқатар кездесу өткізді.
М.Жұмабаев атындағы ауданның Полудинское ауылындағы тауарлы сүт фермасының алаңында облыстағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездескен А.Оралов жиналған қауыммен алдағы конституциялық реформаның маңызын талқылады.
«Ата Заңымызда жер халықтың меншігі деп көрсетіледі. Бұл – өте маңызды қадам. Солтүстік Қазақстан облысында халықтың басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Сондықтан 5 маусым күні өтетін референдумға облыс тұрғындары белсене қатысады деген ойдамыз», деді партияның атқарушы хатшысы.
Жиында сөз алған жергілікті шаруа қожалықтарының бірінің басшысы А.Сапаров тұрғындар ел дамуындағы жаңа кезеңді референдуммен байланыстыратынын атап өтті.
«Халық болып жатқан өзгерістерді көріп отыр және елімізді дамыту үшін Конституцияға өзгерістер енгізуді қолдауға дайын», деді шаруа иесі.
Өңірге жұмыс сапары барысында атқарушы хатшы зиялы қауым өкілдерімен және партия ардагерлерімен жүздесті. Кездесуге қатысушылар Ата Заңға түзетулер енгізуге қатысты жалпыхалықтық дауыс беру Жаңа Қазақстанды құруда негізгі рөл атқаратынын атап өтті.
Сонымен қатар, А.Оралов бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен де кездесіп, жиында партияның қозғаушы күші референдумның мәні туралы түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуге тиіс екенін атап өтті.
egemen.kz