Серік Қадыров: «Төменгі айлық 85 мың теңгеге болса еңбекақы тағы өседі»
Атырау облысының кәсіподақтар орталығы «Келешек» ЖК төрағасы Серік Қадыров Президент Жолдауында еңбек қатынастарын реттеу, соның ішінде ең төменгі айлық 85 мың теңге болатыны туралы айтылған бастамалардың мәні туралы пікір білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айының басында Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруына қатысты бірнеше шараларды атады. Соның ішінде жыл сайын көтеріліп келе жатқан ең төменгі айлық мәселесі қайта қаралды. Бұдан азаматтардың жалақысы тағы да көтерілетінін, халықтың күнкөріс деңгейінің жақсаратынын алға тартады Серік Қадыров.
«2021 жылы ең төменгі айлық – 60 мың теңге болса, 2022 жылы 70 мың, биылғы Жолдауда 2024 жылдың қаңтар айынан бастап 85 мың теңгеге жеткізу туралы тапсырылды. Бұл дегеніміз, үш жылдың ішінде төменгі жалақы мөлшері екі есеге жуық артып отыр», — дейді Серік Нұрбайұлы.
Төменгі жалақының артуы, Президенттің айтуы бойынша, еліміздегі 1 млн. 800 мың адамның күнкөрісіне, табысына тікелей әсер ететін болады. Оның ішінде, әсіресе, бюджеттік салада қызмет ететін 350 мыңнан астам қызметкердің еңбекақысы өседі.
Бұл туралы «Келешек» ЖК төрағасы Серік Қадыров әсіресе техникалық қызметкерлердің, штаттан тыс мамандардың жалақысы өсетінін айтады.
«Айлықты есептеу жүйесінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланып, разрядтық біліктілік жүйесі ескерілетін қызметкерлердің табысына да оң әсерін тигізеді. Бұдан еліміздегі жалпы ішкі өнім артып, халықтың тұрмысы мен күнкөріс деңгейінің жоғарылауына алып келеді», — дейді С.Қадыров.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыс бойынша кәсіподақ құрамында 86 мың қызметкер бар. Осы орайда, ұйым жетекшісі облысымыздағы маман тапшылығы мәселесін де осы төменгі айлық көрсеткішін өсіру арқылы шешуге болатынын жеткізді. «Әрине, біздің облысымызда мамандар тапшылығы бар. Әсіресе, әлеуметтік салада, мұғалімдер мен дәрігерлердің жетіспейтіні сезіледі. Мұның негізгі себебі, өңіріміз өндірістік аймақ болғандықтан жалақы мен бюджеттік саладағы мамандардың жалақысы арасындағы айырмашылықтың әсерінен деп ойлаймын. Оның үстіне, өңіріміз орташа жалақы мөлшері бойынша, кейбір қызмет көрсетулердің түрлері, үйдің бағасы, тамақ құны өзге өңірлермен салыстырғанда қымбатырақ. Сондықтан, көпшілігі жалақы мәселесіне қарап әлеуметтік салаға келе бермейді. Төменгі жалақы өссе осы олқылықтың орнын толтыруға болады», — дейді ұйым басшысы.
Нұргүл Насыр