Жарнама
Саясат

Сенімге селкеу түспейді

Биыл елдің жергілікті өкілді органы саналатын Мәслихаттардың құрылғанына – 30 жыл. 1993 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы» Заңының негізінде жергілікті өкілді және атқарушы билік органдарының өкілеттіктері бөлінді. Халық депутаттары кеңестері, кейін жергілікті Кеңестер облыстық, аудандық (қалалық) Мәслихат-Депутаттар жиналысы болып қайта құрылды. 1994 жылдың 7 наурызында өткен сайлау әр өңірдегі жаңа жергілікті өкілді органның негізін қалады.

Оның қызметі Атырау қаласында қалай ұйымдастырылып, жұмыс қарқынының қаншалықты болғаны және бүгінгі қызметіндегі жаңашылдықтар туралы Атырау қалалық мәслихатының төрағасы Нұрбол Құрманмен сұхбаттасқан едік.

– Нұрбол Оразбайұлы, мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық. Ал, бұқарамен қоян-қолтық араласып, билікпен арақатынасты үйлестіретін Мәслихат екені белгілі. Бірақ қай істің де өз бастауы, өзіндік тарихы болады. Әңгіме басында осы мақсатта ауыр жүк – халық сенімін арқалап жүрген Атырау қалалық мәслихатының өткеніне көз жүгіртсек…

– Иә, дұрыс айтасыз. Халықтың еркін білдіретін мәслихаттың алдындағы мақсат ортақ, міндет біреу, ол – қала халқымен бірлесе отырып, ұлы мұратқа жету үшін қызмет жасау. Қалалық мәслихаттың депутаттары өз міндеттерін жүзеге асыруға зор жауапкершілікпен қарап, атқарушы билікпен тізе қоса отырып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және экономиканың дамуына білім-білігін жұмсап келеді.

Қазақстанда тәуелсіздік жарияланғаннан кейін елдегі өкілді орган – Кеңестердің орнына сайлау белгіленді. 1994 жылдың 7 наурызындағы сайлаудың нақты қорытындысы шыққаннан кейін Атырау қалалық мәслихаты-депутаттар жиналысы І сессиясының қаулысы негізінде халық депутаттарының қалалық кеңесі таратылды. Сөйтіп, тарихта тәуелсіз елдің жергілікті өкілді органының қызметі алғашқы сессиясы өткен 1994 жылдың 24 наурызынан басталады. Содан бері Атырау қалалық мәслихаты жеті рет сайланды, қазір VIII шақырылым жұмыс істеп келеді.

1994-1999 жылдар аралығында жұмыс істеген І шақырылған Атырау қалалық мәслихатының І сессиясында Нұрлан Рахметұлы Мендәлиев хатшы болып сайланды. Қала аумағындағы 22 сайлау округі бойынша сайланған депутаттардың 19-ы қазақ, 3-еуі орыс ұлтынан екен. Мәслихаттың құрылымында 3 тұрақты комиссия қоғамдық негізде жұмыс істеген. Соған қарамастан бірінші шақырылымның депутаттары өздеріне жүктелген комиссиялардың жұмысын тиянақты әрі шебер ұйымдастырып, өңірдегі әлеуметтік және экологиялық жағдайлар бойынша ауқымды істер атқарды.

1999-2003 жылдар аралығында екінші сайланған Атырау қалалық мәслихатына 19 депутат сайланды. Бастапқыда қалалық мәслихаттың хатшылығына сайланып, кейін мемлекеттік қызметке ауысқан Тамара Аман-Турлинаның орнына әріптестері Нұрлан Мүтәлиевті таңдайды. Ал, қалалық мәслихаттың ІІІ шақырылымы 2003-2007 жылдардың аралығын қамтиды. 19 депутаттан тұратын корпустың хатшылығына Нұрлан Мүтәлиев, одан кейін Серік Ерубаев сайланды.

Салыстырмалы түрде алғанда, осы 30 жыл ішінде өкілеттіктері артып, біліктіліктері көтерілген жергілікті депутаттар корпусы қоғамды одан әрі демократияландыруға, бұқара мен билік арасындағы байланысты нығайтуға, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру барысында белсенділігін танытты.

– Атырау қаласының шекарасын өзгерту туралы шешім қай кезеңдерде қабылданды?

– Бұл ІІІ шақырылымнан кейінгі кезеңдерде Бекболат Қазимановтың Мәслихат хатшысы болған кезеңге тұспа-тұс келеді. 2013-2014 жылдар аралығында қалалық мәслихаттың 31 сессиясы өтіпті. Сол жылдары Атырау қаласының шекарасы өзгертіліп, Балықшы кентін Атырау қаласына қосу, Ақжайық, Водников, Көкарна және Құрсай селоларынан орталығы Көкарна болатын Балықшы селолық округін құру туралы шешім қабылданған. Сондай-ақ «Білім беру мекемелерінің күндізгі оқу нысанында оқитын білім алушыларына қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүруді белгілеу туралы» шешім қабылданып, қала аумағындағы қоғамдық көлікте І-ХІ сынып оқушыларына тегін, жоғары оқу орындары мен арнаулы орта оқу орындарының білім алушыларына 50 пайыз жеңілдік берілген.

Сонымен қатар, «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлемелерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы», «Атырау қаласы бойынша учаскелік сайлау комиссияларының құрамдарына өзгерістер енгізу туралы», «Үйде оқитын мүгедек балаларға материалдық қамсыздандыру тағайындау туралы», «Атырау қаласы бойынша жер учаскелерін пайдаланылуы мен қорғалуының жәй-күйі туралы», «Атырау қаласында тұратын аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегін көрсетудің қағидасын бекіту туралы», «Автотұраққа, автомобильге май құю станцияларына бөлінген және казино орналасқан жерлерді қоспағанда, салық салу мақсаты үшін жер салығының базалық ставкасын түзетумен жерлерді өңірлерге бөлу жобасын бекіту туралы», бұрынғы «Ет комбинаты» аумағы, қазіргі «Алмагүл», «Сарықамыс» шағынаудандарындағы жаңа көшелерге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін беру туралы, басқа да мәселелер талқыланып, оң шешімдер алынған.

VI шақырылымда хатшылыққа бірауыздан Қанат Әзмұхановтың кандидатурасы мақұлданып, есепті кезеңде қалалық мәслихат сессияларында 550-ден астам мәселе қаралған. Соның ішінде Кеңөзек ауылдық округінің «Өрлеу», «Қайнар» елді мекендерін «ауыл» санатына жатқызу туралы өзекті мәселелер талқыланған.

– Сол кездегі тұрақты комиссиялар тиісті деңгейде жұмыс істей алды ма?

– Қалалық мәслихаттың Заңдылықты, құқық тәртібін, жариялылықты сақтау, азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдау және экология, ауыл шаруашылығын дамыту, энергетика және автокөлік жолдары мәселелері жөніндегі (төрағасы Болат Рысқалиев), Тұрғындарды әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, жастар және спорт ісі, әйелдер істері және отбасылық-демографилық саясат мәселелері жөніндегі (төрағасы Бақыт Шеркешбаева), Экономика, кәсіпкерлікті дамыту, индустрия, сауда, салық және бюджет мәселелері жөніндегі (төрағасы Серік Ерубаев) тұрақты комиссиялары нәтижелі жұмыстар атқарған. Тұрақты  комиссиялардың бірлескен мәжілістерінде жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін алу, жастар тәрбиесі, спорт ісі, басқа да барлығы 40-тан астам мәселе қаралған.

Кейінгі шақырылымда Экономика, бюджет, қаржы және өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі (Әлібек Семғалиев), Әлеуметтік сала мәселелері, гендерлік және жастар саясаты, заңдылықты сақтау және депутаттық этикасы мәселелері (Мұрат Әмірғалиев), Экология, ауыл шаруашығын дамыту және энергетика, тұрғын үй, автокөлік жолдары мәселелері жөніндегі (Қаршыға Жауымбаев) тұрақты комиссиялар бюджет қаржысының тиімді игерілуі, мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер телімдерінің мақсатты пайдаланылуы, жастар және спорт ісі мәселелерін қарап, өңір әлеуетінің артуына өз үлестерін қосқан.

– Мүгедек жандардың мәселесі қашан да өзекті ғой. Дегенмен қалада бір кездері бұл проблема жиі көтерілгенін білеміз. Осы жұмыстар қалалық мәслихат тарапынан қалай шешімін тапты?

– 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен сайлаудың қорытындысымен VIІ шақырылған Атырау қалалық мәслихатына 23 депутат сайланып, өз өкілеттіктерін тиісті дәрежеде жүзеге асырды. Сессияларда қабылданған барлығы 130 шешімнің 14-і мемлекеттік тіркеуден өтті.

Сол кезде тұрақты комиссиялардың біріне өзім де төраға болған едім. Әріптестерім Гүлзейнеп Дүсіпова, Серболат Шораев, Бақыт Шеркешбаевалармен бірге жоспарлы жұмыстардан бөлек жоспардан тыс бірқатар түйінді мәселелердің оң шешімін табуына атсалыстық. Депутаттардың бастамасымен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, «Зағиптар арманы» және Атырау облыстық мүгедектер қоғамы бірлестіктері басшыларының қатысуымен Әлеуметтік, құқық тәртібі және депутаттық өкілеттік саласы бойынша тұрақты комиссияда мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсарту бағытында шешімін таппай жүрген ұсыныстар қанағаттандырылды.

Облыстық мүгедектер қоғамы бірлестігінің қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған іс-шараларды өткізу үшін жергілікті бюджеттен 9,5 миллион теңге бөлу туралы ұсынысы депутаттар тарапынан қолдау тауып, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтендіру жобасын қабылдау және тапсырыс бойынша қаражат бөлу мәселесі шешілді. Сонымен қатар қала аумағында балалар құқығын қорғау саласында атқарылған жұмыстарды тыңдау негізінде Атырау облысы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына уақытша түскен балалардың тұрғылықты жері болмауына байланысты қалалық №1 емханадан медициналық тексеруден өткізу мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

Мәслихат депутаттарының бастамасымен 2021 жылдың наурыз-қыркүйек айларында дәріханалар жанынан ашылған емдеу бөлмелерінің тұрғындарға сапалы қызмет көрсету қауіпсіздігі бақылауға алынып, лицензиясыз ашылып, заңсыз қызмет етіп отырған емделу бөлмелерінің жұмысын ретке келтіру туралы құзырлы мекемелерге ұсыныстар берілді.

– Берілген ұсыныстар шешімін тапты ма?

– Әрине, соның нәтижесінде «Жұлдыз» шағынауданындағы «Жәрдем» дәріханасы жанынан лицензиясыз ашылған емдеу бөлмесінің қызметі тоқтатылды. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалына алдағы уақытта құрылысы жоспарланған білім беру мекемелерінің жобалық-сметалық құжаттамаларымен танысу және қабылдау кезіндегі алдын ала комиссиясына партияның қалалық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының мүшелерін және қалалық мәслихат депутаттарын қатыстыру туралы ұсыныс берілді.

2021 жылғы 30 қарашада өткен қалалық мәслихаттың ХV сессиясында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының жұмысы тыңдалып, одан әрі тақырыпқа қатысты уәкілетті органдар басшыларының қатысуымен «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Онда газ бағасын көтермеу, тұтынушыларға келтірілетін кедергілерді жою бойынша ұсыныстар айтылды. Соның нәтижесінде тұтынушыларға көрсетілетін қызметтерді насихаттап, халыққа хабардар ету заман талабы болғандықтан, филиалдың әлеуметтік желілерде парақшаларын ашу немесе баспасөз қызметін енгізу ұсынылды.

Қала тұрғындарының мүддесіне қатысты су, газ, жылу, электр энергиясы, басқа да коммуналдық тарифке қатысты табиғи монополияны реттеу департаменті ұйымдастыратын барлық жария тыңдауларға депутаттар қатысатын болды. Сөйтіп, коммуналдық қызмет тарифтеріне қатысты барлық мәселе қатаң бақылауға алынды. Сондай-ақ басқа да жұмыстарды реттеу бағытында депутаттар мен уәкілетті органдар арасында тығыз байланыс орнатылды.

Бұқара тарапынан туындаған проблемаларды шешу, ашықтық, халықтың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мақсатында қаладағы монополистік құрылымдардың жанынан құрылған арнайы комиссияның құрамына депутаттар енгізіліп, бұдан әрі комиссия жұмысы қалалық мәслихаттың бақылауына алынды.

Бүгінгі күннің басты проблемасына айналған түрлі зиянды дәрілік препараттарды есірткі, психотроптық заттар тізіміне қосу үшін қалалық мәслихаттың депутаттары республика Парламентіне ұсыныс жолдаған еді. Соның нәтижесінде аталған препараттар есірткілік заттар тізіміне енгізілді.

– Ал, жергілікті өкілді органның қазіргі тынысы қандай?

– Былтыр наурыз айында өткен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауының қорытындысымен VІIІ сайланған Атырау қалалық мәслихатының құрамында 25 депутат бар. Қазірге дейін қалалық мәслихаттың кезекті және кезектен тыс 12 сессиясы өтіп, қаралған мәселелер бойынша 83 шешім қабылданды. Оның ішінде нормативтік-құқықтық сипатта қабылданған 10 шешім әділет органдарында тіркеліп, заңды күшіне енді. Бұдан басқа консультациялық-кеңесші органдардың дербес құрамындағы өзгерістер бойынша – 14, әр түрлі салаға қатысты 69 мәселе қаралып, бекітілді.

Халықтан түскен өзекті мәселелерге қатысты мәслихат депутаттары бір жыл ішінде 179 кездесу мен қоғамдық қабылдау өткізіп, 1379 азаматты қабылдады. Тұрғындардан түскен 90-ға жуық өтініш шешімін тапты.

Ірі өндіріс орындарындағы экологиялық іс-шаралар жоспарымен танысу, ауа тазалығын сақтауға қатысты пікір алысып, кеңесу мақсатында мәслихат депутаттары былтырғы мамыр-маусым айларында Атырау мұнай өңдеу зауыты, «КРІ», ҚазТрансОйл, КТК-К, NCOC, «West Dala» компанияларында, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында болып, ауаны ластайтын шығарындыларды азайтуға бағытталған жұмыстар, өндірістік қалдықтармен жұмыс саласындағы әдіс-технологиялармен танысты. Сонымен қатар, депутаттар қаладағы әлеуметтік нысандардың қысқы маусымға дайындығына мониторинг жүргізді.

«AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының І республикалық форумы аясында өткізілген панельдік сессияда қалалық мәслихаттың төрағасы ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа Атырау қаласының экологиясын жақсартуға және кәріз жүйесін орталықтандыруға қатысты ұсыныстарымды айттым.

Қазақстан Республикасы Сенатының өңірден сайланған депутаттары Әлібек Нәутиев және Сағындық Лұқпановпен кездесу барысында да қоршаған ортаны қорғау, құмар ойындар мен есірткінің азаматтарға зардабының алдын алу мәселелері бойынша ұсыныстар талқыға салынды.

Қалалық мәслихат депутаттары «100 аула» жобасы аясында салынған футбол алаңдарының жай-күйін зерделеп, ақаулықтарды анықтады. Сөйтіп, алаңдардың талапқа сай келмейтін қоршаулары мен төселген газондар сапалы материалдармен жаңартылды. «Нұрсая» шағынауданынан салынып жатқан демалыс саябағының құрылысына қатысты депутаттар көтерген мәселенің нәтижесінде жұмыс уақытша тоқтатылды. Себебі, нысанның құжаттары талапқа сай емес екен.

Қазан айында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілімен бірлесе ұйымдастырылған «дөңгелек үстелде» таза ауыз суға қол жеткізудегі адам құқықтарының мәселелері және өңір тұрғындарының таза ауыз суға қолжетімділігі туралы мәселе талқыланды. Өңірдегі ауыз сумен қамту, Жайық өзенінің суын молайту және су тапшылығын болдырмауға қатысты орталық мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолданды. Аталған мәселелердің орындалуын жергілікті мәслихат тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Қалай болғанда да, біздің ұстанған мақсатымыз – халықтың сеніміне селкеу түсірмеу. Өйткені заманның талабы өзгерді. Халық та өмірге басқа көзбен қарай бастады, жеке бастың қамынан гөрі ортақ мәселелерді көбірек қозғайтыны қуантады.

– Сұхбатыңызға рахмет. Мерейлі датамен құттықтай отырып, халық аманатын арқалаған қызметтеріңізге нәтижелі жұмыс тілейміз!

– Рахмет!

Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button