Жарнама
Саясат

СЕНІМГЕ САЙ СЕРПІНДІ ІС

Бүгінде 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны аудан халқының 30 пайызын құрайды. Елбасы тапсырмасына сәйкес, ауыл жастарын қолдауға бағытталған ұлттық бағдарлама негізінде «Дипломмен – ауылға!» жобасына сәйкес, өткен жыл ішінде 99 жоғары және орта білімді жастар ауданға жұмысқа орналасқан. Оларға көтерме жәрдемақы төленіп, 21 жас маманға тұрғын үй сатып алуға ел қазынасынан шамамен 55 млн. 700 мыңдай қаражат бөлінген. Ал, жастар тәжірибесі арқылы 105 жас жұмысқа тартылып, оның 21-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, 2,5 есеге өскенін көрсетеді.

Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы үш жас қызмет көрсету саласы бойынша, 12 жас ауыл шаруашылығы саласы бойынша несиелер алып, жұмысын жандандыруда. Яғни, бұл – мемлекеттік бағдарламаларға жастардың қызығушылығының дәлелі. Жастар ресурстық орталығының құрылуының негізгі мақсаты да осы – жастарды қоғамдық жұмыстарға тартумен қатар, оларды отансүйгіштікке, адамгершілікке баулу.

Аудандық жастар ресурсы орталығының жетекшісі Бахтияр Вахитов: – Орталықтың мақсаты – Елбасының «Нұрлы жол» Жолдауын әрбір жасқа түсіндіру. Одан туындайтын міндеттерді әр адамға жеткізу, жастарды бір ортаға тоғыстырып, қазіргі таңда мемлекетіміз ұсынып отырған бағдарламаларды жастарға насихаттау және де сол бағытта көмектер көрсету. «Жұмыспен қамту – 2020», «Дипломмен – ауылға», т.б. бағдарламаларды жүзеге асырып, жастарды бір мақсатқа жұмылдырып келеміз.

«Жас Отан» жастар қанаты мен барлық округтің мектеп оқушылары арасында қоғамдық бірлестіктермен тығыз байланыс жасап, олардың арасында діни бағытта, қайырымдылық, спорттық түрлі шараларды бірлесе ұйымдастырылып келеді, — дейді.

«Нұртамшы» балалар қоғамдық бірлестігінің белсендісі Ұлпан Русланова: «Біздің бірлестік 2006 жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталықтарымен тығыз байланыс жасап, республикалық балалар бірлестігінің І, ІІ, ІІІ слетіне қатысып, 250-ге жуық бала тәжірибе алмасты. Біздің бірлестік, сонымен қоса, Ресейдің Астрахан қаласындағы өз-өзін басқару орталықтарымен тығыз байланыс жасап, «Жас лидерлер дайындау», Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Қызыл шілде» жобасы және «Жарқын болашаққа – жарқын жүзбен» салауаттылық, экологиялық бағыттар бойынша көптеген жобаларды жүзеге асыруда, — деді.

Бас қосуда жыл бойына түрлі шараларға қатысқан бір топ белсенді жасты арнайы құттықтап, оларға марапаттар табысталды. 

«Жас Отан» жастар қанатының белсендісі Самал Үнғалиева: «Ауданымыздың жастарының бірі ретінде атқарылып жатқан еңбегімізді елеп,  марапаттап жатыр. Сол жастардың ішінде Алғыс хатқа ие болдым. Алға қарай да Елбасы жүктеген тапсырмаларды бұлжытпай орындап, еліміздің өркендеуіне, ауданымыздың көркеюіне өз үлесімізді қосамыз деп айта аламын. Қазіргі таңда жалыны мен жігері, ізденісі мен талпынысы бар жастық шақта еліміздің болашағы үшін еңбек ету – әрбір жастың міндеті деп есептеймін», — дейді.

Аудандық жастар ресурсы орталығының алға қойған мақсат-жоспары айқын. Шаралар нәтижелі болса, жастардың қоғамға қызығушылық көзқарасын арттыруға септігін тигізбек.

Руфина ТЕМІРҒАЛИЕВА,

Құрманғазы ауданы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button