«Саламатты Қазақстан»: МІНДЕТ ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК
Салидат Қайырбекованың айтуынша, соңғы жылдары салада болып жатқан оң өзгерістер аз емес. Соның ішінде жүрек-қан тамыры ауруларынан көз жұмғандар мен ана және бала өлімінің азаюын айтуға болады. Оған ел көлемінде қолға алынған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы да үлкен септігін тигізіп отыр. Атап айтсақ, соңғы үш жылда сәбидің шетінеуі – 1,3; өмірге сәби әкелуі тиіс ананың көз жұмуы 6,3 есеге азайған. Есеп бойынша күніне мыңдаған әйел өмірге сәби әкеліп, екі мыңдай адамға ота жасап жататынын ескерсек, ақ халатты абзал жандардың мойнына жүктелген міндет пен жауапкершіліктің маңызы айқындала түседі.
-Жүрек-қан тамырлары ауруларын бөліп айтуым бекер емес. Бүгінде одан қайтыс болатын адамдар саны көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарды онкологиялық аурулар, төтенше жағдайлар мен жол-көлік оқиғасынан көз жұмғандар, улану және тағы басқалар құрайды, — деп түсіндірді денсаулық сақтау министрі.
Онкологиялық ауруларға байланысты науқастардың дертін асқынтып барып, соңғы сатыларында келетіні сын ретінде айтылды. Ауру жаңадан анықталғанда оны асқындырмай, ешқандай ота жасамай емдеп жазуға болатынын азаматтарымыз ескере бермейді. Жүйедегі соңғы реформалардың бірі – скринингтік зерттеу әдісі осы олқылықты жоюға көмектеседі деп күтілуде.
Ал, жол апатына ұшырағандарға мейлінше жедел көмек көрсетуді ұйымдастыру мақсатында жол бойларынан ауданаралық травматикалық бөлімдер ашу көзделіп отыр екен. Әзірге жоспарланып отырғаны – осындай 40 бөлімше.
Бұдан басқа, барлық облыс орталықтарында кардиохирургиялық орталық немесе бөлімше ашылып, жүрекке операция жасау Қазақстанда жолға қойылды. Сондай-ақ, «24,3 пайызға азайды» деген құрт ауруы да қазір қорқынышты емес.
Медициналық сектордағы жақсы жаңалықтың бірі – бір адамның дене мүшесін екіншісіне салу отасының елде жасала бастағаны. Өткен жылы 177 кісі ағза мүшелеріне трансплантация жасалынған. Соның ішінде сәбиге жақын адамының дене мүшесін салған ота сәтті аяқталып, кішкентай пациент сауығып кеткен.
Брифингте бірыңғай ұлттық жүйе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емханалар жұмысын жандандыру шаралары нәтижелі деп бағаланса, медициналық кадрдың тапшылығы сала проблемасы ретінде аталды. Қазақстанда дәрігерлер даярлайтын алты оқу орны бар. Олардың 30 пайызы – гранттық негізде оқып жатқандар. Денсаулық саласынан жыл сайын зейнеткерлікпен, басқа да себептерге байланысты бір мың жарымдай адам кетіп отырады десек, жүйе мамандармен үнемі толықтыруды талап етері сөзсіз. Десек те, денсаулық сақтау министрі «алдағы екі-үш жылда кадр тапшылығы мәселесі толықтай шешімін табады» деген пікірде.
Сонымен қатар, болашақ медициналық қызметкердің білім сапасы да көңілден шығатындай болуы керек. Осы жайды ескерген оқу орны басшылары медициналық мекемелермен меморандумға қол қойып, студенттердің көп уақытын тәжірибе жүзінде өткізуіне баса көңіл бөліп отыр екен. «Оқу орнын жаңа бітірген түлектеріміз қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жұмыс істей алмауы мүмкін. Ендігі жерде олардың студент бола жүріп, аппараттармен жұмыс істей білуін қамтамасыз етпекпіз» дейді С.Қайырбекова.
Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингке, сондай-ақ, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-ның басқарма төрағасы Әлібек Кеннет Ресей әншісі Жанна Фрискенің әкесі Владимир Фрискемен науқасты емдеу мәселесі жөнінде сөйлесіп отырғанын жеткізді. Оның дертін Астанада ашылған медициналық холдинг аясындағы ми қыртыстары бөлімінде емдеуге мүмкіндік бар екен. «Бұған байланысты әзірге нақты ештеңе айта алмаймыз. Дегенмен, олар Жаннаны осында әкеле алса, қолымыздан келгеннің барлығын жасауға дайынбыз», — деді ол.
Құралай ҚУАТОВА.