Сайлауға мол сенім, зор үміт артамыз
Биыл Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтқан болатын.
Иә, расымен де Президент маңызды мәселелерді көтеріп, батыл бастамаларды ұсынды. Оған БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы халық қызу қолдау білдіріп жатыр.
Ал, мен «Ақ жол» партиясынан сайланған депутат ретінде бір-екі ұсыныс айтқанды жөн көріп отырмын. Қазір халықты қинап тұрған бұл – азық-түлік бағасының бақылаусыз қалғаны. Тамақ та, басқасы да күн санап қымбаттап бара жатыр. Халық қалаулылары бұл мәселені тұрақты түрде депутаттық сауал есебінде көтеріп жүр. Әйтсе де, әзірге Үкімет тарапынан нақты қолға алынып жатқан шара байқалмайды. Неліктен?..
Себебі, мемлекеттік маңызды шешімдердің көбісін Үкімет өзі қабылдап, жергілікті әкімдіктер арқылы іске асыруда. Ал, «сонда депутаттардың ұсыныс-пікірі ескерілмей ме?» деген заңды сауал туындайды. Міне, сол үшін де мәжіліс пен мәслихаттардың және ондағы депутаттардың ықпалын күшейту керек деп ойлаймын. Рас, біздердің, яғни, мәжілісмендердің құзыреті зор, бірақ оны толыққанды пайдалану оңайға соқпай тұр. Кейде өз құқығымызды өзіміз қорғай алмайтын да жағдайлар болып жатады.
Екінші мәселе, күнделікті күн тәртібін мәслихат аппараттары өздері құрады. Содан кейін ғана оны депутаттар бекітеді. Бұл ретте, аппараттың депутатқа бағына бермейтінін байқауға болады. Демек, құзыреттің көп бөлігі әлі де болса атқарушы биліктің қолында деген сөз. Ал, шындығында, сол аппарат қызметкерлерін неге атқарушы билік емес, мәслихат депутаттарының шешімдерімен тағайындамасқа?! Мүмкін, сол кезде депутаттардың сауалдары да Үкімет тарапынан жауапсыз қалмас еді. Өйткені, қазір бұқара пен билікті байланыстырып тұрған бірден-бір «алтын көпір» бұл – сол халықтың өзі сайлаған депутаттар екенін ескерген жөн.
Серік ЕРУБАЕВ,
ҚР Парламент мәжілісінің депутаты