Сайлау-2021: 30 индерлік алғаш рет дауыс береді
Тұңғыш өткізіліп отырған ауыл әкімдерінің сайлауы Индер ауданы бойынша қалыпты жағдайда өтуде. Бұл оқиға еліміздің саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын білдіреді. Бүгінгі сайлауда ауыл әкіміне 6 үміткер бақтарын сынайды. Оны халықтың өзі таңдайтын болады.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының берген мәліметіне сүйенсек, №116,№117,№118 сайлау учаскелері бойынша 3252 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 30 жас алғаш рет дауыс бермекші. Сайлаудың барысын 7 бақылаушы қадағалайды.
Сайлау учаскелерінде өз уақытымен учаскелік комиссия өз жұмыстарын бастаған. Бұл жөнінде №116 сайлау учаскесінің төрағасы Ерлан Утекенов пікір білдірді.
-Сайлау учаскесі дауыс беру кабиналарымен және жәшіктермен қамтылған. Әзірге, жүзге жуық адам дауыс берді. Түстен кейін сайлаушылар саны артары анық. Жалпы, бұл науқан мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға оң ықпалын тигізетін ұтымды механизм екендігін дәлелдеп отыр. Өйткені, ауыл әкімдерін бұқара сайлап жатыр, — дейді сайлау учаскесінің төрағасы.
Сондай-ақ, №117 сайлау учаскесінің төрайымы Нәсіп Ахмедьярова мен №118 сайлау учаскесінің төрайымы Бибігүл Арзаханова бүгінгі науқанның халық үніне үн қосатын сайлау екеніне маңыз берді.
Ал, сайлау учаскелеріне келген тұрғындардың пікірі «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай ауыл үшін жасалған игі қадамға ризамыз» дегенге тоғысты. Келешекте, ауыл жұрты өздері сайлаған әкімнің өркенді істер атқарылатындығына сенімдері зор.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА