ӘР ҚАДАМ БОЙЫНША – АЙШЫҚТЫ ІС

Елбасының халыққа бағыттаған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты бес институционалдық реформаны насихаттау мақсатында құрылған облыстық ақпараттық-насихаттық топ Қызылқоға ауданының Миялы селосында болып, «Арман» мәдениет үйінде жұртшылықпен кездесті. Топ мүшелері Ұлт жоспарында айқындалған әрбір бағытқа тоқталып, алда тұрған мақсат-міндеттердің маңыздылығын атап өтті.

 

Елбасы ұсынған Ұлт жоспары – бүкіл елдің алдағы жылдары атқарар міндеттерін айқындайтын айнымас бағыт, даңғыл жол. Және ол – Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуіне үлкен мүмкіндік.

Топ мүшелері аталған жоспардың «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Біртектілік және бірлік», сонымен қатар, «Есеп беретін мемлекет қалыптастыру» бағыттары бойынша жан-жақты әңгімеледі.

 – Қашан да ауызбіршілікке арқа сүйеп, ынтымаққа иек артуды бірінші кезекке қоятын Елбасы Ұлт жоспарында да Қазақстан халқы Ассамблеясына «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын жүзеге асыруды міндеттеді. Бұл жоба ел бірлігін нығайту жолындағы игі бастамаларға жол ашып, татулықтың таптырмас үлгісін көрсететіні анық. Ассамблеяның өкілі ретінде, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің қоғамдық өмірге белсене араласып жатқандығын атап өткім келеді. Ықпалдастық келісімі шеңберінде бизнесті дамытуда мемлекетаралық ынтымақтастық бойынша облысымыз әлемнің 50-ден астам елімен байланыс жасайды. Бұл үлкен жетістік, – деген ақпараттық-насихаттық топ жетекшісі, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы  төрағасының орынбасары – хатшылық басшысы Еркін Қадырғалиев алдағы уақытта одан да ауқымды жұмыстар жасалатынын айтты.

Ұлт жоспары мемлекеттік қызметкерлерге жауапкершіліктің жаңа жүгін артып отыр. Бағдарламадағы 13-14 қадамда көрсетілгендей, мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру мәселесінің маңызы ерекше. «Осы орайда, әрбір мемлекеттік қызметкер өзінің міндетін халыққа, азаматтардың заңды мүддесіне қызмет ету деп түсінуі керек және де басқару баспалдақтарының бәрінен біртіндеп өткен жоғары кәсіпқой маман болуы тиіс», – дейді мемлекеттік қызметкерлердің қоғамдағы орны, олардың мақсат-міндеттеріне тоқталған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментіне қарасты басқарманың бөлім басшысы Алмас Кәрімжан.

Әріптесінің ойын сабақтаған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи қазіргі қоғам мемлекеттік қызметшілерден тұлғалық қабілеті мен қасиетінен басқа, ғылым, мәдениет, ақпараттық және әлеуметтік технологиялардың жалпы дамуына сай жаңа арнаулы білім, білік пен дағдыны меңгеруді талап ететінін айтты.

– Сол бағытта мемлекеттік қызмет реформасын дамытудағы басты міндеттің бірі де жаңаша ойлап, ізденіспен әрекет ететін мемлекеттік қызметшілерді дайындау болып табылады. Басқару қызметінің түрлері мен мазмұны да күн сайын күрделеніп отырған кезеңде олар жаңарған қоғамның динамикалық өзгерістерінің сұраныстарына жауап беретін дәрежеде болуы тиіс. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілердің қызмет сапасына орай қойылар талап та артып келеді, – деді ол.

Одан әрі топ мүшелері «100 нақты қадам» бағдарламасы бойынша пікір алмасып, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.

 

Рита ӨТЕУҒАЛИ,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз