Саяси реформаларға сенім артты

4e073bd4 27ad 4dc4 b496 7a9ab9d29350 Саясат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың түрлі салаларда – экономикада, мемлекеттік басқаруда, саяси жүйеде қолға алған реформалары нәтиже бере бастады.

Мемлекеттік басқаруда орын алған кемшіліктерді жою үшін Президентіміз экономикамен қатар, саяси жүйені реформалауға кірісті. Бұл түбегейлі өзгерістер дер кезінде қабылданған шешім екенін, ең алдымен конституциялық реформа қажеттігін көрсеткен еді.

Биліктің суперпрезиденттік моделін өзгерту және одан конституциялық реформалар барысында толықтай бас тарту мемлекеттік басқарудың жекелеген лауазым иелерінен оның институционалдық принциптеріне көшуді көздеді. Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы Парламенттің заң шығару және мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдау процесіне қатысу рөлін күшейтті. Үкіметтің жауапкершілігі мен халық алдындағы есептілігін арттырып, жұмысты тиімдірек етті.

Елімізде өткен жылы жүзеге асырылған жоғары билік органдарын құру тұжырымдамасын қайта пішімдеген саяси реформа нәтижелі болды деуге толық негіз бар. Айталық, Президент бұдан былай партияны басқармайды. Бұл – елдегі партиялық жүйе мен саяси плюрализмді дамытудағы маңызды қадам. Республикалық референдум өтіп, Конституцияға маңызды түзетулер енгізілді. Оның ішінде Конституциялық Сот пен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Сондай-ақ, Қазақстан тарихында тұңғыш рет Президент 7 жылға сайланады. Бұл ретте Президенттің екінші мерзімге қайта сайлана алмауы оның жауапкершілік деңгейін айтарлықтай арттырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізген саяси реформа халықтың Президентке де, жалпы билікке де сенімін арттырғанын айта кеткен жөн. Бір сөзбен, «Жаңа Қазақстан» бағдарламасы аясында «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттен» «Әділетті Қазақстанға» көшу саяси қайта құрулардың тиімділігін көрсетіп отыр.

Қосыбек Ырзағалиев,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз