ҰРПАҒЫН ОЙЛАҒАН ЕКПЕДЕН БАС ТАРТПАЙДЫ
ЕКПЕДЕН «ҚАШУ» КӨБЕЙІП БАРАДЫ
Олай дейтініміз, облысымыз бойынша 805 отбасы сәбиіне міндетті екпе салдырудан бас тартып отыр. «Мұның соңы неге алып баратыны тарихтан да белгілі. Кезінде ата-әжелеріміз он баланы дүниеге әкелгенімен, соның екі-үшеуі ғана тірі қалған. Өйткені, қазақ ауылдарын жаппай жұқпалы дерт жайлағанда иммунитеті қалыптаспаған сәбилердің бойында ешқандай қорғаныс болмаған еді. Себебі, ол кезде екпе болмады. Бір ғана Атырау қаласы бойынша бүгінде 522 отбасы екпеден бас тартып отыр. Өкінішке орай, олардың барлығы – теріс ағымды ұстанушы ата-аналар. Бұған дейін түсіндіру жұмыстары жүргенімен, нәтиже болған жоқ. Сол себепті, олардың отбасына жекелей барып, екпенің пайдасын түсіндіру қажет» деген облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан осы мақсатта арнайы ақпараттық топтың құрылып отырғандығын мәлімдеді аталған мәселеге орай өткен жиын барысында.
Жат ағымдағылардың екпеден жаппай бас тарту себептерін облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев былай түсіндірді. «Олар екпе егетін дәрінің құрамында шариғатқа қарсы зат болуы мүмкін, екіншіден, екпемен қорғану арқылы Аллаға қайшы келуіміз мүмкін деп есептейді. Сондай-ақ, әсіресе ғаламтор бетіндегі кей мәліметтер оларды екпеге қарсы қойып отыр» деген сала маманы екпе салатын дәрілердің құрамын ашық айтуға және иммундаудан шет қалған балалардың қандай қиын жағдайға түскендерін нақты жеткізуді, діндарлар арасында екпеге байланысты исламның көзқарастарын кеңінен насихаттауды ұсынды. «Біз құрып отырған барлығы сегіз ақпараттық-насихаттық топтың құрамында дәрігер, теологпен қатар, учаскелік полиция өкілі де бар» дейді ол.
ЕКІ СӘБИ ҚАТАҢ ЖАТЫР!..
Өкініштісі сол, бүгінде өңіріміз бойынша екпе алмаған екі сәби туберкулез ауруына шалдығып, қатаң жағдайда жатқан көрінеді. Жағдай осылай жалғаса берсе, ата-ана салғырттығынан құндақтағы сәбилердің сырқаттануы мүлдем көбейіп кетуі мүмкін. Бұл сөзімізге мына мәліметтер толық дәлел бола алады. Вакцинациялау шараларынан бас тарту әлем елдерін тұрақты түрде түрлі қауіпті эпидемиялық зардаптарға әкеліп отырған. Шет елді қойып, Орталық Азия аймағын мысалға келтірер болсақ, екпеден бас тарту салдарынан 2010 жылы Тәжікстанда полиомиелит, яғни жұлынның қабынуы індеті 458 мәрте тіркеліп, 29 бала көз жұмған. Осындай бас тартудың соңы 2011-2012 жылдары Украинада аталмыш аурудың 14057 рет, Францияда 15828 рет тіркелуіне әкеліп соққан екен. Екпе алмаудың соңы сондай-ақ, баланы түбі дифтерия, сіреспе, сары ауру, соқырлық, ақыл-естің артта қалушылығы, сал ауруы сынды дерттерге алып баратынын ескерсек, иммундаудан бас тартып отырған ата-аналармен жұмыс күшейтілген түрде жүруі керек-ақ.
Өз облысымызға келер болсақ, бүгінде қызылша ауруы екпе алмаған сәбилердің 70 пайызын қамтып отырған көрінеді. «Вакцинациядан өтпеген мұндай балалар арасында жаппай эпидемия туу қаупі бар» деп дабыл қақты осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Кәмелова.
ИСЛАМ ИММУНДАУДЫ ҚОЛДАЙДЫ
Жат ағымдағылар «Аллаға қарсы шара» деп жалаулатып жүрген екпеге асыл дініміз не дейді екен? Бұл орайда теолог Қанат Жұмағұл екпеден жаппай бас тартуға негізінен діни сауатсыздық пен интернет беттеріндегі бейнероликтердің себеп болып отырғанын айтты. «Өкінішке орай, өзге ағымды ұстанушылар тәуекелге бас тігудің маңызын түсіне алмай жүр. Екпеден бас тартамын, баламды Аллаға тапсырамын деп отыруға болмайды. Өйткені, қасиетті Құран Кәрімнің өзі «өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер» деп қатаң ескертеді. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед те (с.ғ.с) «бірінші түйеңді арқанда, сосын Аллаға тәуекел ет» деп міндеттеген дейді ол.
Осы орайда өз тарапымыздан оқырман назарын мына жайттарға да аударғымыз келеді. Меккеге қажылыққа барар алдында мұсылмандарға полиомиелит, менингит, тұмауға қарсы екпелерді қабылдаудың міндеттелетіндігі белгілі. Атап өтерлігі сол, екпе алмағандарға Меккеге баруға рұқсат етілмейді. Осының өзі ислам дінінің екпеге қарсы емес екендігін көрсетіп тұр емес пе? Сондай-ақ, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Арыстаннан қалай қашсаң, алапес адамнан солай қаш» деген де хадисі бар. Мұның өзін пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үмметін жаман аурулардан сақтандыру мақсатында қалдырған өсиеті деп қабылдауымызға болады. Сол секілді Әл-Азхар университетінің ғұламалар кеңесі, Сауд Арабия, Марокко сынды өзге де мұсылман елдерінің Пәтуа бөлімдері жұқпалы дерттерге қарсы вакцина алудың шариғатқа қайшы келмейтіндігі жөнінде өз пәтуаларын берді. Біздіңше, осы мысалдардың өзі алашапқынға салынып жүргендерге нақты дәлел бола алады.
Жалпы, алға қарай, сәбиіне екпе салдырудан бас тартқан ата-аналарға әкімшілік, тіпті қылмыстық жаза қолданылуы мүмкін. Өйткені, мәжіліске қатысушылардың пікірлерін тыңдаған жиынға төрағалық етуші Шыңғыс Мұқан Парламентке нақты ұсыныстармен хат жазуды тапсырды. Жолданатын хатқа облыстық денсаулық сақтау басқармасы екпе алмаған баланы балабақшаға, мектепке қабылдамауды, ақпараттық топ мүшелері баласын иммундаудан бас тартқан ата-аналарға әкімшілік жаза қолдану туралы ұсыныстарын енгізбек.
Діни тақырыптағы жиындардың бірінде Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің өкілі Айбек Шағырдың «уаххабизм, салафизм сынды жат ағымдарға шетелдік арнайы қызметтердің жан-жақты ойластырған жобасы ретінде қарағанымыз дұрыс» дегені бар еді. Өкінішке орай, екпеден бас тартып жатқан жат ағымдағылар шетелдік мүдделі топтардың ұлтымыздың болашағына осындай жолмен балта шабуды көздеп отырғандарын түйсіне алмай отыр. Сондықтан да, «сақтансаң, сақтармын» деген даналықтың мәнін ұғынатын кез жетті…
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.