
Қос тарапқа да тиімді қадам
Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық серіктестік – еліміздің экономикалық дамуындағы маңызды қадамдардың бірі. Қытайдың Қазақстан экономикасына бағыттаған 26 млрд АҚШ долларынан астам тікелей инвестициясы – стратегиялық сенім мен өзара тиімді әріптестіктің айғағы.
Бұл – тек қаржы салымы емес, сонымен бірге 27 мыңнан астам жаңа жұмыс орны, өндірістік әлеуеттің артуы, өңдеуші сектордың дамуы және заманауи инфрақұрылымның қалыптасуы. Осындай жобалар елімізде қосылған құны жоғары өнімдерді өндіруді жолға қоюға мүмкіндік береді. Бұл – Президентіміз белгілеген экономикалық әртараптандыру бағытының нақты жүзеге асуы.
“Бір белдеу – бір жол” бастамасы аясындағы ынтымақтастық Қазақстанның көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін күшейтіп отыр. Қорғас пен Алтынкөл өткелдері, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автожолы сияқты жобалар еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық саудада маңызды орын алуына жол ашты.
Алпауыт елмен осындай серіктестік аясында Қазақстандағы өңірлер де қалыс қалмауы керек. Аймақта жүзеге аспай жатқан жобаларға инвестор тартып, біраз мәселенің түйінін де шешуге болады.
Біз мұндай серіктестіктерді одан әрі нығайтып, облысқа нақты пайда әкелетін, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған жобаларды қолдауға дайынбыз.
Қуантай БИСАЛИЕВ,
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары
Сурет: akorda.kz