
Қазақстан бейбітшілік жолын ұсынды
Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісім – тек екі ел үшін ғана емес, бүкіл өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін маңызды оқиға. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл келісімді «тарихи жетістік» деп бағалауы – өте орынды. Бұл құжат ұзақ жылдар бойы жалғасқан қақтығысты тоқтатып, енді саяси диалог пен өзара түсіністікке жол ашып отыр.
Қазақстан бұл процестен тыс қалған жоқ. Керісінше, еліміз келіссөз жүргізуге ашық алаң ұсынып, бейбіт келісімнің жасалуына өз үлесін қосты. Алматыда өткен сыртқы істер министрлерінің кездесуі – соның айғағы. Бұл Қазақстанның халықаралық деңгейде сенімді серіктес әрі бітімгер ел ретіндегі беделін тағы бір мәрте көрсетті.
Сондай-ақ АҚШ Президенті Дональд Трамптың бітімгерлік бастамасы да өз нәтижесін берді. Ол екі ел басшыларын ортақ шешімге келуге көндіріп, келісімге қол қоюға ықпал ете алды.
Қазақстан әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайды. Біз жанжал емес, диалог арқылы мәселені шешуді құптаймыз. Бұл келісім – соның жарқын көрінісі. Алдағы уақытта да еліміз осындай халықаралық бастамаларға белсенді түрде қатыса береді деп сенемін.
Айгүл ӘМІРҒАЛИЕВА,
Атырау облыстық мәслихатының депутаты