
Қазақстан Алтай арқылы серіктестікті нығайтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ТрансАлтай диалогы» бастамасына қолдау білдіруі – Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі геоэкономикалық рөлінің артып келе жатқанын айқын көрсетеді. Бұл бастама халықаралық көлік дәліздерін дамыту арқылы аймақтық байланыс пен интеграцияны тереңдетуге бағытталған жаңа платформа бола алады.
«Бір белдеу, бір жол» мегажобасы аясында әлемдік деңгейдегі логистикалық инфрақұрылым қалыптасып келеді. Президент атап өткендей, бұл бастама жаһандық сауда айналымына жыл сайын 1,5 триллион АҚШ долларына дейін пайда әкелуі мүмкін. Бұл – қатысушы елдер үшін үлкен экономикалық серпіліс пен жаңа нарықтарға шығудың тиімді жолы.
Осы тұрғыда «ТрансАлтай диалогы» – Қазақстан, Қытай, Ресей және Моңғолияның қатысуымен іске асырылатын, өңірлік кооперацияны жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық алаң болмақ. Алтай макроөңірі – өзінің географиялық орны, табиғи ресурстары мен көлік мүмкіндіктері арқылы елеулі әлеуетке ие. Бұл аймақ Еуразия құрлығының маңызды көлік тораптарының бірі ретінде қалыптасуы мүмкін.
Қазақстан үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытымен қатар, Солтүстік – Оңтүстік және Шығыс – Батыс дәліздері де стратегиялық мәнге ие. Егер осы бағыттар тиімді ұштаса алса, Қазақстанның транзиттік әлеуеті бірнеше есе артады.
Сонымен қатар, 2025 жылдың қараша айында Ақтау қаласында өтетін ШЫҰ порттары мен логистикалық орталықтары басшыларының алғашқы форумы – бұл бастамаларды нақты жоспарға айналдыратын маңызды алаң болады. Бұл – көлік инфрақұрылымы, тарифтік саясат, кедендік рәсімдерді жеңілдету, цифрлық логистика мәселелерін үйлестіру тұрғысынан маңызды келіссөздер алаңы болмақ.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының сөзі Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік “жүйке желісі” ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған жүйелі саясаттың жалғасы екенін көрсетеді. Бұл – тек экономикалық жоба емес, геосаяси тұрақтылық пен өңірлік сенімділікті қамтамасыз етеді.
Нұртас БАЙЖАНОВ,
«Ауыл» партиясының Атырау облысы бойынша өңірлік филиал төрағасы