Қарақат Әбден перзентхана қызметкерлерімен кездесті
Президенттікке кандидат Қарақат Әбден Екібастұз қалалық ауруханасы жанындағы перзентханада жас аналармен және медицина қызметкерлерімен кездесті.
Қарақат Әбден өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырып, ақ халатты абзал жандардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. «Сайлауалды бағдарламамның әлеуметтік бағдары басым болғандықтан, онда денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінген. Әсіресе ана мен сәби өлімінің алдын алу, сирек, яғни орфандық аурулары бар балаларға көмек көрсету, денсаулық сақтау саласын дамыту басты назарда болмақ», — деді үміткер.
Сайлаушылар Қарақат Әбденнің ұсынған бағдарламасы ана мен бала денсаулығын жақсартуға, дәрігерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Жиыннан кейін Қарақат Әбден перзентхананың бас дәрігерімен бірге жас аналар мен сәбилердің жағдайын білу үшін перзентхана палаталарын аралады.
Үміткердің Екібастұз қаласындағы сенімді өкілі Анар Айдарханова мәлімдегендей, қалада Қ.Әбденнің сайлауалды штабы тұрғындарды ақпараттандыру бойынша жұмыс істеп жатыр.
Еске салсақ, Қарақат Әбден бұған дейін Ақмола облысы, Қарағанды және Астана қалаларының тұрғындарымен жүздескен еді. Алдағы күндері үміткер Павлодар,Абай және Алматы облысының сайлаушыларымен кездесу өткізеді.