Саясат

ПРЕЗИДЕНТ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТ

 

Атырау-Индер тас жолының Азия бетіне күрделі жөндеу жүргізілгені көптің көңілінен шығып, үлкен шаруа тындырылды. Жол қатынасының жақсы болуы көптеген күрмеулі мәселенің шешілуіне, елді мекен орталықтарына қарым-қатынас жақсарып, тұтастай алғанда, әлеуметтік-экономикалық жағдайға да оң әсері болары анық.

 Еуропа мен Азия құрлықтарының ортасында орналасқан өңіріміз – Қазақстан мен көршілес Ресейді жалғастырып тұрған сенімді көпір. Екі елдің басшыларының қатысуымен былтырғы жылы ХІ аймақаралық экономикалық форумның Атырау қаласында өтуі де сондықтан. Осы форумға дайындық барысында біраз жұмыстар жасалып, игі шаралар атқарылғаны белгілі. Және оған қатысты көптеген шараларға белсене атсалысып, ел игілігіне арналған ғимараттар құрылысының уақытында, сапалы салынып, пайдалануға берілуіне үлес қосқанымды ел сеніміне лайықты еңбек етудің, туған өлкеге деген перзенттік парызымның бір сипаты деп санаймын.

 Мен облыстық мәслихат депутаттығына №24 сайлау округінен, Қызылқоға ауданынан сайландым. Депутаттық жұмыстарыма тоқталар болсам, ауданның өзім сайланған елді мекендерінде болып, сайлаушылардың ұсыныс-тілектерін үнемі назарда ұстап, маған берілген үлкен сенім деп санап, іске асырылуына ден қойдым.

Осы аудандағы депутаттық жұмысымды бастағанда өңірдегі қордаланған мәселелер туралы атқарушы билік атына хат жіберіп, қаржыландыру мәселесінің жайын анықтауды қажет деп таптым. Көптеген қиындықтың шешімін табу – облыстағы ең шалғай орналасқан ауданға жол қатынасын, яғни автокөлік жолдарын жақсарту бағытындағы жұмыстан басталу керектігін жеткіздім. Сөйтіп, маңызды саналатын әлеуметтік салаларды дамыту (жол құрылысы, сумен қамту, білім, мәдениет орындары құрылысы немесе оларды жөндеу, т.б.) мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі іс-шаралардың аясында жүзеге асырылуына, бюджеттік қаржылардың уақытылы бөлініп, тиімді жұмсалуына, нәтижелі жұмыс атқарылуына мүдделі екендігімді танытып келемін.

Депутаттық корпуста облыстық мәслихаттың «Бюджет, қаржы, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссияның төрағасы ретінде заң талаптарын басшылыққа ала отырып, комиссия құзыретіне қатысты облыс көлеміндегі мәселелерді шешу бағытында жұмыстар атқарып, мәслихат сессияларына ұсыныстар беріліп отырды.

Осы ретте айта кетсем, аудан әкімияты тарапынан менің атыма жолданған қандай ма мәселе болса да, айрықша мән беріп, тиісті орындардың басшыларына қозғау салып, мәселенің оңынан шешілуіне, әсіресе, бюджеттік қаржыландырылу мәселесінің шешілуіне мүдделі болдым.

Соңғы екі жылға жуық уақытта депутат ретінде жеке және заңды тұлғалармен 100-ге жуық хат алмасулар болса, соның бірқатары Қызылқоға ауданының тұрғындарынан немесе әкімдігінен келген екен. Олар бойынша құзырлы органдарға хаттар жолданып, жеке өз тарапымнан да тиісінше жұмыстар жүргізіліп отырды.

Бүгінгі таңда ауданда шешімі табылмай отырған мәселелер де  бар екені белгілі. Атап айтсам, ауыз сумен қамтуды жақсарту, мал арасындағы сарып ауруын болдырмау бағытындағы жұмыстарды жандандыру, халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы жұмыстар күн тәртібінен түспейтін мәселелер болып отырған тұста, мен де өзімнің сайлауалды бағдарламама сай депутаттық қызметімді жүзеге асырып, ол мәселелердің аудан тұрғындарымен бірлесе шешімін табуға өз үлесімді қосатыныма сендіремін. Сөйтіп, өткен жылдары басталған мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі ауқымды іс-шаралардың үстіміздегі жылы да жалғасын таба берері сөзсіз.

Енді басталған 2015 жыл ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызды ұлықтау және бүгінгі күнге дейінгі қол жеткен жетістіктерді бағалау жылы болмақ. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата заңымыз – Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтпекпіз.

Мәңгілік Ел болу ата-бабаларымыздың мыңдаған жылғы асыл арманы еді. Бүгінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігі мен пайымды парасатының арқасында осы асыл мұрат ақиқатқа айналып келеді. Тәуелсіз Қазақстанды Мәңгілік Ел ету – біздің ұрпақтың басты мақсаты, ұлттық ұранымыз, ұлттық идеямыз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақ халқының ұлт болып өркендеуіне жол ашып, жағдай жасау, оның тілі, ділі, мәдениеті кеңінен құлаш жаюы үшін зор мүмкіндіктер туғызады. Бұл мақсатқа жету жолында бәріміз жұмылып, елімізде бірлік пен тұрақтылықты сақтап, оны нығайтумен бірге аянбай еңбек етуіміз керек деп білемін.

 Өткен жылда қол жеткен жетістіктер бүгінгі күнге өлшем емес, жаңа жетістіктер мен еңбек жеңістеріне бастау болары айқын. Бейбітшілік пен бірлік, татулық пен тұрақтылық мәңгілік салтанат құрған еліміздің ертеңі жарқын, келешегі кемел болуының жолын жан-жақты қарастырған Жолдау жүктеген міндеттерді абыроймен атқару – біздің ортақ міндетіміз. 

 

Әділ Жұбанов,

облыстық мәслихаттың депутаты

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button