Президент сайлауы: үгіт-насихат жұмыстарына неше күн беріледі?

sailau256 Саясат

Сайлау алдындағы үгіт тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін басталып, 2022 жылғы 22 қазаннан 19 қараша сағат 00-00-ге дейін жалғасады.

Бұл процеске берілген 28 күн түгесілген шақта «тыныштық күні» жарияланады – 19 қараша сағат 00.00-ден 20 қараша сағат 00.00-ге дейін.

Дауыс беру 2022 жылғы 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша 07-00-ден 20-00-ге дейін өтеді. Әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша дауыстарды санау нәтижелері аумақтық комиссиялардың отырыстарында белгіленеді және ОСК-ға екі күндік мерзімде (22 қарашадан кешіктірмей) жеткізіледі. Демек, сайлаудың алдын ала қорытындылары 21-22 қараша аралығында жариялануы шарт.

Заңнамада сайлау қорытындыларын белгілеуге және жариялауға, сайланған Президентті тіркеу сайлаудан кейін 10 күннен аспайтын мерзімде көзделген. Бұл жолы сайлау қорытындыларын анықтап, сайланған Президентті тіркеуге 7 күн беріліп отыр – 21.11.2022 ж. – 27.11.2022 ж.

Қорытып айтсақ, кезектен тыс президент сайлауы дауыс беру күнін қоса есептесек, Жарлық жарияланған күннен бастап 60 күннің ішінде өтуі керек. Үміткер ұсыну кезеңі 19 күнге, қолдардың сәйкестігін анықтау, беру, жинау және тексеру 29 күнге, сайлау алдындағы үгіт-насихат 28 күнге, дауыс беру алдындағы «тыныштық күні» 1 күнге, дауыс беру процесі 1 күнге, қорытындыларды белгілеп, сайланған Президентті тіркеу 7 күнге созылады. Ал, бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау қорытындылары туралы ақпараттық хабар сайлау өткізілген күннен бастап 10 күннен қалмай, яғни 30 қарашадан кешіктірмей жариялануы керек.

Байқаушылар мен БАҚ өкілдерін аккредиттеу

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша аккредиттейді. Аккредиттеуді өткізу дауыс беру күніне бес күн қалғанда, яғни 2022 жылғы 14 қарашада елорда уақыты бойынша 18.00-де аяқталады. Сондай-ақ, 1 қарашаға дейін аумақтық сайлау комиссияларының құрамдарын оқытуды аяқтау, 18 қарашаға дейін учаскелік сайлау комиссияларының барлық мүшелерін оқыту жоспарланған.

ҚазАқпарат

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз