Жарнама
Саясат

Полымбет ХАСАНОВ тәуелсіздік жылдарындағы аудан жетістіктерін баяндады

Тәуелсіздікке қол жетіп, ел еңсесін тіктегелі бері уақыт дөңгелегі шыр айналып, 30 жылды да тарихқа хаттап үлгерді. Әрине, бұл тарих үшін аз аралық болғанымен осы мезгіл ішінде ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Бүгінде Қазақстан Орта Азиядағы көшбасшы елге айналып отыр. 30 жылдағы оң өзгерістер Исатай ауданының да әлеуметтік-экономикалық дамуынан, күнделікті өмірінен анық байқалады.

Қазіргі таңда «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты 2025 жылға дейінгі бағдарламасы Исатай ауданында жоспарға сәйкес орындалып, аудан әлеуметтік-экономикалық даму үстінде.

Өндірісте – өсім, кәсіпте ілгерілеу бар

Жер үстінде төрт түлігі, астында қара алтыны мол Исатай ауданында өндіріс көлемі жыл санап артып келеді. 1997 жылы ауданның өнеркәсіп өнімінің көлемі 14,8 млрд. теңге болса, биылғы есепті мерзімде өнеркәсіп саласының өндірген өнімі 157,8 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 8,9 млрд. теңге, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі – 825 млн. теңге.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұмыссыздық ең өткір мәселе болатын. Біздің аудан ғана емес, ел бойынша екі қолға бір күрек таппай қиналған азаматтар қатары көп болғаны есімізде. Елбасының экономиканы бірінші кезекке қою саясаты жемісін беріп, уақыт өте келе, әр азамат тұрғылықты жерінен нәпақа табатын күнге де жеттік. Бүгінгі таңда ауданда 1 377 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасап, онда 2021 адам қызмет етуде. Биыл жаңадан 12 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, 26 адам тұрақты жұмыспен қамтылды және кәсіпкерлікті дамыту бағытында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар аясында 48 жобаға 281,4 млн. теңге несие берілді.  

Ауыл тірегі – 

ауыл шаруашылығы

Исатай ауданы – өндіріспен қатар, ауылшаруашылық потенциалы жоғары өңір. Әсіресе, атакәсібіміз – мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Бүгінде малды асылдандырумен айналысатын шаруа қожалықтарының қатары көбейіп келеді. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы өнімнің көлемі 5 972,1 мың теңге болып, жалпы өнім шығарылымы 105,5  пайызды құрауда. Сондай-ақ, төрт түлік санында өсім бар. Мүйізді ірі қара – 2 1331 бас, жылқы – 2 1017 бас, түйе – 8 209 бас, қой-ешкі – 38 508 бас, құс 2 249-ға жетті.

Аудан аумағындағы Бақсай, Нарын, Сборный және Кобяково-Забурын суару-суландыру жүйелері арқылы су жеткізу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. 

Ауыл шаруашылығы саласының негізгі мәселесі – суландыру каналдарының жағдайы болатын. Проблеманы шешу мақсатында ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмеген «Қызылүй» каналына бюджеттен қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, бағаның негізсіз өсуін болдырмау және күнкөрісі төмен отбасыларға әлеуметтік қолдау жасауға ықпал ету мақсатында ауданның 27 кәсіпкерімен меморандум жасақтау туралы келісімге келдік.  

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында аудан орталығы Аққыстау ауылында әр аптаның жұма күні, басқа ауылдық округтерде әр аптаның бейсенбі күндері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты ұйымдастырылады. Мұнда жергілікті кәсіпкерлермен бірге Батыс Қазақстан облысынан, көршілес Махамбет ауданы, Атырау қаласынан келген кәсіпкерлер өз өнімдерін аудандағы азық-түлік дүкендерінің бағасынан 10-15% төмен бағамен сатуда.

Білім саласы – 

басты назарда

«Nur Otan» партиясы бағдарламасындағы негізгі басым бағыттардың бірі –әлеуметтік саланы нығайтып, білім сапасына ерекше көңіл бөлу, оқушылардың білім алуына жағдай жасау, қолайлы орта қалыптастыру, материалдық-техникалық базаны жақсарту. 

Қазіргі уақытта ауданымызда 320 орындық білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. «ТШО» компаниясының  демеушілігімен Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепке 350 орынға арналған жапсаржай салынуда. Ю.Гагарин атындағы орта мектепке толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауданымыздың 4 мектебіне ағымдағы жөндеу және кітапхана мен асханаларына күрделі жөндеу жүргізіледі. 

Мүмкіндігі шектеулілерге – 

үлкен мүмкіндіктер

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығын қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау – мемлекетіміздің маңызды міндеттерінің бірі. Осы орайда, өңірде 2021 жылдың қыркүйек айында 610 адамға 31,3 млн. теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ауылдық елді мекендерде тұратын және жұмыс істейтін әлеуметтік сала мамандарына отын сатып алу үшін 1 072 алушыға 5,3 млн. теңге әлеуметтік көмек төленді. Мүгедек  балаларын үйде оқытатын 17 отбасыға 644,0 мың теңге әлеуметтік көмек көрсетілді. «Мүгедектерді жеке оңалту» бағдарламасы бойынша 195 адамға осынша протездік-ортопедиялық, тифлотехникалық, сурдотехникалық, арнаулы жүріп-тұру құралдары берілді. Партияның сайлауалды бағдарламасы жол картасының жобасы аясында медициналық-әлеуметтік мекемелерде міндетті гигиеналық құралдармен 116 мүгедектің сұранысы қанағаттандырылды. 

Жол сапасы – 

жайлы тұрмыс кепілі

Исатай ауданы арқылы өтетін республикалық «Атырау – Астрахан» тас жолы құрылыс жұмыстарының басталуы тұрғындардың асыға күткен  жаңалығы болатын. Ауданның көлік қатынасын дамытуға, ауыл іштерін сапалы жолдармен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жобалар іске асырылуда. 

Биыл Нарын ауылында 12,1 шақырымға автокөлік жолының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Тұщықұдық ауылы ішіндегі 6 шақырым жаяу жүргіншілерге арналған жол құрылысы аяқталса, 8,3 шақырымдық автокөлік жолының құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге, Жанбай ауылында 9,5 шақырымдық автокөлік жолы салынуда.

Ауылдарды кешенді дамыту мақсатындағы «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында Аққыстау ауылындағы ауылішілік автокөлік жолдарын қайта жаңғырту бойынша 16,3 шақырымға (31 көше) жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2021 жылға бөлінген қаражатқа сәйкес тиісті жұмыстар жасақталып, ол келесі жылы да жалғаспақ.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтың бұқаралық спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы басты назарда болуы тиіс деген болатын. Бұл бағытта ауданда жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, биыл Жанбай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, жақын күндері  пайдалануға беріледі. Аққыстау ауылының Қаратүбек шағын ауданында футболдан кіші аяқ доп алаңы қолданысқа берілді. Сондай-ақ, тұрғындардың сұранысымен Өркен елді мекенінен футбол алаңымен бірге балалар ойын алаңының құрылысы аяқталып, 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күніне орай пайдалануға тапсырылды. Аққыстау ауылындағы орталық футбол алаңы жай жөндеуден өтті. Келесі жылы Тұщықұдық ауылында жаңа спорт кешені салынады. 

Көгілдір отын елді 

мекендерге де жетеді

Аудан халқының әл-ауқатын жақсарту үшін елді мекендерді 100 пайыз табиғи газ желісімен қамтамасыз ету – басты міндет. Қазіргі уақытта ауданымыз 97 пайыз көгілдір отынмен қамтылған. Биыл Зинеден ауылдық округіне қарасты Амангелді елді мекенінде табиғи газ желісі іске қосылды. Ұзақ жылдардан бері халықтың сұранысын тудырып келген Жасқайрат, Қызыл үй елді мекендеріне де газ желісін тарту жұмыстары биыл басталып, 2022 жылы аяқталады деп жоспарлануда. 

Тәуелсіздікке тарту

Тәуелсіз ел болып, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған, мемлекет ретінде танылған 30 жыл ішінде Исатай ауданында да талай ауқымды істер атқарылды.

Қазақ халқының тарихында азаттық үшін алысқан батырлар аз болмаған. «Ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға  алған» есіл ерлердің бірі – Исатай Тайманұлына арналып, 2019 жылы Аққыстау ауылынан ескерткіш орнатылды. Биыл батырдың туғанына 230 жыл толып отыр. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында айтулы мерейтойға орай «Ел теңдігін аңсаған – Исатай батыр» атты облыстық ғылыми-практикалық конференция және «Бабалар аңсаған тәуелсіздік» атты театрландырылған қойылым қойылды. «Тәуелсіздікке – тәубе» тақырыбымен өткен облыстық ақындар айтысы халықтың рухын көтеріп, көңілінен шыққан мәдени шаралардың бірі болды.

Өткенімізден сыр шертіп, келесі ұрпаққа рухани қазына ретінде Нарын ауылында – «Құмаршық», Жанбай ауылында – «Бекіре», Тұщықұдық ауылында «Қобыз» шағын сәулет нысандары бой көтеріп, Зинеден, Х.Ерғалиев ауылдарына  ауыл аты жазылған арка орнатылды. 

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына тарту ретінде Аққыстау ауылының орталығынан «Тәуелсіздік» мүсіндік композициясы бой көтерді. Биіктігі 16 метр болатын тәуелсіздік мұнарасының ең биік басында ұлтымыздың киелі шаңырағы бейнеленген. Тәуелсіздігіміздің символы атанған қыран бүркіт  мүсіні мұнараның жоғары бөлігінде орнатылды. Алаң халқымыздың өткенін бүгінмен, бүгінін келешекпен жалғастырып жатыр. Мұнда терең тарихымыз, мәдениетіміз айшықты өрнектелген. Аталған алаңды Тәуелсіздік күніне орай  ашуды жоспарлап отырмыз.

Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!

Шағын және орта бизнестің қарқын алуы және мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүргізілуі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге айтарлықтай әсер етіп отыр. «Nur Otan» партиясының алға қойған негізгі бағыттарының бірі ретінде қазіргі күнге дейін, жұмыссыздықтың алдын алу бойынша ауқымды шаралар жүзеге асып келеді. Аудандық жұмыспен қамту орталығына 1 173 адам есепке алынып, 815 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 809-ы уақытша жұмыспен қамтылды. Ресми жұмыссыздық деңгейі – 3,4 пайыз. Биыл 51 адам қайта даярлау курсына оқуға жіберіліп, оның ішінде 39 жұмыссыз жұмысқа орналасты. Кәсіпкерлік негізде «Бастау Бизнес» жобасы аясында 108 адам оқытылып, оның ішінен 22 адам 85,3 млн. теңге микрокредит алса, 40 адам 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болып, өз кәсіптерін бастап жатыр.

Исатай ауданының әкімі , 

«Nur Otan» партиясы маудандық 

филиалының төрағасы Полымбет ХАСАНОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button