Партиялық емес байқау орталығының 22 мыңнан астам байқаушысы сайлауға қатысады
20 қарашада өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына Партиялық емес байқау орталығының 22 мыңнан астам байқаушысы қатысады. Бұл туралы ҚазАқпарат аталған орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Байқаушылардың басты міндеті – сайлау кезінде азаматтардың өз еркін білдіру бостандығының бұзылуына жол бермеу.
«Еліміздің барлық өңірінде 22 мыңнан астам адамды қамтитын байқаушылар пулын құрдық. Орталық пен аймақтық филиалдар байқаушыларды толық қамтыған 300-ге жуық оқу іс-шараларын өткізді. Оқу процесінде сайлау заңнамасының негіздеріне ерекше көңіл бөлінеді. Байқаушылардың құқықтары мен міндеттері қарастырылып, сайлау учаскелерінде болған заң бұзушылықтарды жою және даулы мәселелерді шешу шаралары түсіндірілді», — деді Партиялық емес бақылау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, ол орталықтың байқаушылары заңнаманың барлық талаптарының сақталуын және 19 қарашада тыныштық күнін қадағалайтынын атап өтті. Бұл күні кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынады.
«Бүгін сағат 00.00-де кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары аяқталады. Ол өзінің жоғары тиімділігімен ерекшеленді. Сайлау штабтары қысқа мерзімде ауқымды ақпараттық жұмысты қолға алды. Өз кезегінде БАҚ барлық кандидаттарға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етті. Сарапшылардың айтуынша, тұрғындармен кездесулер жоғары деңгейде ұйымдастырылды, ел азаматтары сайлауға қатысуға дайындалған. Барлық үдеріс заңнаманы бұзбай, нақты, үйлесімді өтті», — деді Т. Күнәділов.
Айтуынша, орталықпен серіктестікте 141 ҮЕҰ жұмыс істейді, олар байқаушыларды даярлау мен оқытуға жәрдемдесіп отыр.
«Барлық байқаушылар әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілген, атап айтқанда, байқаушының жұмыс блокноты әзірленді, онда сайлау процесінің барлық ерекшеліктері ескеріліп, бұзушылықтар туындаған жағдайда байқау және тіркеу үшін қажетті ақпаратпен қамтылды. Сонымен қатар, байқаушылар үшін жаднамалар, сайлау туралы заңнамадан үзінділер, сайлау барысын бақылау ережелері, байқаушылардың міндеттері мен жауапкершілігі және басқа да материалдар дайындалды», — деді Т. Күнәділов.
Сонымен қатар, ол президенттікке кандидаттардың штаб басшыларымен және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) Қазақстандағы сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының халықаралық бақылаушыларымен кездесулер туралы хабарлады.
«Кездесулерде біз орталықтың сайлауды қоғамдық бақылауға қатысуының мақсаттары мен міндеттерін айттық, сондай-ақ азаматтардың ерік бостандығын бұзуға жол бермеу туралы өз ұстанымымызды білдірдік», — деп нақтылады спикер.
Сонымен қатар, Партиялық емес байқау орталығының өкілдері бірқатар сайлау учаскелеріне барып, олардың дауыс беруге дайындығымен танысты.
Орталық басшысы хабарлағандай, 20 қарашада сайлау күні байқаушылар әр учаскеде оның ашылуынан бастап, дауыстарды санау аяқталғанға дейін болады.
Әрбір байқаушыға барлық алынған мәліметтер мен анықталған бұзушылықтарды тіркейтін арнайы жұмыс блокноты берілді.
Байқау қорытындысы бойынша блокноттар талдау жүргізу және байқау барысы туралы анық қорытынды ақпаратты дайындау үшін Орталықтың штабтарына беріледі.
Дауыс беру күні бойы байқау процесі мен байқаушылардың қызметін үйлестіру үшін жедел республикалық және өңірлік штабтар жұмыс істейді.
Байқаушылар берген деректер бойынша учаскелердегі жағдайды Партиялық емес байқау орталығы әлеуметтік желілерде жариялайды.
Бақылау нәтижелерін Орталық 21 қарашада жариялауды жоспарлап отыр.
«Байқаушы болу – елеулі жүктеме және үлкен жауапкершілік. Еліміз үшін осы жауапты сәтте біздің басты мақсатымыз – сайлау барысында заңдылықтың сақталуына және дауыстарды санауға қоғамдық бақылау жүргізуге атсалысу екенін еске салғым келеді», — деп толықтырды Төлеген Күнәділов.