ӨТКЕНДІ БЕЗБЕНДЕУ, БОЛАШАҚҚА БАҒДАР
Екі қабаттан тұратын балабақшаның төбе жабындысы толықтай ауыстырылып, ішкі қабырғаларын сылау, әктеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, жылу жүйесі, есік-терезелері, едені, электр желілері, жабдықтары, сыртқы қоршауы толық ауыстырылды. Облыс орталығындағы балабақшалардан еш кем түспейтін аталған мектепке дейінгі білім беру нысанының жұмысына аймақ басшысы сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, облыс әкімі аталған селолық округ әкімі аппаратының ғимаратымен танысты. Елбасының ауыл әкімдерін қолдау, оларға жағдай жасау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында бұл ғимаратты күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 14 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Индер балалар өнер мектебі биылғы оқу жылында күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы жаңартылған болатын. Өнер мектебінің қазіргі жағдайы өте жақсы. Сынып бөлмелері кең, жарық әрі жылы. Мектеп директоры Ералы Сахиповтың өтінішін қабыл алған облыс басшысы жаңадан 12 пианино алып беруге уәде етті.
Елтай ауылындағы мәдениет үйінің жаңа ғимаратын да өз көзімен көріп, жаңа нысандардың жақсылығымен бөліскеннен кейін аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов ауданның актив жиналысына қатысып, аудан әкімі Серік Арыстанның өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы өркендеу бағытын қамтыған есебін тыңдады.
Жиын барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы — 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында жүктелген тапсырмалар кеңінен сөз болды. Бұл бағытта шешімін күткен мәселелерге тиісті талдаулар жасалып, нақты міндеттер қойылды.
Өткен жылы тұрғындардың өз күштерімен 8 мың 412 шаршы метр жерге тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша екі балабақша күрделі жөндеуден өткізілді.
Былтыр үш ауыл шаруашылығы жобасы облыс әкімдігі тарапынан қолдау тауып, қаржыландырылған. Атап айтсақ, олар — Көктоғай селосынан «Алға-1» шаруа қожалығы, құны 170,0 млн. теңге құрайтын «Қымыз-шұбат» өндірісі цехын ашу, жайылмалы мал басын ұлғайту, Бөдене ауылынан «Медет» шаруа қожалығы 15 га жерге тамшылатып суару әдісімен картоп және көкөніс егу және Индербор кентінен «Алға» шаруа қожалығы ет және сүт өнімдерін дайындап, сату орталығы жобалары. Бұл жобалар халықты жұмыспен қамтуға оң септігін тигізумен қатар, тұрғындарды жергілікті өніммен қамту мәселесін шешпек.
— Аудандағы Жарсуат ауылдық округіндегі Кетебай елді мекенінен басқалары табиғи газ отынын пайдаланып отыр. Индерліктер үшін көлік инфрақұрылымын дамытудағы басты жаңалық Атырау-Индер тасжолын күрделі жөндеу жұмыстарының басталуы болса, алдағы күндердің еншісінде басталған жол құрылысын аудан орталығына дейін жеткізу және тасжол бойындағы Жарсуат, Құрылыс, Бөдене ауылдарының кіреберіс жолдары мен ауылішілік негізгі көшелеріне күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарын жасақтау, сондай-ақ, Аққала және Ынтымақ елді мекендеріне кірме жолдар мен аудан орталығындағы кентішілік жолдарын жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың жоспарына енгізу міндеттері тұр, — деді аудан әкімі Серік Арыстан.
Басқа да оң істер аз емес. Бір қуантарлығы, биыл ауылдардағы мәдениет ошақтарына күрделі жөндеу жүргізілмекші. 2011-2015 жылдарға арналған аумақтық даму бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес Индер ауданы орталығында — 400, Бөдене ауылында — 200, Есбол ауылында 300 орындық мәдениет үйлерінің жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, «Теңізшевройл» ЖШС демеушілік танытпақшы. Сондай-ақ, аудан әкімі алдағы уақытта аудан орталығынан 400 орындық стадион құрылысы, Есбол ауылынан 200 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталып жатқанын жеткізіп, халықты қуантып қойды. Сонымен қатар, ауданның денсаулық сақтау саласына әлі де 14 маманға қажеттілік бар екенін де атап өтті.
Аудан әкімінің есебінен соң жарыссөздерге кезек беріліп, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салды. Еңбек ардагері Мақсым Елеуов Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай аудандағы Мәңгілік алауларды жаңғырту жөнінде ұсынысын ортаға салса, Көктоғай ауылындағы «Жамбай» шаруа қожалығының директоры Ғалымжан Нұғыманов аудан әкімінің есебіне, атқарылған жұмыстарға оң бағасын бере келіп, Жайық өзенінің тайыздалу мәселесін алға тартты.
— Жайық өзені тайыздалып, әрі тарылып барады. Бұлай жалғаса беретін болса, халық та, мал да болашақта сусыз қалу қаупі төніп отыр. Өңірде су тапшылығы мәселесінің алдын алу мақсатында Батыс Қазақстан облысынан бірқатар каналдарға су айдау насостары әкелінетіні жөнінде естідік. Осыған орай, біздің ауданымызға да аталған қондырғыны орнатуды сұраймын, — деді ол. Сондай-ақ, ол жем-шөп дайындау мәселесін де көтерді.
Ал, «Жас Отан» жастар қанаты аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әсел Сарғойжина жастарды демалыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығынан саябақ ашу және бос тұрған аудандық ішкі істер бөлімінің ескі ғимаратын пайдаланып, сауықтыру кешені ретінде ашу жөнінде ұсыныс білдірді.
«Алғабір» шаруа қожалығының директоры Ақеділ Шалқаров – Индер өңірінде мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен өз кәсібін дөңгелентіп әкеткен жеке кәсіпкердің бірі. Ол Үкіметтен алған несиесін аз ғана уақыттың ішінде толығымен қайтарған екен. Он бес гектар жерге картоп егіп келді. Ендігі кезекте егіс алқабын 50-60 гектарға өсіруді жоспарлауда. Сондай-ақ, шұбат зауытын салу үшін облыс әкімінен көмек сұрады.
— Ауданда дәрігерлер тапшы, әсіресе, көз дәрігері жоқ. Облыс орталығына барып қаралуға тура келеді. Алайда, жол ұзақ. Сонымен қатар, оқушыларды мектептерге тасымалдау мәселесі шешілсе игі болар еді. Мәселен, аудан орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке оқушылар бес шақырым жерден қатынасса, Көктем мектебі мен ауыл шетіндегі үйлердің қашықтығы екі-үш шақырымды құрайды. Ата-аналар балаларын мектепке таксимен апаруға мәжбүр, — деді ардагер ұстаз Ғайни Ғабдуллина.
Аймақ басшысының тапсырмалары:
Аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін, сауалдарын мұқият тыңдаған аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов өткен жылғы аудан әкімінің есеп беру жиналысында индерліктер тарапынан сегіз ұсыныс түскенін жеткізіп, алайда, соның ішінде «Индер-Цемент» зауытын ашу ұсынысы қолдау таппағанын қадап айтты. Сонымен бірге, өңірде атқарылар басты міндеттерді саралап берді.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша өткен жылы егін көлемін ұлғайту жөнінде тапсырма 50 пайызға ғана орындалды. Оның басты себебі – егін шаруашылығымен айналысатын құрылымдардың жеткіліксіздігі. Индер ауданында егінмен жұмыс жасауға қолайлы жағдай бар. Сондықтан, бұдан былай жермен жұмысқа ерекше назар аудару қажет.
Ауылда жұмыссыз отырған жан жер алып, егінмен айналысса, табыс табады, әрі отбасын асырайды, осыны дұрыс түсінгеніміз жөн.
Тұрғындар терможаңғырту жұмыстарының өздеріне тиімділік беретінін әлі толық түсінбей келеді. Сондықтан, мемлекеттік бағдарламаларды халыққа насихаттау, түсіндіру жұмыстарын күшейту керек.
Дәрігерлерге, мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету қажет.
Әлеуметтік орындарды күрделі жөндеу мен жаңа құрылыстардың сапалы жүргізілуіне қатаң бақылау орнату, қысқы маусымның еш кедергісіз қорытындылануын қамтамасыз ету, білім сапасын арттыру, туберкулез ауруымен күресті күшейту, емдеу орындарын дәрігерлермен қамтуды жақсарту, қылмысқа қарсы күресті жетілдіру қажет.