ҮЙ БӨЛУДІҢ ҮЙДЕЙ ДАУЫ

«Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Онда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары, сондай-ақ құрылыс бөлімдері бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған іс-шаралардың жүзеге асырылу жайы қаралды. Бұл жөнінде аталған салалық бөлімдер басшыларының хабарламалары тыңдалды.

alogo1223333334Мәлімделгеніндей, тек биылғы жылдың тоғыз айында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне облыс пен қала әкімдіктерінен 5000-ға тарта хат, жеке тұлғалардан 4474, заңды тұлғалардан 630 арыз-шағым келіп түскен. Соның ішінде тұрғын үй секторы бойынша қабылданған 3214 арыз-шағымның 1499-ы (көтерген мәселесіне байланысты және қажеттілігіне қарай) облыс пен қала әкімдеріне, 1745-і халыққа қызмет көрсету орталықтарына жолданған. Алайда, бұрыннан бері айтылып келе жатқандай мекеменің өзінде азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдарын қабылдайтын жәшіктер орнату мәселесі шешілмеген. Оның үстіне, бөлім басшылығының тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау күндері бекітілгенімен, белгіленген кесте сақтала бермейді екен. Тұрғындардың қойған сауалдарының, толғандырған жайларының жауапсыз қалу фактілері кездеседі.
Кеңес отырысына қатысқан «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұханов атап өткендей, осындай жауапсыздық пен немқұрайдылықтың салдарынан жекелеген азаматтар тарапынан бөлім басшылығы мен қызметкерлерінің атына реніш білдіру бағытындағы шағымдар көптеп түсіп жатады. Осыған орай, мемлекеттік мекемеде қалыптасқан ахуалдың анық-қанығын біліп, мәселенің мән-жайына көз жеткізу үшін қоғамдық кеңес жанынан партиялық комиссия құрылып, тексеру жүргізіпті.
Нәтижесінде көптеген кемшіліктердің беті ашылып, тұрғындар ренішінің негізсіз еместігіне көз жеткізілген. Мәселен, бөлімнің есебіндегі соңғы 10-15 жылдағы тұрғын үй алушылар кезегінің іс-түзсіз жоғалып кету фактілеріне де жол берілген. Оның есесіне, заңсыз бола тұра, жекелеген азаматтарға баспананың кезектен тыс беріліп кету деректері, басқа да келеңсіздіктердің орын алғандығы белгілі болды. Ең бір сорақысы сол, 2004 жылдан бері кезекте тұрған жетім балалар баспанамен қамтамасыз етілмей, оның орнына «толық емес отбасы» санатымен осы бөлімнің штаттан тыс бір қызметкеріне негізсіз үй берілген болып шықты.
Тағы бір мәлім болғаны, жемқорлықпен күрес шараларын жүргізбек түгілі, қоғамдық кеңестің алдында есеп беріп отырған бөлімде оның нақты, жүйелі жоспары да жасақталмаған. Мекеменің заңгер маманы Қайрат Кенжәлиевтің айтуынша, тек соңғы бірнеше жылда шаһар бойынша ұзын саны 800-дей пәтер кезегінің реті сақталмастан берілген екен. Түсіндіруінше, осынша баспана облысқа қызмет етуге келген немесе бюджеттік мекемелерге қызметке тартылған мамандарға кезексіз үлестірілген. Осылайша, бұл пәтерлердің тең жартысын (400-ін) мұғалімдер мен дәрігерлер еншілеген және де қалалық тұрғын үй бөлу комиссиясының шешімімен бөлінген. Заңсыз берілгендігі ескеріліп, 15-тей пәтерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде сот шешімі жарияланған. Екі-үш пәтердің иесі сот ұйғарымын күтпей-ақ, ойда-жоқта бұйырған «оңай олжаларын» өз еріктерімен қайтарып та үлгерген.
Ал, тұрғын үй секторынан ұсынылған мәліметтерде бұдан былай қалыптасқан жағдайды түзетуге күш салынатындығы, ағымдағы жылдың аяғына дейін жетімдерге және ахуалы төмен әлеуметтік санаттағыларға, аса мұқтаждарға кем дегенде 50-дей пәтер кілтінің тапсырылатындығы алға тартылды.
Отырыста, сонымен бірге қалалық құрылыс бөлімі бойынша да осы бағыттағы кемшіліктер атап айтылып, атқарылып жатқан шаруаларға шолу жасалды.
Күн тәртібінде қаралып, талқыланған мәселелерге қатысты қаулы қабылданып, шешімдер алынды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз