Жарнама
Саясат

Ортақ мүдде – тұрақты әріптестік


Президенттің Жолдауындағы Қытайға қатысты айтылған тұстарды саралай отырып, бірнеше маңызды қадамды ерекше атап өтуге болады.
​Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдан бері үздіксіз дамып келеді. Бүгінде екі ел мәңгілік стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Қазақстан Президентіне ерекше ықылас танытуының да өзіндік себебі бар.

Біріншіден, біздің мемлекет басшысы қытай тілін жетік меңгерген, екіншіден, Қытайдың тарихи, өркениеттік, әрі саяси ерекшеліктерін өте жақсы білетін мықты қытайтанушы саясаткер.
​Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Қытай – сыртқы саясатта ерекше орын алатын мемлекет. Сондықтан екіжақты қатынастар тек жеке тұлғалардың өзара сыйластығына ғана емес, жалпы мемлекетаралық түсіністікке, ортақ мүддеге негізделген. Осы уақыт ішінде Қазақстан мен Қытай әрдайым жылы шырайда, өзара тиімді шешімдер қабылдап, қарым-қатынасты дамытып келеді. Президенттің бұл жолғы сапары соның тағы бір айқын дәлелі болды.
​Бұл тек Қытайға ресми сапар ғана емес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясындағы кездесулерді де қамтыды. Президенттің ШЫҰ аясында Су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсынысы – уақытылы әрі өте қажетті бастама. Өйткені климаттың өзгеруі мен су тапшылығы аймақ елдері үшін ортақ сын-қатерге айналып отыр. Бұл бастама Қытайдың су үнемдеу саласындағы тәжірибесін және озық технологияларын тартуға жол ашады.Сондай-ақ Қазақстан Президенті Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған әскери парадқа қатысты.
​Сапар барысында ерекше назар аудартқан мәселе – атом энергетикасына қатысты келіссөздер болды. Өткен жылғы референдумнан кейін Қазақстан атом электр станцияларын салуға кірісті. Алғашқы станцияны Ресей салатыны белгілі болса, келесі жобаларды Қытай жүзеге асыруы мүмкін деген ұсыныс бар. Бұл – Қазақстан мен Қытайдың энергетика саласындағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретін қадам. Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейге шығуы айқын сезіледі. Си Цзиньпинмен өткен келіссөздер барысында атом энергетикасы саласында уағдаластыққа қол жеткізу – тек экономикалық емес, сонымен қатар геосаяси тұрғыдан да өте маңызды шешім. Бұл Қазақстанның энергия қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, елімізді жаңа технологиялық траекторияға шығарады.
​Әрине, Қытайдың бейбіт атом энергетикасындағы тәжірибесі салыстырмалы түрде жас. Дегенмен 1990-жылдардан бері бұл салада айтарлықтай жетістіктерге жетті. Қазіргі таңда Қытайдың технологиясы мен тәжірибесі өте жоғары бағаланады. Сондықтан Қазақстанның болашақ атом энергетикасындағы серіктестігі Қытаймен тығыз байланыста болмақ.

Айболат ДӘЛЕЛХАН,
PhD докторы, қытайтанушы

Арнайы «Атырау» газеті үшін

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button