Президент бастамасымен төрт жаһандық жоба жүзеге асырылуда

6555 Жаңалықтар

Болашақтың энергиясы тақырыбына әлем назарын аудару арқылы балама қуат көздерін өндіруге арналған жаңа технологиялардың ортақ алаңда тоғысуына ықпал еткен ЕХРО – 2017 көрме-кешені бүгінде дамудың жаңа кезеңіне түсті. Қазіргі  таңда  көрме-кешенде Президент   Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен төрт бірдей ірі жаһандық жоба жүзеге асырылуда.

6555

Халықаралық қаржы орталығы

 «Астана» халық­аралық қаржы орталығы – Қазақстан, Еуропа мен Азия нарықтарын біріктіретін қаржы операциялары аймағына айналады деп күтілуде. Сарапшылар Еуразиялық кеңістік ішіндегі ірі қаржылық алаңда шетелдік компаниялар үшін тартымды жағдай жасалатынын айтады. Себебі, қаржы орталығының қатысушысы болып, резиденті атанған және Қазақстан экономи­касының басым салаларына ин­вестиция құйған шетелдік инвесторлардың құқығы халықаралық жоғарғы стандарттарға сай қорғалады. Қазіргі таңда «Астана» қаржылық алаңның алдында алдағы үш жыл ішінде әлемдегі ең атақты 50 халықаралық қаржы орталығының қатарына қосылу міндеті тұр.

Атап өтерлігі, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Президент Нұрсұлтан  Назарбаев   қаржы   орталығының Astana International Exchange (AIX) биржасында алғашқы сауда-саттықты бастап берді. Биржаға әлемдік уран индустриясының көшбасшысы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының акциялары шығарылды.

Стартаптар технопаркі

 «Astana Hub» − көрме-кешен аумағындағы жоғары технологиялық жобалардың бірі. Сарапшылар  Америка жеріндегі әйгілі Кремний алқабының отандық баламасына теңеген технопарк жаңа инновациялық технологиялар мен стартаптарды дамытатын орталық болады. Сондай-ақ, стартаптар технопаркінің алдында ІТ-бизнесті дамытуға мүмкіндік жасайтын хабқа айналу міндеті тұр.

ITУниверситет

Елімізді цифрландыру әлеміне кіріктіретін тағы бір тың  жоба – «IT−   Университет»  деп аталады. Көрме-кешен базасындағы бірегей жоба  «Carnegie-Mellon» және «Singularity University» сынды озық технологиялық университеттермен арадағы ынтымақтастықтың нәтижесінде құрылуда. Мұнда еліміздің цифрлы салаларына қажетті жоғары білікті мамандар инновациялық қарқынды бағдарламалар бойынша оқытылады.

«Жасыл экономика»

«Халықаралық жасыл технология және инвестициялық жобалар орталығы» – ЕХРО көрмесінің бірден-бір мұрасы. Аталмыш орталық баламалы энергия көздері саласындағы ғылыми-зерттеулердің нәтижелері мен озық технологияларды енгізу арқылы еліміздің «жасыл экономикаға» ауысуына импульс бермек.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

* Сіз  не  дейсіз?

Ербол  ШОРМАНОВ,

«Астана  ЕХРО-2017»  ұлттық  компаниясының басқарма  төрағасы:

«Нұр Әлем» жаһандық нысанға айналып үлгерді

– «Астана» халықаралық қаржы орталығы Еуразиялық кеңістіктегі ең алғашқы қаржы орталықтарының біріне айналып, ел экономикасына инвестиция тартатын драйвер болмақ. Бүгінде ел экономикасын сандық форматқа ауыстыру мәселесенің өткір тұрғаны белгілі. Сондықтан, «Astana Hub» Халықаралық IT−  стартаптар технопаркі мен IT−  университет – біздің экономикамыздың цифрлы әлемге бет бұруына серпін бере алатын жобалар. Ал, көрме-кешеннің логистикалық базасы қайта құрастырылған соң, аумағы 21 мың шаршы метр көрме алаңы ашылмақ. Ол алаң әртүрлі халықаралық көрмелерді қабылдай алады.

Бүгіннің өзінде  «Нұр Әлем» сферасы жаһандық нысанға айналып үлгерді. Өйткені, сфера – болашақ энергиясының әлемдік символына айналып, Қазақстан дегенде еске түсетін үлкен нысандардың бірі болып кетті. Бұл нысан – болашақ энергиясының жәй ғана музейі емес, күніне мыңдаған адам баратын ғылыми білім беру орталығы болып отыр. «Робополис» жобасы аясында «Нұр Әлем» сферасында бірегей 17 робот-гид жұмыс істеуде. Виртуалды аймаққа кірген адамдар Астана мен Алматы қалаларына көзбен «саяхат» жасай алады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз