ӨРКЕНІ ӨСКЕН ӨНДІРІСТІ ӨҢІР
Ең алдымен, меймандар Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақсатында қолға алынған тың жоба – «Caspiy Lana Atyrau» түйе және қой жүнін өңдеу және тоқыма фабрикасында болды.
Жеңіл өнеркәсіп дами түспек
Жылына 350 тонна қой жүні мен 100 тонна түйе жүнін өңдеу және 400 000 метр көрпе мен жамылғылар шығаратын жобаны іске асыру үшін «Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ 1 602,5 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, оның ішінде, мақсатты займ түрінде -1 526,1 млн. теңге, жарғылық капиталға үлес түрінде — 76,4 млн. теңге қаражат аударылды.
Ал, «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау және дамыту бірыңғай бағдарламасы шеңберінде құны 40,5 млн. теңгеге инфрақұрылымды жүргізу түрінде мемлекеттік қолдауға ие болды.
Фабрика директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Ерболат Бектеновтің айтуынша, қазіргі таңда тоқыма цехына құрал-жабдықтар алуға италиялық VICOTEXSRL компаниясымен келісім-шарт жасалып, қондырғылар орнатылуда. Қазір итальяндық мамандар монтаждау жұмыстарын сексен пайызға орындады, жұмыс қараша айында аяқталмақшы.
— Жұмыс жоспарға сай жүруде. Желтоқсан айының ортасында фабрика іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Қазір құрылысқа отыз шақты адам жұмылдырылды. Жүнді жеке шаруа қожалықтарынан аламыз және ынтасы бар кез келген адам тапсыра алады. Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен тоқыма саласында жұмсақ жамылғы көрпелер шығарамыз. Келесі кезеңде бұл жұмыстар күрделеніп, нарыққа бейім өнім түрлерін көбейту мақсаты тұр, — дейді ол.
Малдың жүнін алғашқы өңдеу кешені 2 цехтан тұрады. Біріншісі-малдың жүнін жуып-тазалау, бояу, екіншісі-тазаланған жүнді тарап, түбітін алу. Бұдан кейін бастапқы өндеу сатыларынан өткен шикізат тоқыма цехына жөнелтіледі. Бұл – фабрика пайдалануға берілген соң, жергілікті жерден тағы да жұмыс орындары ашылады деген сөз.
Аймақ басшысының айтуынша, жергілікті мамандар Италияға барып оқып келген.
— Қазір дайын мамандарымыз бар. Алайда, алғашқы кезеңде итальяндық мамандар жұмыс істейді. Кейін жергілікті мамандар оларды ауыстырады. Бастапқыда 400 мың көрпе мен жамылғылар және мата шығарылмақшы. Сонымен қатар, алдағы уақытқа басқа да жоспарлар бар. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда күні бүгінге дейін жүн өңдеу саласында толыққанды бірде-бір кәсіпорын жұмыс жасамайды. Сондықтан, біз жүннен дайын өнім шығаруды ұйғардық, — деді аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы.
Жергілікті өнім — халық игілігіне
Облыста табысты жұмыс жасап жатқан кәсіпорындардың бірі – консервіленген көкөніс өнімдерін шығаратын «Атырау Агро Феликс» ЖШС өндірістік кешені. Жобаны іске асыру шеңберінде көкөністер сақтау қоймасы, салат дайындау цехы және әкімшілік ғимараттары іске қосылды. Аталған мекемеде ресейлік «Промхолод» мекемесінің жабдықтары қолданылуда.
Жобаның құны 825 млн. теңгені құрайды, оның ішінде, «Атырау» ӘКК үлесі — 700 млн. теңге, «Феликс» шаруа қожалығының үлесі 125 млн. теңге болып отыр.
Айта кетсек, алғашқы тауарлық өнім 2015 жылдың қыркүйек айында өндірілген болатын. Содан бері көкөніс дақылдары өз жерімізде өсіріліп қана қоймай, өңделіп, құтыланып, дайын өнім күйінде тұтынушыларға ұсынылуда. Бұл – еліміздің «Жаңа индустрияландыру» картасы аясында жоспарланып, іске қосылып отырған бірегей жоба.
Мұнда жылына 75 мың дана құтыдағы өнім мен 370 мың тонна көкөніс салаты дайындалады. Шикізат күйіндегі және дайын өнімдер сақталатын екі бірдей қойма (жалпы сыйымдылығы 8 мың тонна) бар.
Бұдан кейін облыс басшысы Б.Ізмұхамбетов Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатқан тағы бір жоба – «Асыл Агро» ет өңдеу кәсіпорнында болды. Кәсіпорын директоры Нұфтолла Құлбасовтың айтуынша, мұнда күніне 150 бас мал сойылады.
Жылына 57 мың ірі қара мал сойып, 5 мың тонна шұжық өнімдері мен 52,8 мың дана ет консервілерін шығаратын жобаны іске асырудамыз. Қазір мал сою, шұжық және консервілеу цехтары іске қосылды.
— Өңірде соңғы екі-үш жыл ішінде қолға алған жұмыстардың пайдасын да көріп отырмыз. Өнімдеріміздің басты артықшылығы – жергілікті жерден шығуда. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, бағаны тұрақтандыруға, экологиялық талаптарды да сақтауға үлкен септігін тигізеді, — деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы. — Қазіргі таңда дүниежүзін жайлаған экономикалық дағдарыс кезеңінде қаржының мәселесі қиындап жатыр. Бірақ, бұған қарамастан, көптеген ауқымды істерді қолға алып, енді соның нәтижесін көргелі отырмыз. Атырауда салынған коммуналдық базарды желтоқсан айында іске қосамыз. Оның басты ерекшелігі – ортада делдал адамдар болмағандықтан, тамақтың бағасына қосымша құн қосылмайды. Бұл жерде сойылатын малдың еті де осы базарда сатылатын болады. Яғни, жаңа сойылған жас ет тікелей базарға түседі және сөз жоқ, бағаға да әсер етеді.
Заман талабына сай талшықты кабель
«ПКФ Континент Ко ЛТД» оптика талшық кабель зауыты биыл тамыз айында іске қосылған болатын. «Жаңа индустрияландыру» картасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдауға ие болды және «RBK BANK» екінші деңгейдегі банкпен қаржыландырылды.
Зауыт директоры Семен Хванның айтуынша, кәсіпорында бір ауысымдық жұмыспен жылына — 5000 шақырым, үш ауысымдық жұмыспен жылына 14000 шақырым кабель шығарылады.
Құны 715 млн.теңгені құрайтын жоба аясында 2017 жылы мыс қосылған кабель өнімінің өндіретін екі қосымша цех құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
— Өзім информатика мамандығын бітірдім. Бұл зауытта жұмыс істеу менің өмірімдегі үлкен белес деп білемін. Өйткені, қазір ХХІ ғасыр — жаңа технологиялар ғасыры. Ал, оптикалық талшық информатика үшін өте маңызды. Жарықтың жылдамдығы арқылы ақпарат тарайды. Бұл кабельдер жылдам ақпарат таратуға, интернетке, сандық технологияларға зор көмегі бар. Қазір алты желі жұмыс жасап тұр. Алға да тың жоспарлар көп, — дейді оператор Талғат Өтекешев.
Дәрі де өзімізден шығады
«Лумпан Каспиан Фармасьютикалс» ЖШС фармацевтикалық өнім шығаратын зауыттың құрылысы «Медицина» АҚ, «SAVA Healthcare» компаниясы, «Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ, «Lifeline Fze» компаниясы, «ALIM COM» ЖШС қатысуымен жүруде. Жоба құны үш миллиард жеті жүз мың теңгені құрайды. Фармацевтикалық зауыт толық қуатына шығып, пайдалануға берілгенде, жылына 800 миллион дана дәрі, 300 миллион дана капсула, 78 миллион дана ампула мен 3 миллион бума жақпа май, 12 миллион құты ерітінді дайындап шығарады.
Зауыттың құрылысы «жасыл экономика» жобаларының қатарына енген. Себебі, мұнда пайдаланылатын су қалдықсыз өңделеді. Тәулігіне 126 мың текше метр су қайта өңделіп, шаруашылық мақсатта пайдаға асырылады.
«Медицина» АҚ бас директоры Забира Даулетжанованың айтуынша, фармтехнологияларды өндірумен айналысатын чехиялық «Фавиа» компаниялар желісімен де келісім жасалған. Компанияның үш филиалы бар. Соның бірі — Қазақстанда.
— Зауыт алпыс түрлі дәрі-дәрмек өндірісімен айналысады. Бүгінгі таңда жобаның алғашқы кезеңін аяқтағалы отырмыз. Және жоба технологияларына сараптама жүргізілуде. Алғашқы кезде дәрілерді шағын ыдыстарда шығарамыз. Өйткені, алғашқы алты ай бойы дәрілердің тұрақтылығы тексеріледі. Кейінгі алты айда тіркеуге жібереміз, — дейді бас директордың орынбасары Искандер Мирзоев.
Бұл – Қазақстанда GMP (тиісті өндірістік тәжірибе) стандарты бойынша алғашқы өнім шығаратын зауыт. Посткеңестік елдерде фармацевтикалық зауыт болғанымен, олар ескі нысандарды қайтадан жаңғыртудан өткізіп, жұмысты жалғастырып әкетті. Ал, Атыраудағы зауыт – ТМД елдерінде жаңадан тасы қаланған тұңғыш нысан. Жоба облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің бастамасымен жүзеге асып жатыр. Сондықтан, бұл облыс басшылығының Атырауды Қазақстандағы фармацевтикалық орталық ретінде таныту бағытындағы бастамасы болып отыр.
— Мұнай өнеркәсібінде жасалып жатқан жұмыстар өте көп. Бірақ, жасыратыны жоқ, Атырау облысының табиғатына, жердің құнарлылығының төменірек болуына орай, ауыл шаруашылығы саласы едәуір кеміп қалған еді. Енді қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, соңғы үш-төрт жылда біз көптеген аса керек жобаларды жүзеге асырдық. Соның негізінде көкөніспен өз-өзімізді толық қамтамасыз етіп болдық. Ресейге де сата бастадық, — деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, меймандар Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Махамбет ауданында жүзеге асып жатқан жобалар – «Алмалы құс» құс фабрикасында, «Сарайшық» ешкі сүті және «1-Мамыр» сиыр сүті фермаларында болды.
– Біз елімізді мұнай мен газ шикізат өнімдерімен қамтып отырған Атырау өңірінде, шын мәнінде, жаңа индустрияландырудың нақты нәтижеге жетіп отырғанын көрдік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз мұнай мен газы жоқ ел секілді өмір сүруді үйренуіміз керек» деген сөзі бар. Расында да, жер астындағы байлық ерте ме, кеш пе түгесілетіні анық. Әлемде бірде-бір қазба байлығы жоқ болғанымен, индустрияландырудың, жаңа технологиялардың арқасында ерекше өркендеп отырған мемлекеттер баршылық. Атырау жерінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің бастамасымен қолға алынған бұл істер бүкіл елге кеңінен насихаттауға тұрарлық. Атырау облысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тың серпіліс байқалуда. Бұл аймақ азық-түлік өнімдері бойынша қазіргі таңда өзін-өзі қамтамасыз етіп, көрші мемлекетке де сатуға көшті. Бұл – үлкен жетістік, — деп «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов өңірдегі осындай ауқымды жобалардың іске асуына сәттілік тіледі.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.