Жарнама
Саясат

ӨРКЕНДІ ІСТЕР ӨҢІРДЕН БАСТАЛАДЫ

Баяндамадан белгілі болғандай, аудан экономикасының қозғаушы күшіне айналған барлық негізгі салаларда өсім бар. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы мал шаруашылығының үлесі 90 пайызды құраған.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындап өткізу және өңдеу бағытында «Мақаш» ЖШС 17,6 тонна, «Құрманғазы» ӨК 23,4 тонна ет өнімдерін өңдеп, шығарған өнімдерімен халықты және аудан көлеміндегі 19 балабақшаны, мектеп жанындағы 7 жатақхананы, 6 медицина мекемесін келісім-шарт негізінде қамтамасыз етуде.
Жарыссөзде мінберге көтерілген Нұржау ауылдық округінің әкімі Талғар Хабибуллин шешімі табылмай келе жатқан проблемаларды ортаға салды. «Ауданымызда тұрмыстық және өндірістік қатты қалдықтарды орналастыратын бірде-бір полигон жоқ. 19 ауылдық округте 22 қоқыс алаңы бар. Бірақ, осы қоқыс алаңдарын пайдалануға рұқсат етілмейді. Құзырлы органдар тарапынан округтер әкімдеріне осының айналасында шаралар қолдану немесе айыппұлдар салу жөнінде ұсыныстар келді. Осы мәселенің оңды шешімін табуға ықпал етсеңіз екен», — деді ол. Ал, Орлы ауылының ардагері Нұрлығайын Нұғыманов әлі де газ желісі тартылмаған, шалғайлау жатқан 13 елді мекен тұрғындары құбыр бойымен келетін «көгілдір отынға» қол жеткізе алмай отырғанына қынжылысын білдірді. Сондай-ақ, ол талай мәрте қозғалған автокөлік жолдарының нашарлығын да атаусыз қалдырмады.
Жарыссөзден соң облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы мұнайлы өлкеде жасалынып жатқан игілікті істерді айта келіп, ауданда әлі де шешімін күткен кейбір мәселелерге тоқталды. Мысалы, екі жылға жуық уақыт өткеніне қарамастан, аудан бойынша дәрігерлер үшін салынатын тұрғын үйлер мен 10 пәтерлік тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамалары бүгінгі күні дайын емес екен. Енді оған жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленгеннен кейін қаражат қарастырылатыны белгілі болды. «Сонымен қатар аудандарда бұрын-соңды салынбаған 3 қатарлы 60 пәтерлік тұрғын үйлерді салуды бастадық. Оның ішінде Құрманғазы ауданында жергілікті бюджет қаражатынан 1 тұрғын үйдің құрылысын тамыз айында бастаймыз, оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда»,-дей келе, биыл ақпан айында аудан әкімінің есеп беруі кезінде тұрғындардан бірқатар ұсыныс-пікірлер түскенін, соған сай жасалған жұмыстарды атап өтті.
Ауданның білім беру саласындағы жетістіктерін саралаған облыс әкімі биыл Жамбыл ауылында 120 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жалғастырылып, алдағы қыркүйекте іске қосылатынын, Ганюшкин селосындағы 280 орындық балабақша құрылысы республикалық бюджет есебінен басталып, алдағы желтоқсан айында аяқталатынын хабарлады.
«Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 525,7 млн. теңгеге 17 нысан бойынша су тазарту ғимараты мен су желілерінің құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. ММС – Жаңа ауыл, Д.Нұрпейісова, Кадырка, Шағырлы, Жасарал, Күйген, Шестой, Каспий, Афанасьев, Ганюшкин, Приморье, Орлы, Дәшін, Нұржау, Ақкөл селоішілік су желісі құрылысының және Ганюшкин, Жұмекен, Шортанбай селоларында су тазарту қондырғыларының қайта жаңғырту жұмыстары атқарылуда, жыл аяғында 10 нысанда жұмыс түгелімен тәмамдалады.
Осы 17 нысанның жетеуін: Д.Нұрпейісова, Кадырка, Жұмекен, Ганюшкин, Шортанбай, Шестой, Каспий, Афанасьев селоларындағы су тазарту имаратын жаңғырту және селоішілік су желілерінің құрылыстарын биыл жабылған мердігер мекеме «ЦентстройЛТД» ЖШС жүргізген болатын. Аталған нысандар бойынша қаражат артық төленіп, алайда, жұмыстары жасалмай қалған. Сондықтан, биыл ҚР Үкіметінің резервінен және жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, тендер қайта жарияланды. Мердігер мекеме анықталған соң құрылыс жұмыстары одан әрі жалғасады.
«Ганюшкин-Приморье-Утера-Котяев» облыстық маңызы бар автокөлік жолдарын күрделі жөндеу жалғасу сәтінде, осы 2014 жылы аяқтауды межелеп отырмыз. Кудряшов – Жаңа-арна және Жұмекен ауылының кіреберіс жолдарымен ішкі жолдарын күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама жасау үшін қаражат көздерін қарастырудамыз.
Республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Астрахан РФ шекарасы» автокөлік жолының 431 шақырымы өте қанағаттанғысыз дәрежеде, асфальт жабындысы әбден тозған, жол қозғалысы қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуде. Үстіміздегі жылы жобалау-сметалық құжаттамасына өзгерістер енгізуді және қайта жаңғырту жұмыстарын 2015-2016 жылдарға қарастыруды межелеп отырмыз,-деген облыс әкімі аудан басшылығына бірқатар тапсырма жүктеді.
«Біздің облысымыздың мүмкіндігі өте зор. Енді 4-5 жылда үлкен жетістіктерге қолымыз жетеді, оның үстіне, Атырауға Елбасы айрықша назар аударып, көңіл бөлуде. Сондықтан игілікті істерімізге, өміршең мұраттарымызға баршаңыздың үлес қосуларыңызды сұраймын»,- деді Б.Ізмұхамбетов.
* * *
Актив жиналысынан кейін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғындар негізінен жерді пайдалану, қажетті техникаларды бөлу, базардағы тәртіпсіздіктерді ретке келтіру сынды мәселелерді қозғады. Сондай-ақ, олар ауылға келген жас мамандардың, әсіресе дәрігерлердің баспана жайын тездетіп шешуді сұрады.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.
Құрманғазы ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button