«ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНАҒА» ҚОЛ ЖЕТПЕЙ ТҰР…
Қаламыздағы төбеңнен ғана су ақпайтын «төрт қабырғаның» өзі 30 мыңнан түспейді. Екі бөлмелі, өлместің күнін көруге болатын «бұрыштар» елу мен алпыс мың теңгенің арасы. Мұндай «қағазыңды» тауып беруге ауылдан келген ағайынның жағдайы жоқ. Ақысы ақылға қонымды, қала шетіндегі, бұрыш-бұрышынан су қуалаған «күркелерді» паналауға мәжбүр.
«Қаланың бүкіл түкпірін аралап, пәтер жалдап келемін 2005 жылдан бері. Бұрын жас болдық, отбасы болмаған соң жастықпен жаныма бата қоймайтын. Бүгінде екі кішкене балам бар, солардың болашағын ойлап жүрегім ауырады. Үлкенім ойнап жүріп, бала ғой, «хозяинның» баласымен ренжісіп қалады. Сондай кезде үй иесінің еркесі өзінің үйінде жүргенін көрсетіп қояды. Балам аузы бұртиып, ренжіп келіп жатып қалады. Ол жағдай кішкентайымның психологиясына әсер етпей қоймайтынын білем, өзім де педагогпын ғой. Дегенмен, қолдан келер қайран жоқ. Баспана «тауқыметін» көрмегендер пәтерден пәтерге ауысып, сандалғандардың мұңын қайдан ұқсын. «Тоқ бала аш баламен ойнамайды» емес пе? Ең болмаса, ипотекалық жолмен болса да қол жеткізсем екен тұрғын үйге деп армандаймын», деген жас ана Бақытгүл кейбір мемлекеттік бағдарлама бойынша тегін үйге қол жеткізгендердің сол пәтерлерін жалдап қойып отырғандарын айтып, ашынады. Расымен, біреу тоңып, біреу тойып секіредінің кері емес пе? Бақытгүлдер табалдырық тоздырып, ұрпақ тәрбиелесе, бәзбіреулер тегін пәтерді шағын бизнес көзіне айналдырып отыр.
Кеше ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы аталмыш сала бойынша да жіберіліп отырған кемшіліктерді көтеріп, «қолжетімді баспанаға» әлі де халықтың қолы жетпей отырғанын сын тезіне алған еді. Баспана саласында да бармақ басты, көзқыстылардың орын алатынын сын садағымен түйреді. Расымен, соңғы жылдары өңірімізде өмірге келген жаңа «Нұрсая», «Болашақ», «Тұлпар» секілді мөлтекаудандарынан мүгедектер, аз қамтылған отбасылары мен бюджеттік мекеме қызметкерлеріне пәтер кілттері үлестіріліп, қуанышқа кенелуде. Десек те, олардың барлығы бірдей сол пәтерлерінде тұрып жатқанына сенудің өзі қиын, себебі жарнамалық газет беттерін ашып қалсаңыз, аталмыш шағын аудандардағы жалға берілетін пәтерлер жарнамасынан көз сүріндіреді. Бағалары аспандап, олар да жарысады бірін-бірі басып озып. Осыдан-ақ, «баспана мұқтаж жандарға емес, «қалтасы қалың» немесе дөкей таныс-тамыры барларға беріліп отырған жоқ па ?» деген ой мен пікірдің халық арасында қылаң беретіні негізсіз емес-ау…
Рита ЗИНЕЛ,
Атырау қаласы.