Жарнама
Саясат

Өткеннен – сабақ, ілгеріге – міндет

Атырауға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев мемлекет басшысының халыққа Жолдауын түсіндіру мақсатында облыстағы еңбек ұжымдарымен, зиялы қауым өкілдерімен, білім беру мекемелерінің басшылары және мұғалімдермен кездесіп, Жолдаудан туындайтын міндеттерді түсіндірді. Білім беру мекемелерінің басшылары және мұғалімдермен кездесуде Президенттің биылғы халыққа Жолдауында айтылған басым бағыттар сөз болды.

– Биыл 6 қазанда АЭС салу бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді деп жоспарланып отыр. Халық өзінің таңдауын жасайды. Қазір әлемдегі геосаяси жағдай, даму бағыты мен бағдары өзгеріп бара жатыр. Біз де көштен қалмауымыз керек. Елде саяси науқандардың болуы халқымыздың саяси мәдениетін қалыптастырып, өздерінің болашағына әсер ететін шешімді қабылдауға мүмкіндік береді. Әсіресе, ұлттың ұйытқысы болып отырған ұстаздар мен жалынды жастар мұндай кезеңде белсенділік танытып, өз алдына таңдау жасауы қажет. Атом электростансасын салу туралы референдумның маңызы зор. Біз болашақта қажетті дүниені ақылдаса отырып іске асыруымыз керек. Қай мәселеге де қоғамдық пікір туындауы қажет. Жолдауда «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты» деді. Бұл осы мамандық иелерінің қазіргі кезеңнің жол көрсетуші, зиялысы екенін білдіреді. Бұл теңеу Президент тарапынан айтылған тың ой екені рас. Қазір жастарды таңғалдыру оңай емес. Бұдан он жыл бұрынғы әлемнің бет-бейнесі мен болмысы, қоғамның санасы өзгерген. Сондықтан біз жаңа әдістермен жұмыс істеп, тұтас ұлттың ұйысуы үшін әрекет етуіміз басты міндет, — деді Мәлік Нұржанұлы.

Жиында сөз алған Білім-Инновация лицейінің мұғалімі Жадыра Хасанова елдегі мектептердің жағдайы көңіл көншітпейтінін, оқушылар үш ауысымда оқып жатқанына тоқталды. Баланың қауіпсіз, ыңғайлы білім алуы үшін көп мектептерде жағдай жасалмаған. Әр мектептегі заманға сай STEM, зертхана кабинеттерін айтпағанда, қарапайым сыныптардың өзінде материалдық жабдықталуы баланың оқуға деген құлшынысын түсіреді. Ал Жолдауда Президент айтқан «Жайлы мектеп» жобасы осы мәселелердің біразын шешпек.

– Мектеп киімінің барлық оқушыға қолжетімді бағада болуы, әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың балаларына оның бюджет тарапынан берілуі елдегі біраз отбасылардың уайымын азайтып, балалардың мектепке қатарынан қалмай баруына себеп болар еді, — деді Жадыра Қайратқызы.

Кездесуде Президент кеңесшісі тәуелсіздік жылдарында жүзеге асқан жұмыстардың ауқымына, сол кездегі істер мемлекеттің дамуына серпін бергеніне тоқталды.

– Биыл еліміз су тасқынын басынан өткеріп, үлкен сынаққа тап болды. Сол кезде халқымыз ынтымағын сақтап, жұмыла білді. Мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіліп жатыр. Әсіресе, Атырау облысына елдің түкпір-түкпірінен көмек көрсетілді. Ештеңеге қарамастан халқымыз бір тудың астында жиналды. Алдағы уақытта осы татулықты сақтау – баршамызға байланысты, — деп М.Отарбаев мемлекет тарапынан жасалып жатқан маңызды бастамалар мен жұмыстарға айрықша тоқталды.

Президенттің кеңесшісі өңірге жұмыс сапары барысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ұжымы және студенттерімен, облыс имамдарымен, «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің шығармашылық ұжымымен кездесті.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button