Жарнама
Саясат

Өңірлік кадр резерві жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Өңірлік кадр резерві – елдің мемлекеттік және қоғамдық қызметіне лайықты кадрларды іріктеп, олардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған жоба. Бұл бастама өңірлердегі жас әрі қабілетті мамандарды қолдау, олардың көшбасшылық және басқарушылық дағдыларын дамыту мақсатында қолға алынған. Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өткендердің ішінде Исатай ауданы мәслихаты аппаратының бас маманы, Өңірлік кадр резервіне алынған резервші Дидар Жеткіновпен сұхбаттасқан едік.

Дидар Жеткінұлы, биыл өңірлік кадр резервіне қабылдандыңыз. Құттықтаймыз! Іріктеу қалай өтті? Кезеңдері қиын болды ма?

– Көп рақмет. Шынымды айтсам, мен қатысқан жобалардың ішінде уақыт жағынан ұзаққа созылған жоба осы болды. Әр кезеңнің қорытындысын асыға күтіп жүрдім. Жобаның өзі 5 негізгі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – құжат қабылдау, наурыз айында өтті. Содан кейінгі кезең – «Заңнаманы білуге арналған тестілеу», бұл сәуір айында болды. Үшінші кезең – «Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеу», мамыр айының басында өтті. Осы алғашқы үш кезең мен үшін аса қиын болмады.

Негізгі қиындықтар мен қызықтар төртінші кезеңнен басталды. Бұл кезең «Құзыреттерді бағалау» деп аталады және мамыр айының соңында Астана қаласында өтті. Әр өңірден жиналған резервке іріктелушілер Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында арнайы мамандардың алдында бағаланды. Бұл жерде біз екі негізгі тапсырманы орындадық: «Топтық пікірталас» және «Аналитикалық презентация». Пікірталас барысында топ болып берілген мәселелердің шешімін табуға тырыстық, ал презентация кезінде нақты ұсынылған жағдайды зерделеп, қорғаныс жасадық. Бұл кезеңде бастысы – шынайы болу және тапсырманы өмірлік тәжірибемен байланыстыра білу болды.

Бесінші және соңғы кезең – «Құрылымдық сұхбат». Атырау қаласында өткен бұл кезеңде облыс әкімі Шапкенов Серік Жамбылұлы төрағалық еткен комиссияның алдында өзіміз таңдаған сала бойынша өңірдегі өзекті мәселелерді талқыладық. Мұнда кәсіби біліктілігімізді және сол саланы дамыту бойынша ұсыныстарымызды көрсетуге тырыстық.

– Іріктеу барысында ашықтық қамтамасыз етілді ме?

– Иә, ашықтық қамтамасыз етілді. Әр кезеңнің қорытындысын сайт пен әлеуметтік желілер арқылы бақылап отырдық. Әріптестерімді тізімдерден іздеп, сол сәттерде үлкен толқу сезімінде болдым. Ашықтық пен әділдік толықтай сақталды деп ойлаймын.

Бүгінде қандай қызмет атқарасыз және резервтен не күтесіз?

– Қазір Исатай аудандық мәслихатында ұйымдастыру және құқықтық жұмыстарды қамтамасыз ету бөлімінде бас маман қызметін атқарамын. Өңірлік кадр резервінен күтерім мол. Ең бастысы, өзімнің кәсіби біліктілігімді арттыру арқылы еліме игі қызмет етуді мақсат етемін.

Өңірлік кадр резервіне енгеннен кейінгі алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Алдағы уақытта өзімнің кәсіби дағдыларымды әрі қарай дамытуға күш саламын. Төртінші кезең «Құзыреттерді бағалау» қорытындысы бойынша жеке кабинетіме арнайы есеп келді. Бұл есепте жетілдіруді қажет ететін құзыреттер көрсетілген. Сол бағытта жұмыс жасап, өзімді жетілдіруге бар күшімді жұмсаймын.

Әңгімеңізге рахмет, алдағы уақытта табыс тілейміз!

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button