Өңірлік кадр резерві қалыптастырылатын болады

6571941b 1a1e 43fd 9c5d 6dbc5da2471e Саясат

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетов пен Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы ағымдағы жылы өңірлік кадр резерві қалыптастырылатынын хабарлады.

Жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту мақсатында биылғы жылдың 1 наурызынан бастап  іріктеу басталады.

Іріктеуді Атырау облысының Кадр комиссиясы жүзеге асырады.

Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарынаорналаса алады.

Атап өту қажет, іріктеу 6 бағыт аясында жүзеге асырылады.

1) индустрия және өнеркәсіп;

2) экономика және қаржы;

3) әлеуметтік сала;

4) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым;

5) агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары;

6) цифрландыру;

Талаптарға сәйкес, іріктеуге 35 жастан аспаған, 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар жоғары білімді Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

Өңірлік кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 5 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс.

Бірінші кезең – резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау 2024 жылдың 1-31 наурызы аралығында onir.pkrezerv.gov.kz – жоба сайты арқылы жүзеге асырылады.

Екінші кезең – заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу.

Тестілеу Мемлекеттік басқару академиясы Филиалының тестілеу залдарында офлайн форматта екі блокта өтеді. (алдын ала 5 – 14 сәуір аралығы)

Үшінші кезең – құзыреттерді бағалау.

Мемлекеттік басқару академиясы (Астана қаласы) базасында офлайн форматта өтеді. (алдын ала 22 сәуір – 7 маусым)

Төртінші кезең – комиссиядағы құрылымдық сұхбат.

Кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес жобаны презентациялау форматында өткізіледі.

Бесінші кезең – комиссияның отырысынде резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады.

Бұдан басқа, кандидаттар құжаттарды onir.pkrezerv.gov.kz сайты арқылы немесе  уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне қағаз түрінде не хабарландыруда көрсетілген электрондық пошта мекенжайына электрондық түрде тапсыра алады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз