Өңірлік бағдарламалардың орындалысы қалай?
Атырауда әр салада қабылданған өңірлік бағдарламалардың орындалысы қалай жүзеге асуда? Бұл туралы «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі кеңестің кезекті отырысында сөз болды. Кеңес жұмысына оның төрағасы Нұрбол Құрман басшылық жасады.
Алғашқы болып күн тәртібінде облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды баспанамен қамту, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды тарту бағдарламасының орындалу барысы туралы мәселе қаралды. Бұл жайында облыстық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысының орынбасары Самал Тілеуғалиеваның хабарламасы тыңдалды.
Оның айтуынша, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы бекіткен өңірлік бағдарлама аясында 2023-2027 жылдары аймақта барлық қаржыландыру көздерінен 5,5 мың отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік беретін жалпы ауданы 3,5 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Соның ішінде 800 отбасын халықтың әлеуметтік осал тобы санатында қамту межеленген. -Осыдан өткен жылы белгіленген 731-дің орнына 738,2 мың шаршы метр тұрғын алаң немесе 5570 пәтер пайдалануға беріліп, жоспар 100,9%-ға асыра орындалған. Атап айтқанда, бюджет қаражаты есебінен ауданы 38 851 шаршы метрді құрайтын 444 пәтерлік 5 үй тапсырылды. Атырау қаласында екі үй (144 пәтер) кредиттік жүйемен салынса, Құлсары қаласында әрқайсысы 100 пәтерлік үш үй (300 пәтер) жалдық әдіспен іске қосылды. 2024 жылы облыс көлемінде барлық қаржыландыру көздері есебінен 750 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланды. Сонымен қатар 195 пәтерді сатып алуға қазынадан 2,7 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Бұдан бөлек, барлығы 4 мың жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды тарту жұмыстарын да жоғарыда аталған бағдарлама шеңберінде кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделіп отыр, — деді Самал Қайратқызы.
Келесі кезекте инженерлік желілермен қамтамасыз етілген алаптарда жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер телімін бөлу жұмыстарының барысын облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Назкен Өтешованың хабарламасы тыңдалды.
Оның айтуынша, өткен жылдың басында облыста жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алу кезегіне тұрған азаматтардың саны 148 мыңнан асқан. Жыл соңында олардың 1452-інің өтініші қанағаттантырылған немесе жер телімімен қамтылған. Биыл табысталатын жер телімінің саны бұдан аз (1260) болады. Жер кодексінің талаптарына сай жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұратылған кезде азаматтардың өтініштері (қолдаухаттары) арнайы есепке алынады және бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай немесе құрылысқа қажетті бос аумақтар пайда болған жағдайда ғана қанағаттандырылады және бұл жұмыс тұрғындардың кезегіне байланысты жүзеге асырылып отырады.
Күн тәртібіне шығарылған келесі мәселе — шағын қалада жол, электр, газ және жылумен жабдықтау желілерін салу мен реконструкциялау, апатты және ескірген көппәтерлі үйлердің тұрғындарын көшіру төңірегіндегі әңгіменің түйінін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жантас Оспан тарқатты. Айтуынша, қазіргі таңда облыста тиісті техникалық құжаттары рәсімделген, апатты жағдайдағы бпспана санатына кіретін үйлердің саны 104-ті құрайды. «Жол картасы» бойынша өткен жылы бұл мақсатқа 1,2 млрд. теңге қаржы қаралып, 13 апатты үй көшірілген. Биылғы жыл басынан бері өңірде осындай алты үй сүріліп, тұрғындары жаңа да жайлы баспаналарға қоныстандырылған.
Сонымен қатар кеңес отырысында ауылдық елді мекендерді жаңғырту, көктемгі су тасқынының салдарынан бүлінген бөгеттер мен жарамсыз жолдарды, өзге де нысандарды қалпына келтіру жұмыстарының жайына да назар аударылды. Оның жайын облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Рафик Әбуов пен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Нұралы Әбишан баяндады. Соңында белгілеген тапсырмалардың орындалу мерзімі мен сапасының сақталуына баса көңіл бөлу керектігі қатаң ескертілді.
Дәулетқали АРУЕВ
Суретті түсірген автор