Облыста көңіл көншітпейтін мәселе көп
VIII сайланған Парламенттің екінші сессиясының аяқталғанына бір айдан асты. Содан бері депутаттар сессия жұмысын қорытындылап, жоспарға сай өңірлерде іссапарда жүр. Жақында Атырау облысының бір мандатты округінен сайланған Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов облысқа келіп, белсенді жастармен кездесуде заң шығарушы органның жұмысынан хабардар етіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Әділ Орынбасарұлы жастармен кездесуде олардың ой-ұсыныстарын тыңдап, арман-тілектерін тыңдауды мақсат тұтқанын айтты.
Заң неге үстем емес?
Сонау 1996 жылы көлік жүргізушісі болып, кейін жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, қоғамдық жұмыстарға араласа бастаған депутат адам баласы жас кезінен өз-өзін қамшылап, жетістігіне марқайып, тоқтап қалмауы керектігіне тоқталды. Өз өмірінен мысал келтірген Әділ Орынбасарұлының әкесі де, өзі де Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылында көп балалы отбасында өсіп-тәрбиеленген. Әкесі ерте өмірден өтіп, анасы мен ағайындарының қолдауымен өсіп-жетілген ол Парламенттегі жұмыс бағытына көбірек ден қойды.
– Бұған дейінгі кездесулерде Парламент Мәжілісінің кестесіне сай өңірлерді аралап салалық кәсіподақ өкілдерімен кездесіп, осы салада қордаланған бірнеше мәселені талқыладық. Осы салаға қатысты Мәжілісте қаралып жатқан заңдар мен олардың кейбір баптарына да шегініс жасалды. Атырау облысы өндіріс аймағы болғандықтан мұндағы үлкен еңбек ұжымдарында шиеленіске толы мәселелер де туындайды. Кейбір жағдайда еңбекшілер көңіл көншітпейтін жайттар да барын іркіп қалмады. Кейде соттың шешімі де орындалмай жатады екен. Салалық ведомстволардың хаты бола тұра кейбір жекеменшік мекемелер жұмысшылармен жасалған келісім-шарттарға немқұрайлылық танытатын көрінеді. Әрине, бұл өте ұят. Елімізде заңда барлығы айқын көрсетілгенмен жеме-жемге келгенде үстемдігінің төмендігі көрініс беріп жатады. Алдағы уақытта Парламент палатасында салалық заңдар қаралған кезде де оны күшейту бағытында жұмыстанамыз, — деді Ә.Жұбанов.
Мәжіліс депутаты өңір жастарының белсенділігіне тоқталып, болашақта олардың арасынан болашақ саясаткерлер, үлкен кәсіпкерлер шығатынына шүбә келтірмеді. Қажет болса өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісуге де әзір екенін айтты.
– Қазір жастардың ойы жүйрік, әрекеті белсенді, өздерінің ықпалды күш екенін көрсетіп тұр. Әсіресе Атырау өңірінде күрделі түйін көп. Мәжіліске барғалы көтерген мәселелерім жүзеге асып жатыр деп айта алмаймын. Өйткені, ол ұзақ процесті қажет етеді. Атырауды «экологиялық дағдарыс аймағы» деп танылғанға дейін жергілікті бюджет есебінен экологиялық өтемақы аудандық коэффициент ретінде төленуіне ұсыныс айтып келе жатырмыз. Оның шешілетін жолдары бар, бірақ ойымыз жүзеге асуы үшін саяси шешім қабылдануы қажет. Ол үшін комиссия құрылып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Қай саланы алып қарасақ та кенже қалғаны жасырын емес. Басқа өңірлермен салыстырғанда күрделі аурулар кең таралған. Шешімін күткен әлеуметтік мәселелер де жетіп артылады. Ғасырдан астам уақыттан бері мұнай өндіріліп келе жатқан Мақат ауданының тұрғындары әлі күнге дейін ағайынды Нобельдердің жұмысшыларға арнап салған барактарын қоныс етіп келе жатқаны қынжылтады. Зерттеу-зерделеу жұмыстары көп уақыт алуы мүмкін. Сондықтан, мәселе реттелгенге дейін жергілікті бюджет есебінен төлейтін мүмкіндігіміз бар деп есептеймін. Болашақта осы бағытта жұмыстану ойда бар. Атырау мұнай өңдеу зауытының «Тазалық» бағдарламасы жүзеге асу барысымен де танысамын. Облыс орталығын көгалдандыруға да атсалысу қажет, — деді Әділ Орынбасарұлы.
Эко қала – арман қала
Кездесуде депутаттан өзінің саяси көзқарасы, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігінің сыры, су тасқынынан зардап шеккен Құлсары қаласын қайта қалпына келтіріп, жаңа «Эко Құлсары» салу жобасын қарастыру жөніндегі Үкімет басшысына жасаған ұсынысының нәтижесі, шағын және орта бизнес саласында қабылданып жатқан шаралар туралы сұрап, облыстағы ірі компанияларға жергілікті халықты жұмысқа тарту жөнінде наздарын жеткізді.
– Құлсарыны эко қала жасау мәселесінің шешілуі түгелдей жергілікті атқарушы билікке байланысты. Әйтпесе ешкім де «сен мұны жасама» деп қолынан қағып жатқан жоқ. Керісінше облыс басшыларынан сұрау алып, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асуды тапсырып жатады. Жуырда Құлсарыға арнайы барғанда көзімнің жеткені – әзірге эко қала болатынына күмәнім бар. Шағындау алаңқайға 80-100 шаршы метрлік үй салып жатқанымен инфрақұрылымы жоқ. Дұрысында ол кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Ел экономикасының негізгі бөлігіне үлес қосып отырған аймақ ретінде эко қалаға айналдыруға мүмкіндігіміз бар. Ал, жергілікті халықтың басым бөлігін облыстағы компанияларға жұмысқа тарту бағытында күш-жігер жұмсап жатырмыз, — деді депутат.
Кәсіпкерлік нысандары арасында алаяқтықтың көп екенін сынға алған Ә.Жұбанов оны азайтудың тетіктері тиісті инстанциялар тарапынан қарастырылып жатқанын да қаперге берді.
Ауданда мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығының аздық ететінін айтқан Құрманғазы ауданының Орлы ауылындағы мектептің мұғалімі Азамат Абдуллаев оны қолға алу үшін депутаттан ақыл-кеңес сұрай келіпті.
– Сіздің ойыңыз дұрыс, бізге оңалту орталықтары керек. Қай ауданға барсақ та бұл мәселе көтеріліп жатады. Қазір қаладан орталық салынып жатыр. Ал оны мамандармен қамтудың өзі күрделі мәселе. Туабітті кемтар балалардың саны көбейіп барады. Жүрек-қан тамырлары сырқаттары бойынша науқастанған ересек адамдардың да жүріп-тұруы қиын. Демек оларға оңалту орталықтары әбден қажет. Жергілікті әкімдік жобалау-сметалық құжаттамасын дайындап, оның аудан үшін маңыздылығын облыс әкімдігі алдында табанды түрде дәлелдеп шығуы тиіс, — деді Әділ Орынбасарұлы.
Депутатпен кездесуге жиналған жастар одан түрлі мәселелер және қоғамдағы бұқараның толғандырған тақырыптар бойынша сұрады. Жастарды қателік жасаудан қорықпай, содан сабақ алуға шақырған Ә.Жұбанов елдегі өндіріс орындарының шетелдік әріптестердің оң тәжірибесіне сүйеніп, заманға лайықты технологияларды іске асыру тиістігін айтты.
– Бүгінгі таңда бос тұрған жердің бәріне үй салуға құмармыз. Ал, одан басқа да өзімізді тығырықтан шығаратын мәселелерге ден қойылмайды. Мысалы, өзіміз тұрып жатқан қала болғандықтан тал егіп, оны күтіп-баптап өсіруіміз керек. Талай құрылыс нысандары салынып жатады. Оның қасына тал отырғызылып, суару жүйесі жүргізілсе де оны суарып, баптап жатқан адамды өте сирек көремін. Өзіміз куәміз, бюджет қаржысына егілген тал-теректер қурап жатады. Қазына қаржысына жасалған дүниенің обалы кімге?! Мұны қазір қолға алмасақ экологияның нашарлығынан дімкәс балалардың дүниеге келуі жиілемесе азаймайды, — деді Мәжіліс депутаты.
Кездесу соңында ол қоғамдағы адамгершілік тәрбие мен адами ортаның қалыптасуы жайында әңгімелеп, нақты сұрақтарға жауап берді.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суретті түсірген автор