Нұрлан Әбдіров Атырау облысында аудан әкімдерін сайлауға дайындық барысын пысықтады

img 0194 Саясат

3-4 қазанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 2023 жылғы 5 қарашаға тағайындалған пилоттық аймақтарда аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын дайындау және өткізу шеңберінде Атырау облысына инспекциялық сапармен келді. 

Аймаққа сапарда Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Шавхат Өтемісов пен ОСК аппаратының жауапты қызметкерлері де қатысты.

Сапардың алғашқы күні ОСК басшысы Нұрлан Әбдіров С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттерімен кездесті. Ол еліміздің сайлау жүйесін сапалы өзгерткен Президент Қ.К.Тоқаевтың саяси реформалары жайлы кеңірек айтып берді. 

Кездесудің 94 қатысушысы QR-код арқылы онлайн-сауалнамаға қызығушылықпен қатысып, сауалнамада қойылған сұрақтар бойынша өз пікірлерін білдірді.

Сауалнамаға қатысқандардың 35,1%-ы қашықтықтан электрондық дауыс беруді, 26,6%-ы стационарлық цифрлық құрылғылар арқылы сайлау учаскелерінде дауыс беруді қолдайды; респонденттердің 68,1%-ы ел Президенттігіне кандидат мемлекеттік тілді білуі және лингвистикалық емтихан тапсыруы міндетті деп санайды; сауалнамаға қатысушылардың жартысына жуығы (47,9%) соттылығы бар азамат өз кандидатурасын Президенттің, депутаттың немесе әкімнің сайланбалы лауазымдарына ұсыныла алмайды деп жауап берді.

img 0196

Атырау облыстық мәслихатының шешімімен Исатай және Қызылқоға аудандары әкімнің тікелей сайлауы алғаш рет өткізілетін пилоттық аудандар болып белгіленді.

Орталық сайлау комиссиясының басшысы Қамысқала ауылдық округінің әкімі және тұрғындарымен кездесу өткізілген Исатай ауданына ат басын тіреді. Ол бірінші кезекте, ауыл тұрғындарының бұрын сайланған ауыл әкімінің атқарған жұмысының сапасы жайлы пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғындары оның қызметіне оң баға беріп отыр. Оған қоса, тұрғындар ауыл әкімі Рафиғат Тәжиденованың 2021 жылы Атырау облыстық «Үздік ауыл әкімі» байқауында жеңіске жеткенін аса қуанышпен атап өтті.

img 0192 1

Сонымен бірге, ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Бекболат Мусиннің пікірінше, әкімнің жұмысы нәтижелі болуы үшін қолданыстағы бюджетаралық қатынастарды жетілдіру арқылы әкімнің қаржылық дербестігін арттыру қажет, бұл өз кезегінде Президент Қ.К.Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауымен сәйкес келеді.

Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылында жастармен кездесу де мазмұнды өтті.

Жастар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Мәселен, жастар орталығының қызметкері Ұлпан Мұхтарова сайлауға қатыспайтын сайлаушыларға айыппұл санкцияларын енгізу идеясын білдірді, ал жас белсенді Еркебұлан Зинединов деструктивті діни ағымдардың ықпалына қарсы тұру мақсатында тұрғындардың имамдарды сайлауы туралы мәселені көтерді. Жас кәсіпкер Арсен Смайылов, еліміз бойынша электрондық дауыс беруді енгізуді ұсынды, бұл қадам сайлауға қатысуды арттыру мүмкін екенін пайымдады.

4 қазанда ОСК төрағасы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылындағы №159 учаскелік сайлау комиссиясының жұмысымен танысты.

Сондай-ақ, Мұқыр ауылдық округі әкімінің қатысуымен ауыл тұрғындарымен дәстүрлі кездесу өткізді, онда алдағы сайлау науқанының маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ ауыл тұрғындарының өз ауылының әкімін сайлау тәжірибесі бар екеніне баса назар аударды.

Тұрғындар сайланған әкімнің жұмысына көңілдері толатынын жеткізді, ауылдың 93 жастағы ақсақалы Өтеген Ораш атап өткендей, көп жұмыстың атқарылғанын, бірақ туған ауылды одан әрі бірге дамытуды жалғастыру қажет екенін атап өтті.

Бұдан басқа, ауыл тұрғындары әкімінің қандай қасиеттері болу қажет екенін және оған қойылатын талаптар төңірегінде өз көзқарастарымен бөлісті. Сонымен, зейнеткер Ақниет Сахидің пікірінше, әкім ең алдымен әділ, адал, еңбекқор болуы және халық алдында берген уәдесін толық орындауы керек. Білім беру саласының ардагері, қоғамдық бастамадағы медиатор Қазима Кемелқызы аудан әкімінің сайлауында ауылдастарын кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын мұқият зерделегеннен кейін ғана белгілі бір кандидатқа дауыс беруге шақырды.

img 0197

Ортсайлауком басшысы Миялы ауылында жергілікті сайлау комиссияларының алдағы сайлауға дайындық барысымен танысты, сондай-ақ №144 сайлау учаскесіне барды.

Қызылқоға ауданының орталығында ауыл жастарымен қызықты кездесу өтті. Нұрлан Мәжитұлы өткен және алдағы сайлау науқандары, сайлауды халықаралық байқау, дауыс берудің баламалы тәсілдері және оларды қолданудың шетелдік тәжірибесі жайлы айтып берді. Атырау қаласының студенттері арасында өткізілгендей осы кездесуде де электронды сауалнама жүргізілді. Осы екі сауалнаманың нәтижелері жалпы ұқсас болды.

Кездесу барысында жас ауыл тұрғындары сайлау жүйесінің түрлі мәселелері төңірегінде қызу әңгіме өрбітті. Мысалы, Жастар орталығының қызметкері Ризабек Амантай мерзімінен бұрын дауыс беру институтын енгізу мүмкіндігіне, ал жас журналист Айсәуле Ардаққызы дауыс беру процесін цифрландыруға, сайлауда электрондық дауыс беруді енгізуге қызығушылық танытты.

Бұдан басқа, кездесуге қатысушылар сайланатын аудан әкімі қандай қасиеттерге ие болу қажеттігі жайында да өз пікірлерін білдірді. Жастармен жұмыс жөніндегі мамандар Алтынгүл Айтқалиева мен Айдана Оспан жоғары білімінің, жеткілікті жұмыс тәжірибесінің болуына, сондай-ақ жергілікті қоғамдастықпен өзара іс-қимыл жасау қабілетіне тоқталды. Қаржы маманы Думан Нығметов пен кәсіпкерлік бөлімінің қызметкері Оралбек Отарбай халықпен және жастармен тиімді кері байланыс, оның ішінде әлеуметтік желілердегі байланыс дағдыларын бөліп көрсетті. Дулат Бәйдібек әкім жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге қабілеті болуы тиіс деді.

Бірінші кезекте, аудандарға сапар барысында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлық деңгейіне тексеру жүргізілді. Оқыту семинарлары аясында жергілікті сайлауды ұйымдастырушылар «Дауыс беру күні» атты іскерлік ойынын өткізді, сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері туралы кейстік тапсырмалар, сайлау күні туындайтын стандартты емес жағдайлар келтірілді және оларды шешу әдістері түсіндірілді.

Сондай-ақ, Н.Әбдіровтың төрағалығымен кеңестер өтті, онда облыстық және Исатай және Қызылқоға аудандарының сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары алдағы сайлауға дайындық туралы баяндама жасады.

ОСК басшысы аудан әкімдерін сайлау ерекше екенін және жергілікті сайлау, атқарушы және құқық қорғау органдарына үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді. Ол әкімдікке және аумақтық сайлау комиссияларына мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, кандидаттарға үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін жеткілікті орын беру, барлық ұйымдастыру мәселелерін жедел шешу жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

Қорытындылай келе, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы ағымдағы сайлау науқанының барлық кезеңдерінде сайлау заңнамасының нормаларын қатаң сақтау қажеттігін де баса атап өтті.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының хабарламасы негізінде дайындалды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз