Мен көрген ҚАЖЫМҰҚАН

…Осыдан 30 жыл бұрынғы көрініс.

Бір күні әкеміз үйге қонақтарды бастап келді. Орталарында – ертегілердің кейіпкеріндей еңгезердей дәу адам. Ауылымыздың «міне!» деген алпамса жігіттері оның қасында төмен көрінеді екен. Дастархан үстінде «қонағымыз – Қажымұқанның кинодағы ролін ойнаған Әлеухан Бекболатов
деген жігіт…» деп таныстырды әкеміз. «Екі иығына екі адам мінгендей, мынадай да кісі болады екен-ау!» деп таң қалысып біз отырмыз. Байқасақ, мәртебелі мейман Махамбет мәңгілік мекенін тапқан Индер ауданына арнайы келіпті. Бұл 1991 жылдың мамыр айы еді.

qazhymukan

Сом денелі, сұңғақ бойлы жігіт ақкөңіл, ашық адам болып шықты. Әңгімелерін бабына келтіріп, әдемі айтады. Әсіресе қазақтың аңыз адамы Қажымұқан туралы хикаялары қызық. «Знай наших!» деп аталатын киноның түсіріліміндегі көріністер, ел естімеген жайттар боямасыз баяндалды.
– Қажымұқан атамыз туралы түсірген киноға түсуімнің өзі қызық болды, – деп бастады әңгімесін қонақ. – Ойымда түк жоқ, мамандығым тракторшы, таңның атысы, күннің батысы, бітпейтін жұмыстың соңында жүремін. Бірінде түс мезгілінде асханаға келіп, тамағымды ішіп отырған едім. Көзім стол үстіне жайылған «Лениншіл жас» газетіндегі хабарландыруға түсе кеткені. Мұнда «Қазақфильм» киностудиясы «Знай наших!» деген көркем фильм түсіретіні, соған басты кейіпкердің бірі Қажымұқанның роліне кастинг жарияланғаны жазылыпты.

Алғашқыда мән бере қоймадым. Оның үстіне байқаудың уақыты біте келгендіктен үлгеремін деп ойламағаным да шын. Дегенмен осы жағдай өмірімді түбегейлі өзгертетінін сол сәтте білмедім ғой. Иә, қызық болды өзі.
Белгілі актер Әлеухан Бекболатовтың айтуынша, қасындағы адамдардың көмегімен суретін орталыққа жіберген. Көп ұзамай сүйінші хабар келіп, кастинг ұйымдастырушылардың алдына да жетіпті. Фильмнің режиссеры Султан-Ахмет Ходжиков болатын. Осылайша ғаламат зор күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы Қажымұқан балуанның ролін сомдайтын үміткерлердің қатарынан табылған.
– Өмірде талай мықтылар бар. Іріктеуге келген үміткерлер де шетінен «сен тұр, мен атайындар» еді. Бір-екеуімен әңгімелескенімде байқадым, спорттың әр түрінен талай додаларда озып шыққан саңлақтар. Мұны көріп «қайдан келдім?!» деп қуыстана бастадым. Дегенмен кері шегінетін жер де қалмады. Оның үстіне күреспен айналысқаным да бар. Содан алғашқы кезеңнен кейін біразымен қоштастық. …Екінші сыннан соң да осы жағдай қайталанды. Әңгімені созбалақтап қайтейін, ақырғы сында санаулы адам қалды. Осы тұста байқауды ұйымдастырушылар біраз қиналғанға ұқсайды. Ұзақ ойланып, ақырғы шешімдерін айтты. …Үлкен адамгершілік иесі, жауырыны жерге тимеген палуан, ұлтымыздың мақтанышы Қажымұқанның роліне менің кандидатурам бекіді. Иә, мен жеңдім! – деді қонағымыз.
Әлеухан Бекболатов – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тумасы. 1955 жылы дүниеге келген азамат күреске бейімділігінің арқасында 200-ден астам үміткердің ішінен осылайша таңдап алынды. Шарболаттай шыңдалған жігіттің басты артықшылығы – бет-жүзінің 70 пайызы Қажымұқанға ұқсауында еді. Ал, бұл болашақ актерді таңдаудағы басты ұстаным болатын.

881a2149 8bb8 4466 b042 52500ebef0e5

Фильм түсіру кезіндегі қызықтар:

  • Негізі кино бірнеше сериялы болып түсірілген. Бірақ сол кездегі саяси цензураның ықпалымен көптеген көрініс кесіліп алыныпты. Фильмнің мақсаты – Қажымұқанды емес, орыс балуаны Иван Поддубныйды басты кейіпкерге айналдыру еді.
  • Бірінде киноға түсірушілер Әлеуханның алдына дәу жылқыны әкеледі. «Мынаны жығып, шанадағы шөптің үстіне лақтыр! Кезінде Қажымұқан да солай жасаған» дейді режиссер. Семіз қылқұйрықтыны көтермек түгілі, орнынан қозғалтудың өзі мүмкін емес еді. Кейіпкеріміз ойланып тұрғанында режиссер қарқылдап күліп жібереді. Содан соң көмекшілеріне үрмелі ойыншық ат алдырады. Ал оны қалай лақтырсаң да болады. Алайда осы көрініс фильмнен алынып қалған.
  • Киноның соңында балуандардың ауыр шынжырды майыстырып, сындыратын эпизод бар. Ол алдын ала дәнекерлеу аппаратының көмегімен кесіліп қойылған. Дегенмен фильм түсірушілер бұл туралы Ресей қаласының билігін ескертуді ұмытып кеткенге ұқсайды. «Түсірілім біткеннен соң айқай-шу басталды» деген еді сол жолы Әлеухан Бекболатов.
    Иә, мұның өзі бүгінде тарихтың бір парағына айналып отыр. Дегенмен арада қанша жыл өткенімен халық таудай тұлға Қажымұқанды ерекше құрмет тұтады. Ал мен оның ролін сомдаған Қажымұқанды осылай көріп, санамда сақтаған едім.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз