Мемлекеттік қызметші құқықтық сауатты ма?
Мемлекеттік қызмет принциптерінің бірі – құқықтық сауаттылық, ашықтық, әділдік. Әсіресе, мемлекеттік қызметшінің құқықтық сауатты болуы маңызды. Осы орайда Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті бірқатар бастамашылдық жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі мемлекеттік қызметшілердің нормативтік актілерді тиісті деңгейде меңгеруі, кәсіби және мәдени тұрғыда жетілуі, жоғарғы этикалық құндылықтарды нығайтуы мен негізгі қағидаттарды ұстануы тақырыбына арналды.
Облыс әкімдігінде өткен семинарға жергілікті атқарушы орындардың лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері қатысты. Біліктілікті арттыруды мақсат еткен шарада мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық актілерден туындайтын мәселелер, оның ішінде жұмысқа орналасу, заңсыз шығарылған қызметкерлердің құқықтары және мәселелері баяндалды.
Ойын мекемесіне бармаңыз!
Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Гаухар Жарасованың айтуынша, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға аттестаттау қорытындыларының нәтижелері бойынша қызметтен шығарылғандар да қатысуларына құқылы. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін алынбаған тәртiптiк жазасы болса, оның мекемеде ауысу тәртiбiмен орналасуына жол берiлмейдi екен.
Жыл басынан бері облыс бойынша Әдеп жөніндегі кеңесте 13 лауазымды тұлғаның ісі қаралып, кеңес шешімі негізінде олар тәртіптік жазаға тартылған.
–Әдеп жөніндегі кодекске мемлекеттік қызметшілердің ойын мекемесіне (яғни түрлі букмекерлік кеңсе, казино және т.б.) баруға тыйым салатын норма енгізілді. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің жалақыларынан өзге көздерді іздеу тәуекелдерін болдырмау, заңсыз әрекеттерге қарсы тұру, халық тарапынан сын көзқарастардың туындауын алдын-алумен қатар, олардың әлеуметтік-психологиялық, отбасылық-денсаулық жағдайларына да оң септігін тигізуді көздейтіндігін атап өту қажет, — деді Г.Жарасова.
Артық жұмыс заңға қайшы емес
Былтыр тағы бір өзгеріс енгізілген болатын. Ол бойынша департаментке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 89-бабында көзделген істер бойынша (негізсіз артық жұмыс жасау мәселелері) іс жүргізу құзыреті берілген. Кодекстің 89-бабына сәйкес, жұмыс берушінің не қабылдаушы тараптың еңбек заңнамасында көзделген жұмыс уақытының және күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) қалыпты және қысқартылған ұзақтығын заңсыз асыруы лауазымды адамдарға 40 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеледі.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерді шұғыл, алдын ала күтпеген тапсырманы орындау үшін, демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға жол беріледі. Бірақ, мұндай жағдайларда мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері (сағаттары) берілуі немесе мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтелуі тиіс.
«Бот» шұғыл
жауап береді
– Қазір көрсетілген мемлекеттік қызмет сапасына көңілі толмаған қызмет алушыға шағым түсіру реті жеңілдеді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Цифрлық даму және аэроғарыш өндірісі министрлігінің бастамасымен «Телеграмм» мессенджеріндегі бот-платформада шағым жасау тетігі іске қосылған. Аталған тетік қызмет алушыны ресми түрде шағым түсірмей-ақ, бот-платформаны қолдану арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасына шағым, оның сапасын көтеру және бюрократиядан арылту бойынша ұсыныстар қалдыруға мүмкіндік береді. Біздің департамент мамандары бот-платформаға келіп түскен сұрақ бойынша туындаған мәселені жедел шешуге ықпал етеді, — деп түсіндірді Гаухар Жарасова.
Семинар соңында қатысушылар департамент өкіліне сауалдар қойды. Олардың айтуынша, мұндай семинар мемлекеттік қызмет саласындағы жұмысты жақсарту бойынша бағыт-бағдар алуға мүмкіндік береді.
М.СЕЙІТҚАЛИҚЫЗЫ