Мемлекеттік қызмет: жаңа кезеңдегі маңызды міндет

news14709 Саясат

Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімге негізделген мемлекеттік басқарудың «адамға бағдарланған» моделін қалыптастыру үрдісі мемлекеттік міндеттерді қоғам күтетін талап-тілектерге сәйкес жүзеге асыруға қажет негізгі құндылықтар мен қағидаттарды қайта қарауды өзектендірді.

Еліміздегі мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениеті «Ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді. Мұндағы ба­сым­дықтардың бірі – мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу. Бүгінде Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметті жаңғырту тапсырмасын жүзеге асыру аясында 4 заң қабылданып, бірқатар заңға тәуелді актілер дайындалды. Енді мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Мемлекеттік қызметті заман талабына сай түбегейлі жаңғырту тек құқықтық-нормативтік құжаттарға өзгер­тулер енгізумен шектелмейді. Мұн­да­ғы басты міндеттің бірі – мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру. Ол үшін мемлекеттік қызметшіге саналы тұрғыда өзгеріс қажет. Бұл ниет қалаулары мен ұста­ным­дық қағидаттарын өзгерту талабын туд­ырады. Алда осы арнадағы жұмысты жан­дандыруды көздеп отырмыз.

Мемлекет басшысы Ұлттық құ­рыл­тайда: «Халқы­мы­з­дың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалып­та­са­ды. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады», деп саналы өзгеріске деген қажеттіліктің пісіп-же­тіл­генін айтқан болатын.

Өкінішке қарай, бүгінде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінен өзге, олардың қоғамдағы болмысы мен тұл­ға­сына қатысты саналы жаңғыруға ба­ғыт­­талған бірде-бір құжат жоқ. Сон­дық­тан еліміздегі мемлекеттік қыз­мет­ші­лердің саналы тұрғыдан жаң­ғы­р­уына ықпал ететін, олардың ұста­ным­да­ры мен құндылықтарын жүйе­лей­тін арнайы Доктрина жобасын дайындау­ды қолға алдық. Онда мемлекеттік қыз­мет­ші­лердің қоғамның сұранысына жа­­уап бере алатын мақсатты дағдылары, құндылықтық ұстанымдары топтасты­рылды. Бұл құжат мемлекеттік қыз­мет­шілердің саналы, рухани-адам­гер­шілік тұрғыдан өзгеруіне түрткі болуға ба­ғыт­талып, олардың мемлекеттік бас­қа­ру жүйесіндегі қызметін сапалы түрде кәсібилендіруді көздейді.

Мемлекеттік қызметшілердің тұлға­лық болмысын жетілдіруге қатыс­ты әлемдік тәжірибені зерделегенде бар­ша­ға ортақ, әмбебап, үздік тәжіри­бе не­месе қандай да бір үлгілі стан­дарт­тың жоқ екенін көреміз. Мәселен, белгілі бір елде тиімділігін көрсететін жүйе басқа елде тиімді болмауы мүм­кін. Халықаралық тәжірибеден аңғара­ты­нымыз – мемлекеттік қызметтің бір­­тұтас және тиімді жүйесін құру әр ел­дің тарихи, мәдени, ұлттық және басқа да өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілетіні. Сондықтан отандық мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын жетілдіру өзге елдердің тә­жірибесіне арқа сүйеп қана қоймай, елі­міздің дәстүрлі-мәдени, әлеуметтік-тарихи факторларын, ұлттық құн­ды­лық­та­рын ескере отырып жүзеге асырылуы қажет.

Қазіргі біздің қоғам мемлекеттік қызметшілерден елдік және қоғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуін, өз күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін отанымыздың дамуына жұмсауын күтеді. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық жетілуі – тұтастай қоғам өзгеруінің алғышарты. Мемлекеттік қызметшінің тұлғалық болмысы қоғамға үлгі болуы қажет. Ол үшін мемлекеттік қызметші кәсіби, тұлғалық ізгі қасиеттерді бойына жинақтап, іс жүзінде оның нәтижесі көрініп тұруы керек.

Мемлекеттік қызметшінің күнделікті өмірі оның кәсіби қызметімен тығыз байланысты. Рухани мәдениет пен білім, алған тәрбие адамның тұлғалық болмысын құрап, нәтижесінде оның іс-әрекетіне ықпал етеді. Мұнда зұлымдық пен әділетсіздікке жол бергізбейтін ішкі бақылаушы – ар-ұжданның орны ерекше. Ардан аттамау – адамшылық бастауы. Ізгі қоғам туралы ұзақ ізденген данышпан ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби ар-ұжданға жүгінген қоғамда заңдарға жүгінуге қажеттілік азаяды дегенге саятын тағылымды ой қалдырған. Бұл заңдарға жүгінуге жеткізбей, әр адам­ның ар-ұжданы деңгейінде көп­те­ген сұрақтың шешімі бар екенін айтып отыр.

Алдымен адам ішкі ар-ұждан заңдарын жетекшілікке алу керек. Сонда әркім өмір сүруге қажетті, жазылған сыртқы заңдарды бұзудан қорыққандықтан емес, адамшылық парызы үшін түзелу жолында болады. Бұл ой – бүгінгі саналы жаңғырудың да негізіне айналуға тұрарлық идея. Яғни ар-ұждан бақылауын күшейту – қазіргі қоғамдағы әр адамның тұлғалық болмысын жетілдіру бойынша саналы жаңғыруының басты шарты болуы керек.

Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу адамнан оны саналы тұрғыдан сезінуді, шын ынта-жігерін, ең бастысы – ниет тазалығын талап етеді. Ел игілігі үшін адал, риясыз қызмет ететін мемлекеттік қызметші нағыз азамат және Отанды сүюдің үлгісі болуға лайық. Ол саналы адам ретінде өз-өзіне «мен өз өмірімді, өзім өмір сүріп отырған қоғамды, мемлекетті жақсарту жолында не істедім?» деген сұрақ қояды. Мемлекеттік қызметшіге тұлғалық болмысын жетілдіру үшін өз-өзіне есеп беру және өзін-өзі тану мәдениетін дамыту маңызды. Бұл жауапкершілікті арттыруға негіз болып, жақсы жаққа өзгеруіне жол ашады. Есеп алу айна тәрізді өзіне сырт көзбен қарап көруге мүмкіндік тудырып, қателіктермен жұмыс істеуге ынталандырады. Мемлекеттік қызметші өзінің кәсіби білімімен пайда келтірумен ғана шектелмей, сонымен қатар адамшылық тұрғыдан басқалар бой түзейтін үлгіге айнала білуі керек.

Мемлекеттік қызметшілердің бо­йынан Абай бейнелеген «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» көрініс табуы қажет. Бұл қасиеттер мемлекеттік қызметшінің кәсіби және тұлғалық дамуына айтарлықтай ықпал ете алады. Абай «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп осы үш қасиеттің адам бойынан көрініс табуын толысудың, кемел болудың басты шарты ретінде қараған. Ақыл мен қайрат жүрекке бағынуы керек деген байламға келген. Өйткені барлық мейірім, жанашырлық атаулы жүректен шығады. Ойшыл «Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің шектеулісің» дейді. Өз басының қара қамын ғана ойламай, әрдайым елдік мұратты биік қоя білу, елге адал қызмет ету – адам бойындағы адамшылықтың бір көрінісі. Хакім отыз жетінші қара сөзінде тағы да «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген. Абай ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстауды «толық адамға» тән сипат ретінде қараған. Осы орайда, Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы «Абайдың «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», деген пікірі біздің қоғам үшін аса маңызды. Абай айтқан, «толық адам» мемлекеттік қызметшінің тұл­ға­лық болмысын жетілдіруде негізгі бағдар болуы қажет.

Әрбір мемлекеттік қызметшінің ха­лық­қа сапалы қызмет етуі мемлекеттік қызметке кір келтіретін бюрократияға, формализмге, имитацияға және қызметтің декларативтілігі элементтеріне жол бермеуінен көрінеді. Саналы жаңғыру жолындағы маңызды қадамның бірі – халыққа адал ниетпен қызмет етуге деген ынта-жігерді арттыру. Бұған қоса ұлттық мүддені басым қою, мемлекеттік сана, әділдік, ашықтық, антқа адал болу – бұлар мемлекеттік қызметшілердің са­налы тұрғыдан жаңғыруына септігін тигізетін ұстанымдар. Осылар мемле­кет­тік қызметшінің тұлғалық болмысынан көрініс тапқанда мемлекеттік аппараттың жаңаша сипатта дамуына серпін береді.

Мемлекеттік сана – мемлекетшіл болу, ұлттық мүдделердің мәнін түсіну. Президент айтқандай, әрбір мем­ле­кет­тік қызметші мемлекетшіл болуы керек. Мемлекеттік сана деңгейіне көте­рілген адам үшін, мемлекет пен елдік мүдделер – қашанда алдыңғы орында. Бұл – тәуелсіздікті, аумақтық тұтас­тық­ты, жерді сақтау, табиғи ресурс­тарды, мәдени мұраны қорғау сынды іргелі құндылықтарды қабылдап, олармен біртұтас болуды білдіреді. Мем­ле­кетшіл, мемлекеттік сана деңгейінде ойлайтын тұлғалар халық алдындағы жауапкершілікті сезінеді, ұлттық мүдде­лер­ге сәйкес ойлайды және әрекет ете­ді, елдің бүгіні мен болашағы үшін қам жейді. Елдің қамын ойлау – нағыз мем­лекет­шіл тұлғаға тән басты сипат.

Халқымыздың тарихында елдің бола­ша­ғы үшін аянбай еңбек етіп, елге қыз­мет етудің тамаша үлгісіне айналған тұлғалар аз емес. Бұған көптеген мысал кел­тіруге болады. Мәселен, көрнекті Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деп өзінің жеке басынан ұлттық мүддені биік қойып, елдің қамы үшін еңбек етіп, шын мәніндегі мемлекетшіл тұлғаға ай­нал­ған.

Мемлекеттік қызметшілер Отанға қыз­мет ету мәдениетін дәйекті түрде иге­ріп, жүзеге асыруы қажет. Елге қыз­мет ету әркімнің өзіне жүктелген міндетті шынайы және адал орындауы­нан көрінеді. Мемлекеттік сана дең­ге­йіне көтерілу, ұлттық мүдделерді сақ­тау үшін тек білімді және құзыретті болу жеткіліксіз. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – білім­нен емес, мінезден» деген. Бұл жерде мінез деп адамның ішкі рухын, адам­дар­дың игілігі үшін елге қызмет етсем деген жүрек қалауын айтып отыр. Шәкә­рім айтқандай, халыққа еңбек қылу – адам­дық борышың.

Мемлекет басшысы өз Үндеуінде «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет деге­німіз – жеке бастың бақ-дәулетін арт­тыратын жер емес. Бұл – туған хал­қың­ның алдында айрықша жауап­кер­шілік арқалау деген сөз» дегенде осы адамдық борыштың өлшемі жайлы айтып отыр емес пе?

Мемлекеттік қызметшінің саналы жаңғыруына қажет басты ұстанымның бірі – әділдік. Әділдік – бұл адамға бағ­дар­ланған мемлекеттік басқару жүй­е­сін­дегі басымдық беріліп отырған негізгі қағида. Орта ғасыр ғұламасы Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» шығармасында мемлекетті басқаруға қажет төрт қағи­да­ны негіздеген. Соның ең басына әділетті қойған. Одан кейін дәулет, ақыл-парасат және қанағат. Әділдікті күнге теңеген. Бұл салыстырудың мәні: аспан жарығы барлығына бірдей, біркелкі, ешкімді алаламай нұрын төгетіні сияқты әділдік те күн тәрізді барлығына ортақ игілік.

Әділдіктің мәні – баршаға тең мүмкін­дік қалыптастыру. Хакім Абай әділетті – барша ізгіліктің анасына теңеп, ынсап пен ұяттың әділеттен шығатынын айтқан. «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса оның ұяты да жоқ» деп, әділдікті ар-ұяттың өлшемі ретінде қараған.

Қазақ даласындағы әділдіктің символы – билер институты. Билердің әділдігі туралы әңгімелер, мақал-мәтелдер, олар­дың мемлекеттік ауқымдағы және күнделікті мәселелер бойынша шешім қабылдаудағы даналығы жайында тарихтан көптеген мысал келтіруге болады. Олардың әділдігіне қатысты «Қара қылды қақ жарған» сөз тіркесі қалыптасқан. Бұл әділ шешім шығарудың аса күрделілігі мен нәзіктігін, би төре­лі­гін жүзеге асырудағы ерекшелікті біл­ді­реді. Бабаларымыздан «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мәтел қалған. Әділ би жоғары шын­дықтан басқа ешкімге артықшылық бер­мейді.

Әділдік қағидатын сақтау моральдық-адамгершілік таңдаумен, шындықты таба білумен, объективті қорытынды жасай алумен байланысты. Күнделікті өмірде әр адам іс-әрекет жасамас бұрын ойланып, өзі қалағандай ғана емес, сонымен бірге өзін басқаның орнына қоя білуі керек.

Әділеттілік өмірде ешкімге де бөле-жара артықшылық бермейтін баршаға ортақ заңдылық күшіне ие тәртіпке сай әрекет етуден, өзіңізге басқалар қа­лай қарым-қатынас жасағанын қала­ға­ныңыздай, басқа адамдармен солай қарым-қатынас жасаудан, басқа адамға жеке пайда табу құралы ретінде қарамаудан, жеке мүдделерге қайшы болса да, әділ шешімге кедергі жасамаудан көрініс табады. Әділетті қоғам құ­ру­дың негізгі факторларының бірі – мем­лекетте заңдар мен құқықтың үстем­ді­гін орнату.

Мемлекеттік қызметшінің саналы жаңғыруындағы басты ұстанымның бірі – ашықтық. Ашықтық – канцеляризмге, бюрократияға, сөзбұйдаға жол бермеу, кемшіліктер, олқылықтар орын алған жағдайда шынайы болу. Ашықтық халық пен мемлекеттік аппараттың арасындағы байланысты нығайтып, ауызбіршілікке жол ашады. Жұртшылық талабымен санасуды, маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде олардың пікірін еске­руді талап етеді. Ашықтықтан күті­летін нәтиже – қоғам тарапынан сенім­ге ие болу. Азаматтардың еркіндігі мен демократиялық ұстанымдар құрмет­те­летін қоғамда әртүрлі көзқарастар біл­ді­руге тыйым салынбайды. Сондықтан пікір алуандылығына ашық, шешім қабылдауда әділ болу басты ұстанымға айналуы қажет.

Мемлекеттік қызметші өз өкілет­тік­терін жүзеге асыру барысында аза­мат­тар­дың қажеттіліктерін танып, олардың үніне құлақ асуы керек. Қабыл­данатын шешімнің заңдылық, объективтілік ере­же­леріне және мемлекет мүдделеріне сәйкес келуін ескерген жөн.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ашықтық қа­ғи­да­тымен тығыз байланысты. Мем­ле­кет басшысы «Біз адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген негізгі қағиданы айқын ұстанамыз. Біздің қоғам «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұғымын үлкен үмітпен қабылдады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер әрбір азаматтың үмітін ақтауға және тілектерін ескеруге барынша күш салуға тиіс» деген сөзінде осы ашықтыққа үндейді.

Мемлекеттік қызметші үшін саналы жаңғырудағы тағы бір іргелі қағидат – мемлекеттік қызметке кіру кезінде беретін антқа адалдық. Ант ету – адамның жауапкершілікті ар-ұжда­нымен қабылдап алатын рухани-адам­гер­шілік санаттағы салтанатты шара. Ол адамның ар-ұждан бақылауын іске қосып, өз міндетін саналы түрде түсінуді және айтылған сөздері мен жасайтын әрекеттері үшін моральдық жауапкершілікті қабылдауды білдіреді.

Адамзат тарихында антты бұзу, ант­тан аттау әрқашан айыпталып, мұн­дай әрекет адамның ар-намысы мен беделіне ойсырата зиян келтіріп отырған. Антты бұзу ел алдында айыпталумен қатар, сенім мен құрметтен жұрдай етеді. Антты қастерлеу, оған ерекше мән беру – халқымыздың болмысына тән қасиет. Халқымызда ант сөзіне қатысты «серт беру», «уәде», «серттесу» ұғымдары бар. Қазақ дала­сы­ның салт-дәстүрлерін зерттеуші ға­лым­дар елімізде тағдырлы шешімдер қабылданғанда уағдаластықтарды сөз беру, уәделесу арқылы бекітетін ерекше дәстүрдің болғанын алға тартады. Бұл біздің қашанда антына адал халық болғанымызды білдіреді.

Антқа, берілген уәдеге адалдықты сақтай білу – өнегелі адамға, шын ерге тән қасиет. Анттан аттап кеткен адам­дарға жұртшылықтың көңілі суып, олар жағымсыз кейіпке ұшырап отырған. Абайдың тілімен айтқанда «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын», яғни сө­зін­де тұра алмайтын, уәделерін орын­дай алмайтын адам өз ар-ұжданын, жанын, адамдық қадір-қасиетін түкке тұр­ғы­сыз күйге түсіреді. Бұл оның адам­дық мәнінің жоғалуына әкеледі.

Антқа адалдық «адамға бағдарланған» мемлекеттік басқару моделіндегі мемле­кет­тік қызметшілердің негізгі әдеп қағи­да­ларының бірі – адалдық ұғымына ете­не жақын түсінік. Адалдық жария түрде айтылатын құндылықтық көз­қа­растардың іс жүзінде, шын мәнінде, жү­зе­ге асырылуын білдіреді. Адал адам – бұл арлы адам.

Ата-бабаларымыз ар-абыройды баға жетпес құндылыққа балаған. Хакім Абай «Пайда ойлама, ар ойла» деп адам үшін ар-ұжданның бәрінен қымбат, бәрінен биік екенін айтып өткен. Ойшылдың осы сөзін әрбір мемлекеттік қызметші көкейіне құйып, өмірлік ұстанымына айналдыруға тиіс. Әр қызметші өз бо­йында жасаған іс-әрекеті үшін жауапты болуды жоғары мәдениет ретінде орнықтыруы керек.

Мемлекеттік қызметші жоғарыда айтыл­ғандарды ескеріп, саналы өзгеріске бет бұрса, оның тұлғалық болмысының да уақыт талабына сай жаңа сипатта жаңғырары анық.

Түйіндей келе айтарым, саналы өзге­ріс үшін біз бір нәрсені жақсы түсінуіміз керек. Ол – мемлекеттік қызметшілердің жоғары құндылықтарды ұстануы жазадан, сыннан немесе бақылаудан қо­рық­қандықтан емес, өзінің ішкі ерік-жі­герімен, ниет қалауымен орындал­уы. Сонда ғана саналы өзгеріс іс жүзінде орын алмақ. Ал саналы өзге­ріс – мем­ле­кеттік қызметті сапалы жаңғыр­ту­дың негізі болмақ. Ең бастысы, бұл біздің жұмыс тәсіліміздің түбегейлі өзгеруіне жол ашады.

Дархан ЖАЗЫҚБАЕВ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз