Жарнама
Саясат

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР – ХАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗМЕТШІСІ

 ҰЛЫҚ БОЛСАҢ, КІШІК БОЛ!

Онда алдымен соңғы кездері еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік қызметшілердің, соның ішінде жергілікті атқарушы билік құрылымдарында, аудандық, облыстық деңгейдегі мемлекеттік мекемелерде қызмет істейтін лауазым иелерінің, жауапты тұлғалардың тарапынан қарауындағы қызметшілерге қатысты дөңайбат танытып, дөрекілік, қысымшылық көрсету, қолындағы билігін пайдаланып, оларды моральдық тұрғыдан кемсіту әрекеттерін, басқа да оғаш қылықтарын әшкерелеген жарияланымдарға назар аударылды.
Кеңес мүшелері мен отырысқа қатысушыларды баспасөз материалдарының мазмұн-мәтінімен егжей-тегжейлі таныстырған Тәртіптік кеңестің төрағасы Мұхит Кәрімұлы мұндай келеңсіз фактілердің республикамыздың бірқатар аймақтарында (соның ішінде Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарында) көрініс тауып, жұртшылыққа жария етілгеніне тоқтала келіп, дәл осындай жағдайлардың өз өңірімізде де белең алып, қайталануына тосқауыл қоюмыз қажеттігін қаперледі.

ТӘРТІПТІК КОМИССИЯ ТЕЗГЕ САЛДЫ

Күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың жанынан құрылған тәртіптік комиссиялардың өткен жылдағы жұмыс қорытындылары қаралды.
Есепті мерзімде мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссияларының 56 отырысы өткізіліп, 51 қызметкерге қатысты тәртіптік жауапкершілікке шақыру мақсатында шара қолдану жөнінде ұсыныстар берілген. Қорытындысында, олардың 37-сіне «ескерту», 9-ына «сөгіс», біреуіне «қатаң сөгіс», үшеуіне «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» және біреуіне «лауазымынан төмендету» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Төрт қызметкер атқарып жүрген қызметтерінен босатылған.
Мәселеге орай Қызылқоға, Жылыой аудандарындағы және Атырау қаласындағы тәртіптік комиссиялардың жыл ішінде атқарған жұмыстарынан хабарламалары тыңдалып, қаперге алынды.

ЗАҢСЫЗ СЕРТИФИКАТ СЫБАЙЛАСТЫҚҚА ЖЕТЕЛЕДІ

Құрманғазы аудандық прокуратурасы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау Комитетінің Құрманғазы аудандық аумақтық инспекциясы бойынша азық-түлік айналымы саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалардың қолданылуына тексеру жүргізген. 2012 жылды тұтастай және 2013 жылдың тоғыз айы аралығындағы мерзімді қамтыған тексерулердің нәтижесінде бірқатар заңсыздықтар мен кемшіліктердің беті ашылған.
Нақтырақ айтқанда, инспекция басшысы-бас мемлекеттік ветеринарлық-санитариялық инспектор Н.Бәженовтың қолымен «Х.Альжанова» шаруа қожалығына Ресей Федерациясының Астрахан қаласына 1850 келі қара балықты шығару үшін ветеринариялық сертификат берілген. Алайда, аталған шаруа қожалығы мұндай қызметпен айналысуға рұқсат етілген мекемелердің бірыңғай тізіліміне енгізілмеген. Сөйтіп, «Кеден одағының кедендік шекарасында және кедендік аумағында ветеринариялық бақылауды жүзеге асырудың бірыңғай тәртібі туралы» Ереже талаптары бұзылған.
Мұндай фактілер өткен жылдың өзінде бірнеше мәрте қайталанған. Олардың барлығына да жоғарыда аталып кеткен аудандық аумақтық инспекция басшысы-бас мемлекеттік ветеринарлық-санитариялық инспектор Н.Бәженов пен оның орынбасары Ш.Туилбаевтың тікелей қатысы барлығына, тауарды сыртқа алып шығуға рұқсат беру құжаттарының солардың қолымен ресімделгеніне көз жеткізілген. Және бір анықталғаны, ауланған қара балықтар, қолында ветеринариялық сертификаты болғанымен, әлгінде айтылған бірыңғай тізілімге енбеген жеке тұлғалар арқылы Астраханға асырылып отырған. Оның үстіне, су маржанын саудалаушыларға заңсыз негізде ветеринариялық сертификат берген жауапты тұлғалардың өздері мұндай құжатты ресімдеуге құқық беретін мемлекеттік аттестациялаудан өтпеген болып шықты.
Осыларды негізге ала отырып, Тәртіптік кеңес жоғарыда аттары аталған лауазым иелерін, оған қоса ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау Комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Дәурен Қабдоловты қарамағындағы қызметкерлердің осындай заңсыздық әрекеттерге баруына жол бергені үшін қызметтерінен босату жөніндегі ұйғарымға келді.

КОНКУРССЫЗ НЕГІЗДЕ ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАҒАН

Атырау қаласына қарасты Атырау селолық округінде жүргізілген тексерулердің нәтижесінде де мемлекеттік мекемелердің қызметінде басшылыққа алынуға тиісті республика заңдары мен бірқатар заңнамалық актілер талаптарының өрескел бұзылғандығы белгілі болыпты.
Баяндалғанындай, аталған округ аппараты бір жылдың ішінде бос тұрған мемлекеттік әкімшілік лауазымына (жетекші маман) бірнеше рет конкурс жариялаған. Әйтсе де, сол лауазымды орынды иелену үшін құжаттарын тапсырып, тестілеуден өтуге талаптанған үміткерлер шекті мөлшерден төмен баға жинақтағандықтан, конкурстың келесі кезеңіне жіберілмеген.
Екі мәрте конкурс өткізілгенімен, олардың бірде-бірін округ әкімі аппаратында құрылған конкурстық комиссия хаттамаға түсіріп, ресімдемеген. Былайынша айтқанда, конкурстардың өткізілгендігін растайтын құжат жасақталмаған. Ақырында келіп, лауазымдық орында осыған дейін қызметін атқарып келген мемлекеттік қызметші бұйрықпен орнынан босатылмай тұрып, басқа бір адамды конкурссыз-ақ қызметке қабылдау туралы шешім шығарылған. Дәлірек айтқанда, Г.Сапарғалиева арнайы тексеруден өткенге дейін үш ай сынақ мерзімімен округ әкімі аппаратында жетекші маманның міндетін атқарушы болып тағайындалған.
Мұның бәрі де облыстық мемлекеттік қызмет істері Департаменті тарапынан жүргізілген тексерулердің қорытындысымен анықталып, Тәртіптік кеңестің шешімімен заңсыздыққа жол берген селолық округ әкімі Ғилымжан Иманғалиевты қызметінен босату жөнінде Атырау қаласы әкіміне ұсыныс жолданса, соған себепші болған оның орынбасары мен кадр-ұйымдастыру мәселелеріне жауапты бас маманына «қатаң сөгіс» беру ұйғарылды.

***
Бұдан басқа, Тәртіптік кеңестің отырысында Атырау облысы бойынша экология Департаментінің бас мемлекеттік инспекторы Руслан Төкеновке қатысты жинақталған құжаттарға да назар аударылды. Мұнда жауапты тұлға — лауазым иесінің негізінен «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнында орын алған экологиялық заңдылықтардың бұзылу фактілері бойынша дайындалған материалдарды қарап, әкімшілік шара қолдану барысында кейбір заңға қайшы келетіндей әрекеттерге барғандығы, дегенмен осыған байланысты салалық министрліктен тиісті жазасын алғандығы мәлімделді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button