
Мәжіліс резолюциясы: Әділетті Қазақстан құру жолындағы жаңа қадам
Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында еліміздің барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерін Мемлекет басшысының төңірегіне топтастыру және Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген маңызды резолюция қабылданды. Бұл құжат – еліміздегі жүйелі реформалардың заңды жалғасы, әділетті қоғам қалыптастыру жолындағы нақты қадам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары елдегі қоғамдық-саяси құрылымды жаңғыртып қана қоймай, әділеттілікті, тең мүмкіндіктер мен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осы мәселелерге кеңінен тоқталып, Президенттің реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі екенін атап өтті. Ол сондай-ақ еліміздің барлық прогрессивті күштерін осы өзгерістерді қолдауға, Әділетті Қазақстан қағидаттарын берік ұстануға шақырды.
Депутат ретінде мен бұл резолюцияны қолдаймын және оның ел болашағы үшін маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Өйткені қабылданған шешім тек саяси жүйені жетілдірумен шектелмейді. Ол экономикалық өсімді ынталандырып, әлеуметтік әділеттілікті орнатуға да мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мемлекет орта бизнестің дамуына үлкен қолдау көрсетіп отыр. Белгілі экономист Жақсыбек Күлекеев бұл өзгерістердің кәсіпкерлікке серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев ғылым саласын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
Біз, депутаттар корпусы, еліміздің дамуына тікелей әсер ететін осы тарихи шешімнің маңызын түсінеміз және оны толықтай қолдаймыз. Әділетті Қазақстан – тек ұран емес, нақты іс-әрекетке негізделген болашақтың бағдары. Президент реформаларының жүйелі түрде жүзеге асуы – халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, мемлекетіміздің қуатын нығайтуға жол ашады.
Абдолла ИДРЕСОВ,
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасы, облыстық мәслихат депутаты