Жарнама
Саясат

Мақсот Мұқанов: «Халық сайлаған әкім халық үшін жұмыс істейді»

Биылғы 5 қарашада Қызылқоға ауданы әкімін сайлау пиолаттық режимде өтеді. Сайлаудың маңызы мен ерекшелігі және саяси науқанға дайындық барысын білу мақсатында біз Қызылқоға аудандық аумақтық  сайлау комиссиясының төрағасы Мақсот Мұқановпен сұхбаттасқан едік.

– Мақсот Сайполұлы, биылғы сайлаудың ең басты ерекшеліктері қандай, елдің, қоғамның дамуына қаншалықты пайдасы тиеді деп ойлайсыз?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Елімізде алдағы уақытта жаңа саяси реформалар қолға алына бастайды. Солардың бірі – қала, аудан әкімдерінің сайлауы. Бұл шешім ауыл тұрғындарының мүдделеріне тікелей әсер етеді» деген болатын. Сондықтан, бұл сайлаудың мәні де, маңызы да зор деп айта аламын. Жалпы баршаға белгілі соңғы жылдары еліміздің сайлау жүйесіне көптеген жаңашылдық енгізілді. Мәселен, 2021 жылы Президент «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Соған сәйкес ауылдық округ әкімдерін елді мекен тұрғындары тікелей дауыс беру арқылы сайлау құқығын иеленді. Бұдан бөлек, саяси партияларды тіркеу үшін оның мүшелерінің саны жөніндегі талапты 40 мыңнан 20 мың адамға азайту, сайлау кезіндегі партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота қарастыру, парламенттік оппозиция институтын енгізу секілді бастамалардың өзі бір төбе. Сонымен қатар, сайлау бюллетеньдеріне  «Бәріне қарсымын» деген тармақ қосылды. Бұлардың бәрі соңғы екі-үш жылда жүзеге асқан саяси қадамдар. Енді міне, қала және аудан әкімдерін сайлағалы отырмыз. Сондықтан бұл елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформалардың жалғасы. Осылай жергілікті халық алдымен ауыл әкімін, артынша аудан немесе қала әкімін өздері сайлап, мемлекет басқару ісіне араласа бастады. Осы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып, тұрғындар кейіннен облыс әкімін сайлайтын болады. Бұл сайлау елдің де, қоғамның да дамуына зор үлес қосады деп ойлаймын. Себебі, өз әкімін өздері сайлаған соң халық кез келген уақытта одан жұмысты талап етеді. Әрі халық сайлаған әкімнің ел алдында жауапкершілігі де зор болады. Мысалы, бұрын аудан әкімдері облыс әкімінің бұйрығымен, жергілікті мәслихаттың келісімімен тағайындалса, енді әкім таңдау халықтың өз қолында. Бұл ашық қоғам құруға жасалған нық қадам.

—  5 қарашада өтетін саяси науқанға Атырау облысы бойынша жеті ауданның ішінен неліктен Қызылқоға ауданы таңдалып алынды?

— Заңдылыққа сәйкес, бұл сайлауды өткізу туралы қажетті құқықтық база қалыптасқаннан кейін еліміздегі 17 облыстың жергілікті (облыстық) мәслихаттары өз облыстары бойынша сайлау өтетін аудан мен қаланың тізбесін бекітіп, орталық сайлау комиссиясына ұсынады. Соған сай, Атырау облыстық мәслихаты Исатай мен Қызылқоға аудандарының әкімдерін пилоттық жүйеде сайлау туралы шешім шығарды. Әрине, мәслихат депутаттары шешім шығарарда әр ауданның саяси өзгеріске бейімділігін, аудан халқының санын, жалпы аумағын бәрін саралап барып, бекітеді. Демек, облыстық мәслихат   депуттарының шешімі осы Қызылқоға ауданы болса онда қуанған жөн. Себебі, бұл тек саяси емес елімізде бұрын соңды болмаған тарихи оқиға. Яғни, Қызылқоға ауданы ең алғаш өз әкімдерін сайлайтын тұңғыш 45 ауданның қатарында. Бұл сайлауда аудан әкімі лауазымына  3 үміткер түсіп отыр. Олар өз кезегінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.

– Әр сайлаудың өзіндік ерекшеліктері мен талаптары болатындығы түсінікті.  Аудан  әкіміне кандидаттарға қандай талап қойылады, олар неше жылға сайланады?

– Қазақстан Республкасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдеріне кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуы және жасы 25 жастан төмен болмауы, сондай-ақ жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс. Кандидаттар елімізде тіркелген саяси партиялардың атынан немесе өзін-өзі ұсыну арқылы сайлауға түсуге құқылы. Өзін-өзі ұсынған кандидат сайлауға қатысуы үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тұратын сайлаушылардың кемінде бір пайыз қолын жинауы керек. Кандидаттар заңда белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарналарын төлейді. Егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат әкім болып сайланса немесе дауыс беру қорытындылары бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын жинаса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарналар кандидатқа немесе саяси партияға қайтарылады. Қалған жағдайларда сайлау жарнасы кандидатқа қайтарылмайды. Сондай-ақ тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына декларация тапсырады. Егер мәліметтер қате немесе анық болмаса, аумақтық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеуден бас тартуға құқылы. Сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Бір адам қатарынан екі реттен артық аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі болып сайлана алмайды.

– Бұл сайлауға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының дайындығы қандай деңгейде?

– Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2023 жылдың 15 қыркүйектегі №16 қаулысымен аудандық сайлау округі құрылса, №17 қаулысымен аудан әкімінің сайлауын тағайындау және сайлаудың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы қаулы қабылданды.  Күнтізбелік жоспарға сай округ шекарасы мен комиссия құрамы бұқаралық ақпарат құралына жарияланды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясында-7, округтік сайлау комиссиясында-20, учаскелік сайлау комиссиясында-117 мүше бар. Барлығы 24 комиссия, 144 мүше аудан сайлаушыларына қызмет етеді. Комиссия құрамының 110 мүшесі саяси партиялардан, 34 мүшесі қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған.

25-26 қыркүйек күндері Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Атырау облысы филиалының ұйымдастыруымен аудандағы сайлау комиссиясының мүшелері оқытылып, тестілеуден өтті. Комиссия мүшелері алға қарай қашықтықтан оқыту бойынша тестілеуге толықтай дайын. Сайлау күні аудан бойынша 19 дауыс беру учаскесі сайлаушыларға қызмет етеді. Учаскелер мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы бұрыш, тактильді жолақ және басқа да қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Сайлау учаскелері 1 қараша күні толықтай дайын болады. Қорыта айтқанда ауданда пилоттық режимде өтетін аудан әкімінің сайлауын өткізуге барлық мүмкіндік бар.

– Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерінің құқықтары мен атқаратын міндеттері қандай?

– Жоғарыда айтқандай комиссия мүшелері сайлауға дейін барлығы оқытылып, тиісті сертификат алғаннан кейін барып жұмысқа кіріседі. Олар тек сайлау күні ғана жұмыс жасамайды. Оған дейін сайлаушыларға шақыру түрінде хабарлама тарату, өз округіндегі үйден дауыс беретіндерді анықтау, сайлау учаскесін дайындау секілді жұмыстарды атқарады. Ал, сайлау күні әрбір келген сайлаушының аты-жөнін тізім арқылы тексеріп, қолдарына дауыс беру бюллетенін береді. Сондай-ақ, сайлаушылардың арыздары мен шағымдарын қарап, тиісті шешім қабылдау да комиссия мүшелерінің құзырында. Одан бөлек, комиссия мүшелері сайлау уақыты аяқталғаннан кейін дауыс санау жұмыстарына қатысып, учаскедегі дауыс беру нәтижелерін анықтайды. Әрбір екі сағат сайын қанша сайлаушы қатысқаны туралы аумақтық сайлау комиссиясына есеп беріп отырады. Ал, сайлау учаскелерінің жағдайына келетін болсақ, әрбір учаскеде сайлаушы санына байланысты үш немесе төрт дауыс беру кабинасы болады. Оның біреуі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кабина. Одан бөлек,  мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар үшін пандус, үлкейткіш лупа, компъютер, құлаққап, жарықшам қойылады.  Сайлау учаскелері таңғы сағат 7:00-де еліміздің Мемлекеттік Әнұранымен ашылады. Сол уақыттан бастап кешкі сағат 20:00-ге дейін дауыс беру процесі жүреді.

– Сайлау барысында жасы үлкен кісілер мен мүмкіндігі шектеулі жандар үйден дауыс бергісі келуі мүмкін. Бұрын олар үйден дауыс беруші еді. Осы жолы қалай болар екен?

– Әрине, бұл сайлауларда бұрыннан қолданылып келе жатқан тәжірибе. Сайлау кезінде үйден дауыс беру сайлаушының өз өтініші негізінде жүзеге асады. Өтініш берілгеннен кейін әрбір учаскелік комиссияның 2 мүшесі тасымалданатын дауыс беру жәшігін алып, үйлерді аралап, өтініш иелерінің дауыс беруіне жағдай жасайды. Бұл мақсатта сайлау учаскесіне бөлінген қаражаттан арнайы көлік жалға алынады. Үйден дауыс беретіндер көбіне жасы үлкен кісілер мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Сондай-ақ, елді мекендерден қашықта жатқан малшы қыстақтарына да арнайы барып, комиссия мүшелері дауыстарын қабылдайды.

 – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button