Жарнама
Саясат

«МӘНГІЛІК ЕЛ» ПОЙЫЗЫ-АТЫРАУДА

Атырау темір жол вокзалында жергілікті жұртшылықпен қауышқан қонақтарды мұнайлы мекен тұрғындары гүл шоқтарымен қарсы алды. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан «қош келдіңіз!» айтып, сапарларына сәттілік тіледі.

Атырауға ат басын тірегенге дейін әлеуметтік пойыз Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Ақтау сияқты бірнеше қалада болып, жұртшылықпен жүздескен-ді. Оның құрамында ғалымдардың, сарапшылардың, дәрігерлер мен заңгерлердің және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мәдениет, өнер қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері болуы сапар салмағын арттыра түсті. Әрине, кездесу барысында Елбасы ұсынған Мәңгілік ел идеясы халыққа кеңінен түсіндірілді.

Пойыз келген бойда-ақ оның мамандары әр сала бойынша топ-топқа бөлініп, әлеуметтік қолдау-көмектерін дереу бастап кетті. Сөйтіп, кешке дейін жергілікті тұрғындарға құқық қорғау, ауыл шаруашылығын дамыту, денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлікті өрістету, т.б. бағыттар бойынша кеңестерін берді. «Мәңгілік ел» пойызы ұсынған  барлық шаралар тегін жүргізілді.

Жалпы, пойыз штабының басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Әміржан Әлпейісовтің айтуынша, басты мақсат – халық арасында жүріп, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысу. Елдің өткенін зерделеп, бүгінін бекемдеу, болашаққа бағдар құру. Мәңгілік ел идеясын сан ұлт пен ұлысты бауырына басқан ел тұрғындарына жеткізу. Әсіресе, денсаулық сақтау саласына ерекше ден қойылды. Пойыз құрамында отыз шақты жоғары білікті дәрігер болуы да сондықтан.

— Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы – елімізге ортақ мереке. Ендеше, ұлық күннің ұлылығын тек Астана мен Алматыда ғана емес, ұлан-ғайыр мемлекетіміздің барлық ауыл-аймағында халық болып тойлау өте маңызды. Жол үстінде өткізген аз уақытта біз отызға жуық ауыл-аймақта болып, мыңдаған адамды қабылдап үлгердік. Нәтижесінде, біраз мәселе шешімін тапты, — деді ол.

Атырау мұнай және газ институтында ұйымдастырылған студенттермен кездесу жоғары деңгейде өтті. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мейірім Қалауи өлкеміздің атақты Құрманғазы мен Дина, Халел Досмұхамедов, Хиуаз Доспанова, Жұмекен Нәжімеденов, Ғабдол Сланов, Хамит Ерғалиев, Салық Зиманов сынды тұлғалар өмірге келген аймақ екенін айтып, мұнайлы мекенді астаналық меймандарға таныстырды. Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі, «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Сейітқалиевтің айтуынша, атыраулық студенттердің арасында еліміздің басқа өңірлерінен келген жастармен қоса, «Серпін» жобасымен оқып жатқан қытайлық қандастарымыз да бар. Институт ректоры Али Әбішев те қонақтарға игі тілегін арнады.

Астаналық дәрігерлер Атыраудағы темір жол ауруханасында тұрғындарды қабылдады. Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басшысы Нұрлан Қыдырбаевтың айтуынша, қаралғандардың бәріне де жоғары деңгейде жәрдем жасалып, керекті кеңестер берілген. Ал, алматылық кардиолог Роза Төлеуованың сөзіне қарағанда, жүрек ауруына шалдыққан науқастардың бірі ота жасату үшін жергілікті ауруханаға, екіншісі оңтүстік астанадағы зерттеу институттарына жіберілген.

— Мені учаскелік терапевт денсаулығымды қарату үшін осында жіберді. Дәрігерлердің берген кеңестері көңілімнен шықты. Мейрамға қарамастан алыстан ат арытып келген ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз, — дейді Атырау қаласының тұрғыны Тұраргүл Қайнешова.

Осыдан кейін қонақтар «Достық үйіне» барып, этномәдени бірлестік өкілдерінің тыныс-тіршілігімен танысты. Салтанатты шара барысында сан ұлт өкілдері би көрігін қыздырды. Кездесуді ашқан Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық басшысы Еркін Қадырғалиев республикалық акцияның жүру барысымен таныстырды.

Ал, «Теңдессіз сый» акциясы аясында қонақтар «Бір ел – бір тағдыр», «Қазақстан – отызыншы жылдарда», «Тарихи-рашиди», «Көшпенділер» және басқа сирек кездесетін кітаптарды жергілікті кітапханалар қорына табыстады.

«Мәңгілік ел» пойызының Атыраудағы сапары Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Дина Нұрпейісова атындағы академиялық оркестрдің шығармашылық кешімен түйінделді.

 

Р.S. Пойыз тоғыз жолдың торабындағы Мақатқа да аялдады. Сапар 18 наурыз күні Алматы қаласында қорытындыланады.

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ. Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button