ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ

Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын насихаттау және түсіндіру мақсатында өңірімізге республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, академик Өмірзақ Озғанбаев келіп, «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында кездесті. Онымен бірге Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, «ЕмбіМұнайГаз» АҚ бас директоры Махамбет Досмұхамбетов болды.

Ел ардагерлері жетекшісі Жолдау мұраттарын түбі бір түрік жұртының тарихымен байланыстыра түсіндірді.
– Елбасы 2050 жылға дейінгі жаңа бағдарламаны ұсынып отыр. Оның ең бастысы – Мәңгілік ел болу тұжырымдамасы. Бұл – бірлігі мен ынтымағының арқасында біртұтас халыққа айналып, тәуелсіз, әрі қуатты мемлекет құрған қазақстандықтардың алдында тұрған жаңа белес, зор міндет. Мәңгілік Ел болу идеясы ықылым замандарда өзінің болашағын ойлаған ұлттардың басынан өтті. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда 2050 жылға дейінгі елдің стратегиялық межесін анықтап берді. Қазақстандықтардың алдына маңызды міндеттер қойылды, – дей келе Өмірзақ Озғанбайұлы Жолдаудағы негізгі бағыттарға тоқталды.
Ең бастысы, халықтың әл-ауқатын арттыру қажеттігін айтты. Ол үшін экономика мықты болуы тиіс, медицина дамып, халықтың денсаулығы жақсы болуы шарт. Білім-ғылымға аса ден қою керек. Сот ісі әділ болуы тиіс. Осылардың бәрі өз деңгейінде жүзеге асырылғанда халықтың тұрмысы жақсарып, орташа жасы 80 жас болады.
Баяндамашы айтқан екінші мәселе – шағын және орта бизнестің дамуы. Елбасы жуырда Атырауға келген сапарында кәсіпкерлермен кездесіп, бүгінгі күні елімізде кәсіпкерліктің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 20 пайыз, қалған 80 пайызы ірі кәсіпорындарда болып отырғандығын айтқан еді. Ал, шетелдерде, керісінше, ішкі жалпы өнімнің басым бөлігі кәсіпкерлік еншісінде. Сондықтан, осы саланы дамыту, негізсіз тексерулерді азайтып, кәсіпкерлердің кең қанат жайып кетуіне мүмкіндік жасау қажет. Елбасының осы бағытта айтқаны – кәсіпкерлікті отбасылық династияға айналдыру идеясы. Яғни, атадан мұраға қалдыру жүйесін қалыптастыру да дұрыс.
Ө.Озғанбаев Елбасының бүгінгі Қазақстанды «Қазақ елі» деп атау идеясы жөнінде де айтып өтті. «Бұл – біздің ұлттық болмысымызбен үндес ұғым. Өзге елдер Қазақты тануы үшін мемлекет атауы негізгі ұлт құраушы халық атымен аталуы – дұрыс шешім. Бірақ, ол үшін қазақ тілінің қолдану аясы кеңіп, халықтың 90 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейтін халге жетуі керек. Қазір мектептерде оқушылардың 70 пайызы мемлекеттік тілде білім алуда. Өзінің болашағын қазақ елімен байланыстыратын адамдардың барлығы да мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс» деді ол.
Осыдан келіп білім-ғылымды меңгеру мақсаты туындайды. Жан-жақты біліммен қаруланған халық қана бәсекеге қабілетті бола алады. Мәселен, «Қашаған» кенішін игеру – еліміз үшін маңызды оқиға. Енді осындағы жұмыстарды өз мамандарымыз жүзеге асырса құба-құп. Ал, ол үшін қазақтан шыққан мықты мамандар қажет. Бүгінде білімді, дарынды балаларды даярлау жолында Назарбаев зияткерлік мектебі барлық өңірлерде жұмыс жасап келеді. Ондағы шәкірттерге артылып отырған үміт өте зор.
Жолдауда айтылған бағыттың бірі – өндірісті дамыту, индустриалды-инновациялық жобаларды іске асыру. Бұл мұнай-газ саласына да қатысты. Қазіргі кезде геологиялық барлау жұмыстарын қайта жандандыру қажеттілігі айтылып жүр. Бүгінде өнім беріп тұрған кеніштердің дені сонау Кеңес өкіметі кезіндегі геологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде ашылған. Алда жаңа кен алаңдарын ашу міндеті тұр. Сонымен қатар, елде өндіріс негізін қалыптастыру қажеттігі басым. Бүгінгі таңда әлемдегі 34 мемлекет ішкі жалпы өнімнің 60 пайызын беріп отыр. Осы елдерге жетеқабыл тұрған Ресей, Индия сынды алты ел бар. Соның ішінде бүгінде 50 дамыған елдің қатарына қосылған Қазақстан да 2030 жылға дейін осы елдер қатарынан табылуы тиіс деген мақсатты көздейді. Ол үшін көптеп инвестиция тартып, өнеркәсіпті дамыту міндеті тұр.
Елдік, бірлік, ата жолы, ұрпақ тәрбиесі туралы да келелі әңгімелер қозғалды. Жолдау туралы ойын қорытындылай келе:
– Әлемде 400-дей ұлт пен ұлыс болса, соның тек 200 шамасы ел болып отыр. Қазақ халқы неше ғасырлар бойына соғыс пен ұрысты, сан түрлі шапқыншылықты, теперіштерді көрді. Мың өліп, мың тірілді. Бірақ, ұлттығын, елдігін жойған жоқ, берік сақтап қалды. Өткен XX ғасырда да ұлт-азаттық көтеріліске шықты, аштықты, репрессияны бастан өткеріп, Ұлы Отан соғысының зардабын тартты. Қынадай қырылып жатты. 1916 жылы А.Байтұрсынов «Қазақтың саны 6,5 миллионға жетті!» деп қуанып еді. Неше түрлі нәубеттерден соң 1950 жылдары қазақ халқының саны екі миллиондай ғана боп қалды. Бірақ, қайта өстік. Өндік. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында қазақтың 10 миллионыншы Мұхтар есімді азаматы дүниеге келді. Мұндай санға жету – үлкен қуаныш. Мәңгілік Ел идеясы да ғасырлар бойы жанышталып қалған қазақ рухын қайта көтереді деп сенемін, – деп аяқтады сөзін Өмірзақ Озғанбаев.
Мемлекет мұраты, ұлт мақсаты. Жолдаудағы болашақ даму идеяларына қаныққан көпшілік оны халыққа ұғынықты, қарапайым тілмен шебер жеткізе білген баяндамашыға ризашылықтарын білдірді. Жолдаудағы жеті бағыттың ел болашағы үшін маңызы зорына көздері жетіп отырғандығын, оны толықтай қолдайтындықтарын жеткізді. Доссорлық Ислам Әбілғазиев, Отжағар Сәрсенбаев ардагерлер туралы заңның қабылдануы, қазақстандық мұнайшылар күнін белгілеу, мұнайшылар мұражайын ашу, геологиялық жұмыстарды жаңғырту жөніндегі сауалдары мен ұсыныстарын айтты.
Ө.Озғанбаев «Ардагерлер туралы заң жобасы» тоғыз жылдан бері Парламент қарауында жатқанын айтса, өндірістік сауалдарға жауап берген «ЕмбіМұнайГаз» бас директоры М.Досмұхамбетов айтылған ұсыныс-пікірлердің орындылығын, бірақ ол мәселелер келелі кеңес арқылы, халықтың ұсыныс-тілегіне ұштастырыла шешілуі тиістігін жеткізді.

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз