«ҰЛТЫМ КӘРІС БОЛСА ДА, ТІЛІМ – ҚАЗАҚ»
— Кіндік қаның тамған, алғаш сауат ашқан қай жер?
— Мен Өзбекстан елінде дүние есігін ашып, балалық шағым сонда өтті. Атырау жеріне 2008 жылы отбасымызбен біржола қоныс аудардық. Әке-шешемнің аялаған жалғыз қызы болған соң ба, қазақтың кең жерінде еш кемсітушілік көрмедім. Қаладағы Юрий Гагарин атындағы №4 мектептен қанаттанып, Атырау мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Бала кезден бойымда жазуға деген қабілет болды. Сондықтан, журналистика мамандығын таңдап, болашақта әдебиет, өнер, тіл саласында еңбек етсем деп армандадым.
— Қазақ тілінде еркін сөйлеуіңнің құпиясы неде?
— Атырауға ең алғаш көшіп келген жылдар біз үшін оңайға соқпады. Өйткені, жаңа қоғамның тұрмыс-тіршілігімен араласып кету бірден бола қоятын шаруа емес. Өзбекстанда бәріміз орыс тілінде сөйледік. Өйткені, күнделікті қарым-қатынас тілі орыс тілі болды. Ал, енді қазақ жеріне табан тигізіп, осы елдің ас-суын ішіп отырған соң, сол ұлттың тілін білмеу мен үшін сын. Сол себепті, ең әуелгі кезекте тілді меңгеру үшін бар күш-жігерімді салдым. Осы ретте уақытының тығыздығына қарамастан тіл мен әдебиет бағытында қосымша дәріс берген ұстазым Шолпан Амангелдіқызына алғысым шексіз. Ол 8-сыныптан бастап мені пәндік олимпиадаларға дайындап, білім-білігін аямады. Соның арқасында «Мен қазақша білемін» секілді аймақтық байқауларда талай рет жеңімпаз атандым. Сондай-ақ, Мұқағали Мақатаев оқулары, көркемсөз сайыстарына қатысып, қазақ тіліне деген махаббатым арта түсті.
Мен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының үш тұғырлы тіл саясатын қолдаймын. Қазір қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлеймін. Сол сияқты өзбек, ағылшын тілдері де таңсық емес. Ал, кәріс тілінде таза сөйлей алмағаныммен, тыңдап отырып бәрін де ұға аламын.
— Қазақ пен корей халықтарының өздері ұстанған салт-дәстүрі, наным-сенімі бар. Соның қайсысы жүрегіңе жақын?
— Кәріс ұлтынан болсақ та, өзімізді қазақ деп сезінеміз. Ағайын-тумаларымыздың көбісі Атырауда тұрады, олардың да жүрегі қазақ деп соғады. Корей халқының тұрмыс-салтын күнделікті өмірде көп қолданбаймыз. Одан гөрі қазақы әдет-ғұрыпты берік ұстанамыз. Соның ішінде қандай болмасын бір бастаманың алдында қазақтар сияқты мал сойып, қан шығарамыз.
Одан басқа, орыс халқында «Ата-ана күні» деген бар. Бұл күні балалары қайтыс болған ата-аналарын еске алып, зираттарын аралайды. Бұл дәстүр корей халқында да бар, ол 5 сәуір күні аталып өтеді. Басқа күндері зиратты аралауға тыйым салынған. Бала бір жасқа толғанда кәрістер ұлан-асыр той жасайды. Осы сияқты атаулы күндерді де отбасымызбен бірге ерекше ықыласпен атап өтеміз.
— Жаңа жылдың келгеніне бір айдан астам уақыт өтті, ал корей халқы енді ғана қарсы алғалы жатыр…
— Иә, жаңа жылды ай күнтізбесі бойынша қарсы алатын ұлттардың қатарында кәрістер де бар. Яғни, арнаулы күн белгіленбеген, ол жыл сайын өзгеріп отырады. Демек, корей халқы үшін 2015 жыл әлі келе қойған жоқ. Ол алдымыздағы 19 ақпан күні тойланбақ. Ал, өзіме келер болсам, Қой жылын нағыз күн мен түннің теңелер тұсы – Наурыз мейрамында қарсы алатын боламын.
— Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы. Атыраудағы корей мәдениет орталықтары туралы не айтасың?
— Бізде «Тхониль» этномәдени бірлестігі жұмыс жасайтынын білемін. Былтыр қаламызда Достық үйі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Аталған орталықта түрлі ұлт өкілдері қоян-қолтық араласып, мәдени-көпшілік шараларын ұйымдастырып тұрады. Мен ешбірімізді ақ-қара деп бөлмей, бәрімізге бірдей тең құқық беріп отырған мемлекетіме өз ризашылығымды білдіргім келеді. Тек сол сенімге селкеу түсірмей, болашақта еліміздің дамуына өз үлесімді қосып, қазақ халқының мәдениеті мен рухани саласына зор еңбек сіңіргім келеді.
Сұхбаттасқан
Амандық АБДОЛОВ.