ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ТӘРБИЕНІҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ
Ұлттық тамырдан алшақтамаймыз
Тастанды балалардың, жетімдер мен қарттар үйінің көбеюі, хақ діннің тұнығын лайлаған имансыз қауымның соңынан ерген қаракөздер санының күн санап арта түсуі ұлттық тамырдан алшақтап бара жатқанымызды көрсетеді. Қоғамды жайлаған осынау қасіреттен арылудың бірден-бір жолы, ол – отбасы деп аталатын тамаша институтты нығайту. Осы мәселелерге тоқталған профессор, педагогика ғылымдарының докторы Бақыт Барсай өзгермелі әлемге бейімделген құндылықтардың ғана жаһандану әлеміне төтеп бере алатындығын атап өтті.
Әйелді адамнан гөрі құнсыз мүлікке балауды насихаттап жүрген дінсіздер қауымының түсінігіне ислам қалай қарайды? Ислам шариғатындағы әйел концепциясы тақырыбын қозғаған Атырау облысының бас имамы Батыржан Мансұров ұрпақ өсіріп, оны тәрбиелеген ананың есімі қашанда құрметке лайық екендігін айтты. «Жер бетіне ислам келгенге дейін, әйел баласына түрлі зорлық, қысымшылықтар жасалып келді. Қыз бала дүниеге келсе, оны шімірікпестен тірі күйінде көме салу сынды әрекеттердің кеңінен тарауы сол кездегі қоғамның ластығын көрсетеді. Осындай лас қоғамды тура жолға бастаған ислам әйел атаулының қоғамдағы рөлін асқақтатты, оның адам ретіндегі құқығының қорғалуына жол ашты. Әйел туралы арнайы сүрелер де бар. «Жәннат ананың табанының астында» деген ғибраттың өзі көп нәрседен хабар береді» деп, ұрпақ, ұлт, қоғам тәрбиесінде әйелдердің айрықша маңызға ие екендігіне тоқталды.
Қазақтың салт-санасынан кемеңгерлікті көруге болады
«Жер бетінде жеті миллиард халық болса, сол адамдардың бас бармағы бір-біріне ұқсамайды екен. Осы мәселені кезінде біздің ата-бабаларымыз жақсы білген. Себебі, қолды өзгертуге болғанымен, бас бармақ өзгермейді. Міне, осы бір ғана мысалдан дана халқымыздың кемеңгерлігін көруге болады» деп атап өтті конференция жұмысына арнайы шақыртумен қатысқан Парламент мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы. Депутаттың айтуынша, бүгінде ұмыт болып бара жатқан қазақтың cол кездегі тұрмыс-тіршілігінің өзі тұнып тұрған философия және даналық. «Кезінде ата-бабаларымыз жаз жайлауда, қыс қыстауда, күзде күздікте қоныстанды. Осылайша, әр маусым сайын көшіп-қону арқылы табиғаттың бүлінуіне жол бермей келді. Бүкіл әлемге эталон болатын дара ұлт жоқ. Дегенмен, біз қазақтың өзіндік дара болмысы бар, ұлттық әлеуетін тауыспаған, бергенінен берері көп ел екендігін ұмытпауға тиіспіз» деген мейман әлемнің озық отыз елінің құрамына қазақ ұлты болып енуді ұсынды. «Сол үшін де ұлттық тәрбиені жаңғырту маңызды. Ал, отбасын ұлттық тәрбиенің ұстаханасы десек, ана мен әкенің, әже мен атаның рөлін күшейту керек» деді ол.
Ертегі айтатын әже қайда?
«Тұлға тәрбиелеуде отбасымен бірге, ортаның да, қоғамның да маңызды роль атқаратындығын ұмытпауға тиіспіз» деген Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бибоз Шаяхметов батырлықты, ерлікті насихаттайтын аталар институтын, ертегі айтып, баланы қиял қанатына жетелейтін әжелер институтын дамытуды ұсынды. «Себебі, ұлттық тәрбиені бойына сіңірмеген ұрпақ ұлттық рух туралы әңгіменің мәнісін түсіне де алмайды» деді ол.
Абырой тазалығы, қыздың арлы, ұлдың намысты болып өсуінің маңыздылығына тоқталған «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының басшысы, теолог Қанат Жұмағұл бала санын шектеу, оны жоспарлау, жасанды түсік жасату арқылы шаранадан құтылу сынды қоғамда орын алып жатқан теріс қылықтарды сынға ала отырып, «ұлыңды бөтен үйден тойдырма, қызыңды өзге үйге қондырма» деген қанатты сөздің мағынасына тоқталды. «Мұның астарында ұлды өз шаңырағының ыстық-суығына төзуге, қызды инабатты, ар-намысты болуға баулу даналығы жатыр» деп атап өтті ол.
«Кезінде қазақ ер баланы көп ұйықтатпай, оны жастайынан еңбекке баулыған. Әкесі аң аулауға алып шығып, мергендікке тәрбиелеген. Қыз баланы ананың тіршілігімен таныстырып отыру арқылы, оның болашақ жар, ұрпақ тәрбиелеуші, отбасы шырақшысы екендігін жиі айтып отырған. Жаһандану жағдайында осындай қазақы тәрбиені қайта жаңғырту маңызды» деген Қ. Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж директоры Айжан Қарабаева ұрпақ тәрбиесіндегі келеңсіз мәселелерді осындай жолмен реттеуді ұсынды.
Түйін
Осылайша, отбасы институтының беріктігін қазақтың фольклорымен, терме-жырларымен, ән-күйлерімен, әдебиеті және мәдениетімен, салт-санасымен, ұлттық тәрбиесімен байланыстырған зиялы қауым өкілдері төмендегідей ұсыныстарды ортаға тастады:
— Наурыз мейрамы, Ата Заң, Тілдер мерекесі және Тәуелсіздік күні кездері мектеп қыздарының арасында бесік жырын айтудан, ер балалар арасында күй тартудан жарыстар өткізуді тұрақты қолға алу және жеңімпаздарды лайықты марапаттау;
— Оқушылар арасында терме айту, айтыс өнерлері бойынша сайыс өткізу және осы үрдісті дәстүрлі түрде жалғастыру;
— Қыздар, келіндер жарысын тұрақты өткізу арқылы отбасы құндылықтарын насихаттау;
— Жас ұрпақ арасында отаншылдық рухты қалыптастыру мақсатында орта мектептерде ұлттық тәрбиеге байланысты арнайы пән енгізу;
— Бала тәрбиесінде ата-ананың, тұтас отбасының жауапкершілігін күшейту.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.