ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ
Еліміздегі инновация мәселесінің «Қазақстан – 2050» стратегиясының негізгі басымдылығына айналуын қазіргі заман талабынан туындап отырған жайт деуімізге болады. Өйткені, елімізде технологиялық инновацияның дамуы – мемлекет тарапынан көрсетілген белгілі көмекке қарамастан, экономиканы жаңғырту мен оның бәсекеге қабілеттілігін артырудың көзі бола алмай отыр. Ал, инновациялық рейтингіде Сингапур мен Оңтүстік Корея алдыңғы қатарда, ондықты Финляндия, АҚШ, Жапония және Швеция елдері аяқтайды. Рейтингіде Ресей Федерациясы 49-орын, Қазақстан Республикасы 60-орын алды. Сондықтан да, Елбасы Үкіметімізге ірі міндет жүктеді. «Мен Үкіметке 2016-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустрияландырудың Екінші бесжылдығы жобасы жөнінде бірқатар тапсырмалар бердім. Бізге мұнай-газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек. Мұнай мен газ өндірудің ықтимал сценарийлері бойынша түбегейлі шешімге келу керек. Сирек металдардың ғылыми қамтымды салалары – электроника, лазерлік техника, коммуникациялық және медициналық жабдықтар салалары үшін маңыздылығын ескере отырып, оларды игеру ауқымын ұлғайту қажет» деген Президент индустрияландыру картасының маңыздылығына тағы бір тоқталды.
Инновация алдында тұрған басты мақсат – елдегі ғылым-білім, сондай-ақ өндірістің, бизнес-құрылымдардың өзара байланыстары, интеграциясына негізделген экономика құру болса, осы ретте экономика өсуінің негізгі факторы болуы үшін Жолдауда көрсетілген мемлекеттік дәрежедегі қолдауды ұтымды пайдалану – аса маңызды іс. Өйткені, экономикасы мығым елдердің ұлттану үрдісінің қарқынды жүріп, өз абыройын өзі қорғап, өз намысын құрметтеп, өз туған жұртын әлемге әйгілейтіні – өмір шындығы. Айталық, неміс дегенде ең таза елдің, қытай дегенде еңбекқор елдің, ағылшын дегенде бай, бақуатты елдің бейнесі көз алдымызға келіп жатса, мұның түбінде экономикалық тәуелсіздікпен бірге, саяси-рухани тәуелсіздік те жатыр.
Әлбетте, әлдеқашан дамып, өздерін-өздері қалыптастырып, тіпті әлемге ықпал етуші күшке айналып отырған елдердің инновациялық даму көздері бірлі-жарым өндіріспен шектеліп қалмайды. Олар республика ішінде томаға-тұйық жатқан да жоқ, импорт дайындап, экспортқа шығуда. Елбасының мұны Қазақстан дамуының басым бағыты қатарынан көруі – үлкен даналық. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, дамыған елдерде ауыл шаруашылығы ғылымына жұмсалатын мемлекеттік шығындар жылына 4-6%-ға артып отырса, ғылыми-зерттеу, тәжірибелі-конструкторлық жұмысқа жұмсалатын шығын көлемі жалпы ұлттық өнімнің 2%-дан астамын құрайды екен. Ал, біздің еліміздегі шығын көлемі біршама жылдан бері жалпы ұлттық өнімнің 0,25%-ынан асқан емес. «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл – біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан, бүгінгі фермерлер тек уақытша, әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерге малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс» деген жолдардан Елбасының сарабдал саясатының салмағы тағы көзге түседі. Бұл – қазақы тілмен айтқанда, жұртымызды жұтататын жұтты, яғни дағдарыстың алдын алуға, оны болдырмауға құрылған амал-қарекет. Тәуелсіздіктің тізгінін қолдан бермеу, жат елге жем болмау, келер ұрпақтың жарқын өміріне құрметпен қарап, еркін өмір сүруіне жағдай жасау. Сайып келгенде, мұның барлығы қазақ тағдырына қамқорлық болып табылады. Жолдаудың халық тарапынан қолдау табуы – осы сөзіміздің айғағы. Ғасырлық қасиет – тарихы зор халықтың шаруашылығын құрметтеп, келер дәурен, туар ұрпақты өзінің тарихи санасынан ажыратпауға күш салу деген сөз.
Ғылыми-техникалық прогресс, білім – қазіргі қоғамдағы экономикалық дамудың басты факторы. Олар жаңа тауарлар, сондай-ақ қызметтің пайда болуы іспетті инновациялық экономиканың негізін құрайды.
Елбасы Жолдауында инфрақұрылымдық үштаған негіздері – агломерация, көлік, энергетиканың қарқынды дамуы мәселесіне айрықша көңіл бөлінген. Шағын және орта бизнесті дамыту, оны отбасылық дәстүрге айналдыру жайы да Жолдаудың басты тақырыбына айналған. Жаһандық рейтингіге сәйкес, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз. Кезінде бір ғұлама данышпан «дүниедегі ең жаман ел – қайыршысы көп ел» деген екен. Демек, қайыршылықтан құтылудың жолы – молшылыққа бет бұрудың да жолы. Бизнес саласының жақсы дамуы, ең алдымен, ел мерейі. Сондықтан, қоғам өз санасын заман ағымына лайықтап, қаржылық сауатын көтеріп, бизнес ашуға, өзіндік экономикалық жағдайын дамытуға жұмыстануы керек.
Білімді болу – замана талабы десек, өмірдегі теңдесі жоқ құндылық – жер иесі адамзат, адам капиталы. Әрі-беріден соң, адамның білім алып, сауатын ашуы, адам атына лайық өмір сүруі – күллі жаратылыстан артық етіп, ақыл берген құдіретті Жаратушының алдындағы парызы. Адамның адам алдындағы ақысына адалдық, ғұмырлық ұстанымдарына құрмет – үлкен мәдениеттің жемісі. «Білім елді мәдениетке жеткізеді» деп Х.Досмұхамедов айтпақшы, адамды бұл деңгейге көтеретін – оның білімі.
Екінші жағынан білімнің дипломатиялық та мәні бар. Әрине, қазақтың дарқан даласында бұл – бізден бұрын да қозғалған тақырып. Кезінде заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Ел мен елді, адам мен адамды теңестіретін – білім» десе, дана Абай «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылымы арқылы ғана озбақ. Одан басқа нәрселермен озам демек – ақымақтық», — деді. Осы сөздердің бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында саяси мәнге ие болып, елдік дәрежедегі мұратқа айналғаны – Қазақ елінің мәңгілігінің белгісі. Тәуелсіздігін жариялап, өз алдына ел болып отырған Қазақ елінің ендігі міндеті – көк Туын жықпай, намысына кір келтірмей, өзінің мәңгілік өміріне берік негіз жасау. Сайып келгенде, Жолдаудың түйіні де – осы. «Өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда… Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек» деген Елбасы байтақ еліміздің алдындағы – ортақ жауапкершілігімізді айқындап берді.
Мағжан ақын «ұлт мүшесі – әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, ұлт бақытты болса, адамзат бақытты» деген екен. Ендеше, елімізді бақытқа бастаған Президент Жолдауының қашан да ұлттың ұлы мұратына серпін беретіні ақиқат.
Киікбай ЖАУЛИН,
Атырау инженерлік-гуманитарлық
институтының ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры,
саяси ғылымдарының докторы, профессор.