ҰЛТ МӘДЕНИЕТІНІҢ ҚАЙНАРЫ
Бүгінде белгілі өнер майталмандарының шашбауын көтеріп жүрген мәдениет ордасы бейнелеу өнерінің қарыштап дамуына өз үлесін қосуда. Атап айтар болсам, Құлсары өңірінің тарихи орындары мен табиғат көріністерін суреттеген «Киелі мекен – кең Жылыой» атты облыстық суретшілер көрмесі және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ерліктерің мәңгі есте» атты сурет байқауы ұлт мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосты.
Алдағы уақытта Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай облыстық қылқалам шеберлерінің жиын-көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, биыл қыркүйек айында облысымыздың өнерлі жастары мен жас суретшілеріне қолдау білдіру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Халықтар достығы» байқау-көрмесі өтпек. Мұндағы мақсат – бейнелеу өнерінің мәртебесін көтеру, мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді сақтау болып табылады.
Жергілікті суретшілердің бағалы еңбектері әлемнің әр түкпірінде сақталуда. Солардың қатарында Әділқайыр Жантасовтың «Исатай-Махамбет» атты көлемді тарихи шығармасы Астана, күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының портреті Ресейдің Астрахан, Мұрат Мөңкеұлының портреті Париж қалаларында сақтаулы. Суретші бұған дейін Италияда екі рет шеберлік сыныбын өткізген. Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, халықаралық «Mirca Art Croup» суретшілер бірлестігінің мүшесі Рафаэль Слекенов 2002 жылы шығармашылық сапармен Венеция, Италия елдерінде болды. Автордың жұмыстары шет елдердің жеке көрмелеріне қойылған. Ал, ҚР Дизайнерлер Одағының мүшесі Манарбек Дәулетияровтың туындылары Ресей, Англия, Оңтүстік Кореяның жеке жинақтарында сақталған.
Америкалық суретші Викки Кригер мен австралиялық Стефани Шеппар біздің өнер мұражайында «Көзқарас» атты шығармашылық көрмесін өткізген болатын. Сол сияқты мексикалық Рауль Говео да өзінің халықаралық көрмесін ұйымдастырды. Бейнелеу өнеріндегі әрбір туынды мемлекет тарихынан сыр шертеді. Қазақ елінің сан ғасырлық сүрлеу жолы қылқалам ұшымен әдемі көрініс тапқан. Осылайша келешек ұрпақ түрлі-түсті бояулармен өрнектелген тарих ізін жазбай тани алады. Әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге бай халық мұрасы қашан да ел дамуының бастауы болып қала бермек. Сондықтан, Елбасы да ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге зор көңіл бөліп, халқына үлкен аманат жүктейді.
Жайдарбек ЗАЙДУЛЛИН, облыстық көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейінің басшысы