ҮЛКЕН МІНДЕТ ЖОЛЫНДА
Халық қалаулысы Асхат Бекенов аталмыш стратегиялық құжаттың маңызды ерекшеліктерінің жігін айырып берді.Түпкі мәні халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталғанын жеткізді.
— Жолдауда экономикамызды дамытудың барлық бағыттары, даму жолдары көрсетілген. Сондықтан бар күш-жігерімізді аямай жұмыс жасауымыз қажет. Бұл біздің ортақ парызымыз, басты мақсатымыз болуы тиіс. Дамыған 30 елдің қатарына кіруге қадам жасадық,- деді ол.
Депутат Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында алда бізді үлкен жауапкершілікті жұмыс күтіп тұрғанын, оны лайықты атқару үшін біз әрқашан ұйымшыл болуымыз қажеттігіне назар аударды. Біздің күшіміз бірлікте, бір-бірімізге толерантты болуымыз керектігін ұлтаралық және конфессияаралық ынтымақтастықты сақтауымыз керектігін атап айтты.
Алдағы уақытта елде көп іс атқарылмақ. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуда жеке секторды тарта отырып, мектептердегі және мектепке дейінгі мекемелердегі орындардың жетіспеушілігін қысқарту қолға алынады. Сондай-ақ, арендалық тұрғын үй құрылысын жүргізу тәсілдерін қайта қарастырып, оны делдалдарсыз тікелей және барынша төмен пайыздармен несиеге беру көзделуде. Бұл туралы Жолдауда нақты айтылған.
Жолдаудан алған әсерлерін залда жиналғандармен бөлісе келіп, елімізде жол қатынастарын жақсарту бағытында атқарылар шараларға тоқталды. Бұл ретте магистральды автомобиль, темір жол және әуе жолдары жақсарады. Яғни Батыс Қытай-Батыс Еуропа; Астана-Алматы; Астана- Өскемен; Астана-Ақтөбе-Атырау; Алматы-Өскемен; Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда; Атырау-Астрахан автожолдары салынып, пайдалануға беріледі.
Осы кезеңде Атырау аймағында да талай тың бастамалар қолға алынады. Мұнай-газ өндірісі дамып, ауыл шаруашылығына көңіл бөлінеді, әлеуметтік салада жаңадан мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер салынып, жол саласындағы проблемалар толықтай шешіледі, — деді Асхат Сақыбеденұлы. Сонымен қатар, ол Жолдауда айтылғандай, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымыздың 20 жылдығын атап өту туралы да кеңінен әңгіме қозғады.
Кездесуде жұртшылық тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар берілді. Облыстық онкологиялық аурухананың бас дәрігері Жексенбай Нысанов, облыстық аурухана дәрігері Мейрам Төлешев өз сөздерінде Жолдау үлкен ой салғанын, онда айтылған мәселелер жұртшылықтың жұмыла атсалысуымен шешілетінін, ортақ іске облыстың медицина қызметкерлері де өз үлестерін қосатындарын мәлімдеді.
Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.