Жарнама
Саясат

Көшбасшы әйел қандай болуы керек?

Бүгінде қыз-келіншектерді көшбасшылыққа баулу – заман талабы. Осы мақсатта Аырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия бірқатар жұмыс атқаруда. Соның бірі – «Tomiris» ақпараттық-білім беру бағдарламасы.

«Tomiris» жобасының ашылу салтанатына қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова әйелдердің басқарушылық әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол екенін атап айтты.
– «Tomiris» – соның жарқын дәлелі. Жоба өңірде екінші мәрте жүзеге асып, оған «көшбасшы боламын» деп ниет білдірген 50 қыз-келіншек қатысуда. «Tomiris»-тің мақсаты әйелдерге елдің саяси өміріне белсенді қатысуға мүмкіндік беріп, көшбасшылық дағдыларды үйрету арқылы арулардың басқарушылық әлеуетін жетілдіру болып табылады. Жалпы, республика бойынша көшбасшы әйелдердің мектебі жақсы қалыптасып келеді. Ауылдың өзінде әрбір үшінші әйел кәсібін дөңгелетіп отыр. Олардың арасында тек бизнеспен шектеліп қалмай, өзін жергілікті басқару ісінде де сынап көргісі келіп, «шешім қабылдау деңгейінде болғым келеді» деген ниетпен келген қыз-келіншектер көп. «Әйел бір қолымен – әлемді, екінші қолымен – бесікті тербетеді» дейміз. Расында, түрлі салада ерлермен иық тіресе қызмет етіп жүрген әйелдер қауымы кез-келген проблемада сыни көзқарас пен мейірімділікті тең ұстап, дұрыс шешім қабылдай алады. Ендеше «Tomiris»-те білім нәрімен сусындап, мемлекеттік басқарудағы көшбасшы қыз-келіншектер қатары көбейсін, — деген Гүлнұр Жалғасқызы семинар қатысушыларына сәттілік тіледі.

Былтыр аталған бағдарламаға әртүрлі саладан 50 әйел оқытылса, соның 20 пайызының қоғамдық белсенділігі артқан. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының бас инспекторы Зәмзәгүл Жалмурзинаның айтуынша, облыс бойынша сотта – 79%, құқық қорғау органдарында 22% әйел қызмет етеді. Ал, квазимемлекеттік мекемеде –70%, шағын және орта кәсіпорындарда 25,2% нәзікжанды басшы бар. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің 60%-ын, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің 90%-ын және білім беру саласы қызметкерлерінің 92%-ын әйелдер қауымы құрайды.


–Осы статистикадан байқасаңыздар, барлық қызметте арулардың үлесі басым, бірақ көшбасшылықта жүрген қыз-келіншектердің саны төмен. Сондықтан өкілетті орында әйелдердің қоғамдағы белсенділік деңгейін 30 пайызға көтеру уақыт талабы, — деген Зәмзәгүл Хиданқызы өңірде әйелдер көшбасшылығын дамытуға маңыз берілгенін атап өтті.

Бес күндік оқыту барысында қатысушылар тұлғалық даму, жобаларды басқару, эмоционалды интеллект, коммуникация, көпшілік алдында сөйлеу және тағы басқа да қабілеттерді қамтитын білімді меңгереді.
Айта кетейік, шілде айында «Tomiris» бағдарламасына үміткерлер талаптар бойынша іріктеліп, бес күндік оқуға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Модульдік семинарды өткізу үшін республикадағы ең үздік коуч-тренерлер таңдалды. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының штаттан тыс тренері Бұлбұл Мусиралина «Soft skills» икемді дағдыларын қалыптастырса, саяси бағыттағы тренер Жанар Боқанова «Қазақстан Республикасының саяси және экономикалық реформалары» тақырыбында дәріс оқиды.
Сондай-ақ «Сенімен Болашақ» РҚБ төрайымы Жансая Исмагулова мен тренер Ақан Қайырғалиев жобалық тәсіл, тайм-менеджмент, қаржылық сауаттылықты үйретеді. Ал, телерадиожүргізуші, шешендік өнер бойынша тренер Сәнді Сұлтан келіссөздер жүргізу және көпшілік алдында сөйлеудің қыр-сырымен бөліседі.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button